Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Газ саласында 25 жаңа перспективалы учаске геологиялық барлауға енгізіледі

04.03.2026, 10:25 58

Қазақстанда табиғи газ қорын ұлғайту және энергетикалық қауіпсіздікті күшейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Энергетика министрлігі «QazaqGaz» ҰК» АҚ-мен бірлесіп кешенді геологиялық барлау бағдарламасын іске асыруда. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі хабарлады.

Бағдарлама аясында саланың шикізаттық базасын нығайтуға басымдық берілуде. Өткен жылы ұлттық компания Малдыбай, Шалқар, Аққұдық, Солтүстік-2 және Саралжын учаскелері бойынша жер қойнауын пайдалану жөнінде бес келісімшартқа қол қойды. Оның ішінде үш жобаға стратегиялық серіктестер тартылса, екі учаскедегі жұмыстар компанияның бейінді еншілес ұйымдарының күшімен жүргізілуде. Халықаралық ынтымақтастық та кеңейіп келеді. CNPC компаниясымен келісімге қол қойылып, тікелей келіссөздер кезеңі аяқталды.

Қазіргі уақытта Солтүстік-1 учаскесі бойынша келісімшарт жасау күтілуде. Сонымен қатар Eni компаниясымен Каменковский учаскесінде бірлескен зерттеу жұмыстары басталды. Chevron корпорациясымен әріптестік аясында КТ-III учаскесіндегі 3D-сейсмобарлау деректерін интерпретациялау жұмыстары аяқталып, жоба экономикалық бағалау кезеңіне өтті. Бұдан бөлек, негізгі магистральдық газ құбырлары бойында жаңа жерасты газ қоймаларын салу бойынша кешенді есеп әзірленді.

Бұл елдің энергетикалық тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді. 2026 жылы Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына 25 жаңа перспективалы учаскені енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ іздестіру жұмыстарының географиясы кеңейіп, Орталық Каспий маңы, Теңіз және Шу–Сарысу бассейндерінде геологиялық зерттеулер жүргізу көзделген. Балқаш шөгінді бассейнінің әлеуеті де егжей-тегжейлі талданып, алдағы барлау бағдарламалары нақтылануда. Газ саласындағы бұл бастамалар еліміздің ресурстық әлеуетін арттырып, энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: