Бүгін Қармақшы ауданында «Аналарды ардақтайық» жобасы аясында жоғары дәрежелі ұстаз, тыл ардагері Ақбалыш Жалғасованы еске алуға арналған дәстүрлі «Ұстаз-Ана» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Тағылымы мол іс-шара алдымен «Анаға тағзым» ескерткішінде басталып, оған арнайы Қармақшы ауданының құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Рзақұл Нұртаев, облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай және аудан әкімі Жандос Еркінбек қатысты. Жиналған көпшілік ескерткішке гүл шоқтарын қойып, аяулы аналардың рухына құрмет көрсетті. Сондай-ақ ананың ұлылығын дәріптеген әсерлі өлеңдер мен жырлар оқылды.
Мұнан кейін тағылымды кеш аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Рухани кешке облыстың әр өңірінен келген 21 ақын қатысып, бақ сынады.
Жыр додасына жиналған көрермендер алдында облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай сөз сөйлеп, облыс әкімінің арнайы құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар іс-шара барысында ақындар туындыларын көпшілікке паш етіп, Сыр елінің рухани мұрасын дәріптеді.
Мүшәйра қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, қазылар алқасының шешімімен аудан әкімі Жандос Еркінбек үздіктерді арнайы марапаттады.
Айта кетсек, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаз-ананың өнегелі өмірін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған бұл тағылымды іс-шара 7 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!