Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан мен Камбоджа алдағы алты айда қандай келісімдерді іске асырады?

18.10.2026, 22:27 27

Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Камбоджа Премьер-министрі Хун Манеттің келіссөздері өтті. Тараптар сауда, цифрлық технология, туризм және мәдениет салаларындағы байланысты нығайтуға уағдаласты.

17 қазанда Ақордада Камбоджа Корольдігінің Премьер-министрі Хун Манеттің Қазақстанға алғашқы ресми сапары аясында екіжақты келіссөздер өтті. Мемлекет басшылары алдымен шағын, кейін кеңейтілген құрамда кездесіп, экономикалық және саяси ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа үкімет басшысының Қазақстанға алғаш рет келуін тарихи оқиға деп бағалады. Президент екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 32 жыл толғанын атап өтіп, Камбоджаны Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сенімді серіктестерінің бірі ретінде атады.

— Биыл екі ел арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 32 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде мемлекеттеріміз сындарлы саяси диалог жүргізіп, өзара тиімді ынтымақтастықты дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Біздің алдағы қадамдарымыз бүгін қабылдайтын Бірлескен мәлімдемеде көрініс тапқан. Сондай-ақ бірқатар құжатқа қол қоямыз. Қазақстан Камбоджаны Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сенімді серіктесі және АСЕАН ұйымымен ықпалдастықты кеңейтудегі маңызды елдердің бірі ретінде қарастырады, – деді Президент.

Келіссөздерде сауда айналымын ұлғайту, энергетика, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі және өңдеу өнеркәсібіндегі әріптестікті дамыту мәселелері қаралды. Камбоджа тарапы Қазақстанның энергетикалық әлеуетіне қызығушылық танытып, тиісті министрліктер арасында бірлескен жұмысты жандандыруға дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін қарастыруды да ұсынды. Оның айтуынша, Қазақстан азаматтарының Камбоджаға туристік қызығушылығы жоғары. Осыған байланысты көлік қатынасын дамыту мен гуманитарлық байланыстарды кеңейту маңызды.

Кездесудің негізгі бағыттарының бірі цифрлық технология мен жасанды интеллект болды. Қазақстан Президенті еліміздің электронды үкіметті дамыту тәжірибесі мен осы саладағы жетістіктеріне тоқталды. Камбоджа делегациясы Астанадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының жұмысымен танысуға қызығушылық білдірді.

— Сіздің және делегацияңыздың елімізде жасанды интеллектіні дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға қызығушылық танытып отырғандарыңызды білемін. Бүгін Астанадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында Қазақстанның осы салада қол жеткізген табыстарымен және негізгі әзірлемелерімен таныса аласыз. Еліміз БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту индексіне сәйкес, барлық бағытта оң динамика көрсетіп келеді. Ортақ ниет пен берік саяси ерік-жігер болса, өзара мүддемізге сай келетін көптеген бағыт бойынша ынтымақтастық аясын кеңейте алатынымызға сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Хун Манет Қазақстанмен тарихи және гуманитарлық байланыстарға ерекше тоқталды. Оның сөзінше, бұған дейін Камбоджаның 120-дан астам азаматы Қазақстанда білім алған. Қазір олардың арасында мемлекеттік басқару саласында жоғары лауазым атқарып жүрген азаматтар бар.

— Камбоджаның 120-дан аса студенті Қазақстанда білім алды. Бүгінде олардың көбі провинцияларда губернатор, мемлекеттік хатшы лауазымдарында еңбек етуде. Сонымен қатар мемлекеттік органдарда жауапты қызметтер атқарып жүр. Бұл елдерімізді ортақ тарих пен халықтарымыз арасындағы тығыз қарым-қатынас байланыстыратынын аңғартады, – деді Камбоджа Премьер-министрі.

Келіссөздердің қорытындысында Қазақстан мен Камбоджа басшылары Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сондай-ақ екі елдің мемлекеттік органдары арасында алты меморандум алмасылды.

Құжаттар жасанды интеллект пен телекоммуникация, цифрлық үкімет және GovTech, сауда-экономикалық ынтымақтастық, мәдениет пен өнер, туризм салаларын қамтиды. Бұдан бөлек, Астана мен Камбоджаның астанасы Пномпень арасында бауырластық байланыс орнату жөнінде меморандум қабылданды.

Кездесу барысында тараптар халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастыққа да назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджаның Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясындағы Қазақстан бастамаларына қолдау көрсеткенін жоғары бағалады.

Сапар қорытындысында екі мемлекет сауда-саттықты ұлғайтуға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін растады. Қабылданған меморандумдар алдағы уақытта тиісті ведомстволардың нақты ынтымақтастығына негіз болмақ.

Дереккөз: Ақорда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: