Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан армиясында жауынгерлік даярлық жүйесі жаңарады

02.03.2026, 10:15 96

Қазақстан Қарулы Күштерінде әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығына қойылатын талаптар қайта қаралып, оқу жүйесіне жаңа тәсілдер енгізілмек. Бұл туралы Kazinform агенттігі хабарлады.

Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Қарулы Күштер басшылығының қызметтік кеңесі қорытындысы бойынша даярлық жүйесін жетілдіру, оқу процесінің практикалық бағытын күшейту және бөлімдердің дайындық деңгейін бағалаудың бірыңғай өлшемдерін енгізу жөнінде тапсырма берді.

Ұлттық қорғаныс университетінде өткен жиын армияның жауынгерлік даярлық жүйесін жетілдіруге арналды. Қорғаныс ведомствосының басшысы барлық деңгейдегі командирлердің жеке жауапкершілігін арттыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, әскери оқыту нақты практикалық міндеттерді орындауға бағытталуы тиіс. Кеңес барысында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубакировтың жетекшілігімен десанттық-шабуылдау әскерлеріне жүргізілген кенеттен тексеру нәтижелері, сондай-ақ басқару органдары мен әскери бөлімдерді жоғары жауынгерлік дайындық деңгейіне келтіру мәселелері қаралды. Әскер түрлері мен тектерінің қолбасшылары жылдық цикл бойынша жауынгерлік даярлық жоспарларын таныстырды. Талқылау кезінде бірыңғай атыс курсын енгізу, жауынгерлік даярлық нормативтерін жаңарту, әскери қызметшілердің дене дайындығын дамыту, көпдеңгейлі оқу орталықтарын құру және барлау бөлімшелерінің құрылымын жетілдіру бағыттары қозғалды. Жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайына да ерекше назар аударылды. Бұл бағыттағы заманауи тәсілдер мен «Пирамида», «Напарник» және «Жауынгерлік дос» автоматтандырылған жүйелерінің жұмысы туралы Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тлеухан Басқожаев баяндады.

Кеңес қорытындысы бойынша резервтегі офицерлерді даярлау жүйесін жаңғырту, резерв, барлау, тыл және медициналық қызмет бөлімдерінің оқу бағдарламаларын жетілдіру, сондай-ақ бөлімдердің жауынгерлік дайындық деңгейін объективті бағалау үшін бірыңғай рейтинг қалыптастыру тапсырылды. Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Қарулы Күштерінде Sarbaz+ жобасы іске қосылған болатын.

Фото: ҚР ҚМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: