Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ күресінен республикалық турнир басталды

25.03.2026, 18:40 60

HALYQLINE.KZ

Бүгін Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевты еске алуға арналған республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Турнирдің ашылуына облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Ергешов, облыстық ішкі істер органдары мен Ұлттық Ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Әмірбек Шаймағанбетов және Талғат Қозыбаевтың отбасы арнайы қатысты.

Аудан басшысы бейбіт күннің батыры Талғат Қозыбаевтың өнегелі өмірі мен ерлігін атап өтіп, республикалық турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Халық даналығында «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» деген нақыл бар. Қызмет бабында қайсарлықпен қаза тапқан батыр ұлымыз, полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевтың есімі әркез жаңғырып тұрады. Өйткені, өз антына адал болған перзенттерін ел ешқашан ұмытпайды.Талғат Есентайұлы аудан орталығындағы №131 орта мектепте білім алып, Қарағанды қаласында заң факультетінде жоғары білім меңгерген. Болашағын құқық қорғау саласымен байланыстырған азамат ел тыныштығы жолында қызмет етіп, антына адал болды. Бейбіт күннің батыры Талғат Есентайұлы небәрі 25 жасында қылмыскердің қолынан қаза тапты. Ел тыныштығын қорғаудағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Оның ержүректігі мен табандылығы, азаматтығы өскелең ұрпаққа өшпес үлгі-өнеге етілуде. Өзі қайтыс болған Тартоғай елді мекенінде және өзі туып-өскен О.Мәлібаев мөлтек ауданындағы көшелерге батыр ұлдың есімі берілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен өзі оқыған орта мектеп Талғат Қозыбаевтың есімімен аталады.

Жыл сайын батыр ұлды еске алуға арналған казақ күресінен республикалық турнир өткізіліп келеді. Бұл турнир – тек спорттық дода ғана емес, батырларымыздың рухына тағзым, оның есімін ұрпақ жадында мәңгі қалдыру жолындағы игі іс-шара, — деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Сонымен қатар, облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Ергешов, облыстық ішкі істер органдары мен Ұлттық Ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Әмірбек Шаймағанбетов және батыр ұлдың әкесі Есентай Қозыбаев сөз сөйлеп, турнирдің мән-маңызына тоқталып, өтуіне атсалысқан азаматтарға алғыстарын білдірді. Арнайы «Алғыс хаттар» табыс етті.

Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық жас балуан қатысып, өз шеберліктерін көрсетуде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: