Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада инвестициялық жобаларды жетілдіру мәселелері талқыланды

02.02.2026, 20:13 33

Қызылорда облысында өңірлік инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясы департамент директорының орынбасары Марат Есенов, сондай-ақ Бас прокуратура өкілдері бейнебайланыс арқылы қатысты.

Отырыста өңірге инвестиция тарту, ірі жобаларды сүйемелдеу және инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытындағы өзекті мәселелер қаралды. Селекторлық режимде қала-аудан әкімдері, құқық қорғау органдарының басшылары, салалық басқарма жетекшілері мен бизнес қауымдастық өкілдері де қатысып, ұсыныстарын ортаға салды.

Аймақ басшысы инвестициялық саясаттың елдегі ауқымды реформалармен тікелей байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, адам құқықтарын күшейту және заң үстемдігін қамтамасыз ету – инвестициялық ахуалдың басты тірегі.

– Конституциялық негіздің нығаюы инвесторлар үшін ең маңызды факторлардың бірі. Құқықтық тұрақтылық пен болжамдылық болмаса, ұзақ мерзімді инвестиция келмейді. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қосылған құны жоғары, сапалы инвестиция тартуға басымдық беруіміз керек, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жиында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров инвестиция тартудың жаңа тетіктеріне тоқталса, Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Ризат Смағұлов Инвестициялық омбудсмен институтының рөлі туралы баяндады.

Инвесторлар құқығын қорғау бағытында Қызылорда облысында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде облыс прокуроры Ризабек Ожаров мәлімдесе, өңірдің инвестициялық әлеуеті мен алдағы жобалар туралы облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев баяндама жасады.

Ресми дерекке сәйкес, өткен жылдың қорытындысында облысқа 774,4 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 10,6 пайызды құраған. Жоспар 22,7 пайызға артығымен орындалып, Қызылорда өңірі республика бойынша алдыңғы қатарға шыққан. Инвестицияның 72 пайызы – жеке сектор үлесінде. Тоғыз айдың ішінде тікелей шетелдік инвестиция көлемі 205 млн АҚШ долларынан асып, 19,1 пайыз өсім көрсеткен.

Өткен жылы 300 млрд теңгеден астам қаржыға 27 жоба іске қосылса, алдағы 2026–2029 жылдары аймақта жалпы құны 1,9 трлн теңгені құрайтын 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 10 308 жаңа жұмыс орны ашылады. Биылдың өзінде 100 млрд теңгеге 21 жобаны іске қосу көзделіп отыр.

Жиын соңында облыс әкімі жауапты сала басшыларына инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді күшейту, кедергілерді жедел шешу және инвесторлармен кері байланысты нығайту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: