Биыл қара сөздің қаймағын қалқып, сұлу сөзден өрнек өрген ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл. Мерейлі күнді елеусіз қалдырмаған ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің қызметкерлері қуатты қалам иесінің өлеңдерін оқыды. Руханиятқа шөліркеген жан үшін Мұқағали мұрасы таптырмас мүмкіндік. Түрлі тақырыпта қалам тербеген оның тырнақалды туындылары өз оқырманын әлдеқашан тауып үлгерген. Бұл ретте, мекеме қызметкерлері жанына жақын шумақтарын оқып, кемеңгердің кемел ойын дәріптеді.
Яғни, мекеменің жеке құраммен жұмыс жөніндегі тобының аға инспекторы әділет капитаны Динара Шахи “Ей, өмір” өлеңінің мәнін мәнерімен үйлестірді. Ал, “Үш бақытым” өлеңін мекеменің режим және күзет бөлімінің бақылаушысы әділет старшинасы Қамбар Қуатов бастап, режим және күзет бөлімінің бақылаушысы әділет қатарындағы Бекнұр Гажданбек қостап, режим және күзет бөлімінің бақылаушысы әділет кіші сержанты Али Сәбит жалғай түсті. Халық, Тіл, Отан турасындағы отты өлеңді таңдағандарына қоғам қамы һәм ел тыныштығын сақтаудағы күрделі салада еңбек етіп жүргендігі себеп деп білеміз.
Ақынның сынаққа сынып қалмай, еңсені тіктеуге жігер беретін “Шыда, шыда” өлеңі көпке таныс. Мекеменің режим және күзет бөлімінің бақылаушысы әділет кіші сержанты Ерхан Мырзалының айтуынша, төзім мен сабыр – адамның айнымас серігі әрі кәсіби қасиет. Сондықтан, ол осы бір терең шумақты оқырманға жеткізді.
Замира Қонысжан,
№68 мекемесінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!