БҮГІНГІ САТИРА
Ойбу-у, жаман уайымшылмын ғой. Бір күні мұртым өспей қалды. Кеше ғана қырынған едім. Бір апта бойы айнадан көргенім сол, көсемін. Мұрнымның астында мұз жатыр ма, деп сипап қойып, емханаға келдім. Терапевтке кіріп:
– Бір апта болды, мұртым жоғалып кетті, — дедім.
– Полицияға арыз беріңіз, — деді сары әйел сарғайып.
– Кешіріңіз, мұртым өспей қалды. Бұл әлдебір аурудың белгісі емес пе екен?
– Бізде лор, хирургия кабинеттері бар. Бірақ мұрт кабинеті жоқ еді.
– Бір күні, мұрт орнына шөп өсіп кетсе ше?
– Жасыл мұрт атанасыз.
– Жоқ, мені бір дәрігерге жіберіңіз, олай болмаса, уайымнан өліп кетуім мүмкін.
Ол мені УЗИ-ге жіберді. Ондағы келіншек жатқызып қойып:
– Бала көтергеніңізге қанша ай болды? — деп сұрап тұр. Ал менің жүрегім жылап тұр.
– Баласы несі? — деппін.
– Ой, кешіріңіз, әйелден аумайды екенсіз… Не мәселе?
– Мұртым «өліп» қалды.
– Арты қайырлы болсын!
– Өспейді.
– Қайта жақсы емс пе? Елде қымбатшлық! Үкімет «арзанның сорпасы татымайды» деген реформа жүргізіп жатқандай. Қырғы базарда ұстара қанша тұрады?
– Сапалысы екі мың теңге.
– Міне көрдіңіз бе, өте қымбат! Қайта қуаныңыз! Бір айда он мың теңге үнемдедіңіз!
Үйге келіп, әйеліммен бірге шай ішіп болған соң шалқамнан түсіп, ұялы телефонымды ашып қарасам… Мәссаған! Коммуналдық тарифтер тізімінде «Баспалдақ» деген жазу тұр! Сөйтсем, бұл деген баспалдақпен көтерілгеніміздің ақысы екен. Бір фирма осындай қулық ойлап тауыпты! Әр пәтерден 500 теңгеден жиналғанда, Шымкент қаласы бойынша-а… Мәссаған! «Есік» деген тариф шықты! Подъезд есігінен кіргеніміз үшін 600 теңге төлеу керек ай сайын! Енді терезеден кіретін шығармыз! Домофонның өзіне төлемей жүрмін. Заңсыз ғой! Бір рет орнатып кетті, ал ай сайын не үшін төлейміз? Домофоннан газ, су, электр пайдаланамыз ба? Ол жай зат қой! Мәссаған! «Тротуар» деген тариф келді. Тротуармен жүретініміз үшін ай сайын 1200 теңге! Құдайым-ау, әйелімнен бұрын қымбатшылық қойнымызда жатқанда, мынау не сұмдық? Біздің шенеуніктер халықтан қалай қырнап, тырнап жеуді біледі ә? Ойбай, мұртым өсіп кетіпті!
Мұхтар ШЕРІМ
Фото: anekdot.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!