Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бірінші сыныпқа құжат қабылдау мерзімі өзгертілді

31.03.2026, 10:00 55

Елімізде бірінші сыныпқа құжат қабылдау процесіне өзгерістер енгізілді. Оқу-ағарту министрлігі өткен жылдардағы тәжірибені зерделей отырып, қабылдау науқанының басталу мерзімін 1 сәуірден 27 мамырға ауыстыру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.


Бұл қадам қабылдау процесін негізгі оқу кезеңінен бөлуге, мектеп әкімшілігіне түсетін жүктемені азайтуға және білім беру сапасын сақтауға мүмкіндік береді.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ата-аналарға жаңа өзгерістер туралы түсіндірді. Оның айтуынша, бұған дейін бірінші сыныпқа құжат қабылдау 1 сәуірден басталып, оқу процесімен қатар жүретін. Осыған байланысты мектеп әкімшілігі, мұғалімдер және ІТ мамандары үшін қосымша жүктеме туындап, кейбір жағдайда қабылдау процесін тиімді ұйымдастыру қиынға соғатын.

«Осындай келеңсіз жайттардың алдын алу мақсатында биыл бірінші сыныпқа құжат қабылдау мерзімі қайта қарастырылды. Енді құжат қабылдау 27 мамырдан басталып, 31 тамызға дейін жалғасады. Бұл ата-аналар үшін де, мектептер үшін де қолайлы болады деп санаймыз», – деді министр.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта құжат қабылдау жүйесі бірнеше мәрте тестілеуден өткізіліп жатыр. Ата-аналар үшін ыңғайлы жағдай жасау мақсатында барлық қажетті тетіктер қарастырылған. Қосымша ақпарат алдағы уақытта жарияланады.

Фото: BAQ.KZ архиві/ Арман Мухатов

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: