Таяу Шығыстағы жағдай ушыққан сайын әлемдік нарықтың да мазасы қашып тұр. Дүмпудің демі басыла ма деген сайын, ахуал қайта ширығып, мұнайдың да, алтынның да бағасы құбыла бастады. Вашингтон бір жағынан қақтығысты тоқтатудың жолын ұсынса, Тегеран оған бірден келісе қойған жоқ. Соның салдарынан халықаралық нарық тағы да қымбатшылық кезеңіне кірді. Reuters агенттінің жазбасында Иран АҚШ ұсынған жоспарды қарап жатқанын мәлімдегенімен, нақты келіссөз басталмағаны айтылды. Дәл осы жайт қаржы әлеміне «тыныштық жақын емес» деген ишара болып тиді. Мұндайда нарықтың мінезі белгілі. Әлемдегі ірі жанжал мұнай жүретін өңірге таяп қалса, саудагер де, инвестор да, өндіріс иесі де алаңдай бастайды. Өйткені Таяу Шығыс – жер жаһанның мұнай қазаны. Бұл аймақтағы әрбір жарылыс, әрбір қатаң мәлімдеме, әрбір тұйыққа тірелген келіссөз бірден бағаға әсер етеді. Бірер күн бұрын Reuters мұнай бағасының бір мезет төмен түскенін, артынша қайта өсе бастағанын жазды. Яғни нарық біресе «соғыс басылар» деп үміттенеді, біресе «бұл іс әлі ушығады» деп сескенеді. Осындай екіұдай көңіл күй мұнай мен алтынның бағасын тұрақты арнаға түсірмей тұр.
МҰНАЙ мен АЛТЫННЫҢ «АСЫҒЫ АЛШЫСЫНАН» ТҮСПЕДІ
Мұнай бағасының өсу себебін алысқа бармай-ақ түсіндіруге болады. Егер Парсы шығанағындағы елдерден мұнай шығару қиындаса, теңіз жолдарына қатер төнсе немесе экспорт уақытша тежелсе, әлемдік нарықта мұнай азаяды. Ал сұраныс сол күйі сақталады. Баға содан көтеріледі. Reuters ақпарат агенттігінің дерегінде Brent мұнайы 109 доллардан асып, америкалық WTI сапалы «қара алтын» 97 доллардан жоғарылағаны көрсетілген. Бұған дейін де баға 100 доллардан асқанын Reuters бірнеше материалында атап өтті. Мұнай нарығы үшін жаһандық экономикаға қысым түсіп жатыр десек артық емес. Қарапайым жұрт үшін бұл жанармайдың, тасымалдың, кейін азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауардың қымбаттауына апаратынын да атап өткеніміз жөн.
Сарапшылар да осыны меңзейді. Reuters-ке пікір білдірген мұнай нарығы мамандары мен трейдерлердің пайымынша, қазір бағаға әсер етіп тұрған басты күш – соғыстың өзі ғана емес, оның энергетикалық инфрақұрылымға тигізген соққысы. Иранға, Катарға, өзге де нысандарға жасалған шабуылдар мұнай мен газ ағынының болашағына күмән туғызды. Халықаралық энергетика агенттігі де жөндеу жұмыстары бірнеше айға созылуы мүмкін екенін ескерткен. Осыдан келіп, «нарық бүгінгі жағдайға емес, ертең тағы не болады?» деген қауіпке бәс тігіп отыр.
Алтынға келсек, мұнда да жағдай түсінікті. Жұрт аласапыран кезде ақшасын қауіпсіз дүниеге сақтағысы келеді. Соғыс өрті күшейсе, ірі елдер бір-біріне қатаң сөз айтса, биржадағы тәуекел өссе, инвесторлардың бір бөлігі алтынға қарай ойысады. Reuters мақаласында алтын бағасы күні кеше сәл төмендегенімен, оған дейін екі күн қатарынан өскені, ал инвесторлар Таяу Шығыстағы жағдайға қарай қадам жасап отырғанын оқыдық. Мұның өзі алтынның мазасыз шақта «сенімді серік» екенін аңғартса керек-ті. Бұған дейін айтқанымыздай, алтынның қымбат болуы тек соғысқа емес, орталық банктердің келесі әрекетіне де байланысты. Егер мұнай мен газ қымбаттаса, инфляция өрши түседі. Инфляция күшейсе, АҚШ Федералдық резерв жүйесі, Еуропа орталық банкі секілді ірі қаржы институттары пайыздық мөлшерлемені төмендетуге асықпайды. Reuters дәл осы ахуалға байланысты нарықтың биыл АҚШ-та мөлшерлеме түседі деген үмітін әлсіреткенін жазды. Қаржы тілімен айтқанда, алтын бір сәтте екі қызмет атқарып отыр, бір жағынан, қорғаныш құралы, екінші жағынан, инфляциядан сақтанудың амалы.
ТАЯУ ШЫҒЫСТАҒЫ ОТТЫҢ ТҮТІНІ ЕУРОПАҒА ДА ЖЕТТІ
Бұл құбылыс тек мұнай өндіруші елдерге ғана әсер етіп отырған жоқ. Reuters-тің материалында Еуропаның қор нарығы соңғы үш айда ең төмен деңгейге түскені айтылды. Себебі Еуропа орталық банкі Таяу Шығыстағы соғыс инфляцияны қайта өршітуі мүмкін екенін ашық мойындады. Еуропа үшін энергия бағасының өсуі – ескі жараның қайта ашылуы секілді. Бұған дейін Ресеймен арадағы энергетикалық дағдарыстан енді-енді ес жиып келе жатқан елдер үшін мұнай мен газдың жаңа толқыны оңай тимейді. Сарапшылардың айтуынша, егер энергия құны тағы ұзақ уақыт жоғары тұрса, Еуропада несие де қымбаттайды, өндіріс те баяулайды, халықтың қалтасына түсетін салмақ та артады.
Осы тұста бір жайтқа назар аударған жөн. Әдетте соғыс туралы хабарды жұрт саясат жаңалығы деп қабылдайды. Бірақ қазір мұнай қымбаттаса, тасымал құны өсетінін де білу керек. Тасымал қымбаттаса, азық-түлік пен киім-кешектен бастап құрылыс материалына дейін әсер етеді. Ал алтынның қымбаттауы қаржы әлеміндегі әбігердің әлі басылмағанын аңғартады.
«ОРМУЗ БҰҒАЗЫНА ҚЫСЫМ ЖАСАУ – «ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРРОРИЗМ»
Таяу Шығыстағы ахуалды сөз еткенде Ормуз бұғазын айтпай кету мүмкін емес. Reuters осы соғысқа байланысты жариялаған бірнеше материалында әлемдік мұнай мен сұйытылған газдың шамамен бестен бірі осы өткел арқылы өтетінін еске салды. Егер сол жолда кідіріс болса, нарықтың жүйкесі бірден сыр береді. Тіпті теңіз сақтандыруы қымбаттауының өзі бағаға әсер етеді. Кеме иелері тәуекелді есептейді, сақтандыру компаниялары құн қосады, ал оның соңы мұнайдың түпкі бағасына барып қосылады. Қарап тұрсаңыз, бір бұғаздағы қауіптің ар жағында жер жүзінің отын бағасы тұр.
Reuters 24 наурызда Кувейт мұнай компаниясының басшысы Иранды «әлем экономикасын тұтқында ұстап отыр» деп бағалағанын хабарлады. 26 наурызда ADNOC жетекшісі Ормузға қысым жасауды «экономикалық терроризм» деп атады. Мұнай жолы бөгелсе, оның зардабы мұнай экспорттайтын елдерге ғана емес, мұнайды сатып алып күн көріп отырған жүздеген миллион адамға тиеді.
Бұл арада табиғи газ мәселесін де атап өткен жөн. Халықаралық энергетика агенттігі 2026 жылы әлемдік LNG ұсынысы 7 пайыздан астам өсіп, нарық біршама кеңірек тыныстайды деп болжаған еді. Алайда соғыс бұл есептің де өңін өзгертіп отыр. Reuters-тің жуырда шыққан материалдарында Иранмен байланысты шабуылдар Катардағы газ нысандарына соққы беріп, жеткізілімге үлкен қатер төндіргені айтылды. Катар – Азия үшін аса маңызды газ жеткізуші. Егер сол жақтағы ағын әлсіресе, оның кесірі Жапонияға да, Қытайға да, Үндістанға да тиеді. Газ қымбаттаса, электр қуаты да, өндіріс шығыны да қымбаттайды. Сөйтіп мұнай мен алтынға қатысты әңгіме бірте-бірте бүкіл энергетикалық жүйенің әңгімесіне айналады. Осыған байланысты бірқатар сарапшы жаңалық барын айтады. Бұрын нарық Таяу Шығыстағы дүрбелеңге уақытша құбылыс ретінде қарайтын. Енді «ірі ойыншылар» энергияны қайдан, қандай жолмен, қанша тәуекелмен алатынын жаңадан есептей бастады. Reuters-тің шолуларында Парсы шығанағындағы елдер Ормузды айналып өтетін бағыттарды күшейтуге тырысып жатқаны, ал импорттаушы елдер жеткізілімді әртараптандыруға көбірек мән бере бастағаны көрсетілген. Демек, қазіргі соғыс бағаны ғана өзгертпей, ертеңгі энергетикалық картаны да өзгертуі мүмкін.
ОҚЫРМАНҒА МҰНЫҢ ҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ БАР?
Көп адам халықаралық биржадағы бағаның өз тұрмысына қандай қатысы барын бірден аңғара бермейді. Шын мәнінде айтылған ақпараттың қазіргі тұрмыс-тіршілікке қатысы бар. Мұнайдың қымбаттауы тасымал шығынын өсіреді. Тасымал шығыны артса, дүкен сөресіндегі тауардың бағасы да жайлап жоғарылайды. Алтынның қымбаттауы қаржы жүйесіндегі жүгенсіздік барын білдіреді. Инвестор тәуекелден қашса, ақша айналымы баяулайды, несие саясаты да қатаңдайды. Яғни Тегеран мен Вашингтон арасындағы текетірес бір қарағанда алыстағы дау сияқты көрінгенімен, оның дүмпуі дүниежүзіндегі тіршілікке тиеді. Сол үшін жаһан жағдайын білген жөн.
Түйін біреу. Таяу Шығыстағы соғыс енді мұнайдың бағасымен, алтынның қадірімен, халықтың тұрмыс шығынымен өлшенетін кезеңге жетті. Ол кезеңнің соңы қалай аяқталатыны белгісіз. Бәлкім бәрі орнына келер немесе басқаша. Құдай бетін әрі қылсын, бірақ қазіргі қымбатшылық қамыты қысқан кезеңде арзаншылықты аңсау ғана емес, соғыс өртін тұтатпау деген мәселе алаңдатуы тиіс. Бәріне уақыт емші.
Е.СӘРСЕНҰЛЫ.
Коллажды жасаған автор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!