Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада «Демалыс» шарасы барысында 298 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды

30.03.2026, 20:28 44

Қызылорда облысында көктемгі демалыс кезінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Демалыс» жедел профилактикалық іс-шарасы өтті. 26-28 наурыз аралығында ұйымдастырылған шараға ішкі істер органдарымен бірге білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, қоғамдық даму салаларының мамандары, жастар ресурстық орталығы мен прокуратура өкілдері қатысқан. Жалпы саны 474 маман жұмылдырылды.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Ердәулет Жаукеев мәлімдеді.

Оның айтуынша, іс-шара күндері кәмелетке толмағандардың қатысуымен қылмыс тіркелмеген. Дегенмен, профилактикалық жұмыстар барысында 298 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.

Атап айтқанда, ата-аналық міндетін тиісінше орындамаған 22 заңды өкіл жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ түнгі уақытта жасөспірімдердің ойын-сауық орындарында болуына жол берген кәсіпкерлерге қатысты да тиісті шаралар қабылданған. Бұдан бөлек, түнгі мезгілде заңды өкілінсіз жүрген 260 жасөспірім бойынша олардың ата-аналарына әкімшілік хаттамалар рәсімделді. Ал бала тәрбиесіне салғырт қараған 13 ата-ана профилактикалық есепке алынған.

Ердәулет Жаукеев жасөспірімдерге қарсы жасалатын құқықбұзушылықтар мен олардың қауіпсіздігі қоғам назарынан тыс қалмауы тиіс екенін айтты.

«Әрбір ата-ана баласының қауіпсіздігіне тікелей жауапты екенін ұмытпауы керек. Бала тәрбиесі тек мектептің немесе құқық қорғау органдарының міндеті емес. Ең алдымен бұл – отбасының жауапкершілігі», – деді ол.

Спикердің сөзінше, заң мен тәртіп мәселесі әр шаңырақтан басталады. Сондықтан ата-аналар баласының бос уақытын бақылап, оның кіммен араласатынына, қайда жүретініне және күнделікті қауіпсіздігіне бейжай қарамауы қажет.

Мамандардың пайымынша, жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру, заңға құрметпен қарауға баулу және отбасындағы бақылауды күшейту – қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіпті сақтаудың маңызды тетігі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: