Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әйел әкім болу қиын

14.11.2024, 10:20 2018

Нұржамал  ТҰРСЫНБАЕВА:

Әдетте, әйелдер туралы айтқанда кәсіпкерлерді тізбектейміз ғой. Бірақ, мойнына мың батпан жүкті артатын мемлекеттік қызметтегі нәзікжандыларға мән бермейміз. Соның ішінде, шаңырағының ғана емес, тұтас ауылдың түтінін түзу ұшырып отырған әйел әкімдер бар. Осы ретте, Қармақшы ауданы Ақжар ауылының әкімі Нұржамал Тұрсынбаевамен әңгімелесуді жөн көрдік.

ӘКІМДЕРДІ  ДЕ  ПРЕЗИДЕНТ  СИЯҚТЫ  7  ЖЫЛҒА САЙЛАУ  КЕРЕК

– Әйелдердің жетекші қызметке келуіне айтылатын пікір сан қилы. Бірі қолдайды. Ал, әйелдің орны – ошақ қасы деп түсінетіндер мұны қалыпсыз санайды. Бүгінде бүтін бір ауылды басқарып отырсыз. Айтыңызшы, әйел әкім болудың ерекше қыры  қандай? Қиындығы   неде?

– Меніңше, ХХІ  ғасырда  еркек  басшы  немесе  әйел  басшы  деген  қасаң  қағида, көзқарас қалыптаспау  керек. Кімнің интелектісі, ой-өрісі, ұйымдастырушылық қабілеті жетеді, сол  басшы  болуға  лайық. Әрине, ошақ  қасында отырып, бала тәрбиесіне мән беру де маңызды. Бала, немере, шөбере – жалғасқан ұрпақ. Ендеше, ұрпақты да, ұлтты да тәрбиелей­тін – әйел. Соған қарамастан, тірлігін тындырымды  етіп  отырса,  бәріне  үлгеруге  әбден  болады.

Әйел әкім болу қиын. Егер, қызметіңді жіті түсінбей, халық аманатын сезінбей, мақсат тек 8 сағат жұмысқа келіп, айлық алу болса, онда оңай. Ал, 24 сағат, 365 күн аманатты арқалау, оны абыроймен атқару жеңіл іс емес. Қазір Ақжар ауылында 1784 адам бар. Демек, өз отбасымды ғана емес, тұтас ауылдағы  әр тұрғынның қамын ойлауым керек. Әкім болғаннан  кейін жоқ-жітігін түгендеп, тынымсыз еңбек ету – парыз. Негізі бұл ауылдың тумасы емеспін, келінімін. Сонда да жатсынбаймын, жүрегіме жақын әрі сүйіспеншілігім жо­ғары. Ақжар ауылының ажарын айшықтап, барлығына таныт­қым  келеді. Бұл жолда қолымнан келгенше аянып  қалмаймын.

– Әрине, саясат сахнасында білектің емес білімнің бәсі жоғары болады. Оның үстіне, әкімдікте басшылар жиі ауысады. Содан кейінгі кемшілікті түзеп, жетістікті арттыруға қанша уақыт керек? Қанша дегенмен «бұл – маған дейінгі іс» деу жаңа әкімді ақтап ала алмайды ғой… Сонымен, Ақжардың бүгінгі келбеті  қандай?

– Иә, менен де бұрын әкімдер болған, менен кейін де бола­ды. Басшының әсері немесе сенен бұрынғы азаматтардың ісі деп қарауға болмайды. Бастысы, жауапкершілік жүгін көтеріп, жұмысқа құлшына кіріскен жөн. Жалпы, ауыл әкімі «қолымда не тұр?» деп емес, «мен не істей аламын?» деп ойлануы тиіс. Себебі, істің тетігі ізденгенге ғана табылады. Құр отыра  берсең, оның  жауабы да,  шешімі  де  жоқ  деген  сөз.

Ауыл жайына тоқталсам. Мұнда әкім болғаныма 4 жылдан асады. Алғаш келгенімде ауыл кіреберісі мен іргесі жыңғыл, шеңгел басып тұрған ну орман-тұғын. Сол кезде айналаны жасыл желекке айналдырамын деп, өзіме мақсат қойдым. Осылайша, «Ақжар» шаруа қожалығының демеушілігімен 1,5 гектар жерді ашып, жасыл желек ектік. Сондай-ақ, ауылдың кіреберісіне «Ақжар» атауын қойдық. Дәрігерлік амбулатория да салынды. Негізі ол кезекпен беріледі ғой, бірақ, онда жоқ екенбіз. Денсаулық сақтау саласында жұмыс істегенімді білдіріп, басшыларға барып, олардың қолдауымен кезек күтпей салдырдық. Өткен жылы аймақ басшысының қатысуымен ашылды. Ауылдағы 1977 жылы салынған мектеп күрделі жөндеу­ден өтсе, 1986 жылы салынған балабақша «Ораз ахун ЛТД»  серіктестігінің көмегімен жаңарды. Балаларға арналған ойын алаңын салу да назардан тыс қалмай, қуаныш сыйладық. Бұдан бөлек, ауылдың орталық көшесін кеңіттік. Ал, бастысы – 4 көшеге асфальттің төселуі. Соның ішінде Абай Құнанбайұлы атындағы топырақты көшеге жаңа құрылыстың  жүргізілгенін ерекше атап өтуге болады. Бұл жобаны қорғап, жаңа құрылыс үшін 2 жыл қақпаған есігім, бармаған жерім жоқ. Аудан мен облысқа да жүгірдім. Депутат, сенаторларға да хат жаздым. Соның нәтижесінде, былтыр жоба қолдау тауып, биыл 1,7 шақырым болатын көшеге асфальт төселді. Саябақтың да келбетін жаңарттық. Атқарылған ауқымды іс баршылық. Тек іскерлік пен сөзіңнің өтімділігі  үйлесіп тұруы  тиіс. Сонда  демеушілер  де  сенім артып,  бітімге  келу  оңай  болады.

Өзім қолға алған тағы бір жоба бар. 2020  жылы әкім болып келгенде, ауылда 548 бас жылқы болған. Сөйтіп, көкпар клубын ашып, көкпаршылар дайындауға кірістік. Қазіргі таңда ауылда жылқы саны 2000-ға артты. Баланың бәрі тай мінеді. Жақында  жарысқа Тереңөзекке де барып келді. Бір жағынан жылқы  санын  көбейтсек,  екіншіден, ат  спорты  дамыды.

Пайымдасақ, бір әкім 4 жылда толыққанды өзгеріс енгізіп үлгермеуі мүмкін. Әкімдерді де Президент сияқты 7 жылға сайлау керек. Әсіресе, ауыл әкімінің өз жобасын қорғауы қиынға соғады. Көбіне қала және аудан жобалары өтіп кетеді. Сондай-ақ, мұндай мезетте жоғары басшылықтың қолдау көрсетуі маңызды. Осы орайда, аудан әкімі Жандос Еркінбектің жақсы қасиетін айта кетейін. Ол кісі қандай да бір жобаны қолдап, бірлесе кеңесіп, «былай жасайық» деп ұсынысын айта­ды. Бұл ауылдың дамуын ілгерілету үшін маңызды. Оң өзгерісті көрген ауыл азаматтары «Нұржамалжан, рақмет!» деп  жылы  лебізін  білдіреді. Мен  үшін  үлкен  марапат – осы.

– Мемлекеттік қызметте болған соң шектеу мен тыйым да болатыны  анық. Әр басқан қадамыңызға қарап отыратын жұрт та  жоқ  емес. Сіздегі  еркіндік  қандай?

– Әлбетте, мемлекеттік қызметте отырған соң шектеу бола­ды. Мемлекеттік имиджіңді сақтау мақсатында керек. Оған да құлақ асамын. Әрі-беріден соң халықтың алдында да сенің шектеуің болады. «Мен әкіммін» деп олайда-бұлай қолды сермеп тұрсаң, қандай қадір-қасиет қалады? Осы ауылдың келіні екенімді айтып өттім. Келін сияқ­ты қызмет етемін. Олар да «Нұржамалжан» деп келіп, мәселесін айтады. Биыл  сайлауға қатыспай­мын деп ойлағанмын. Сонда «жастар жи­на­лып жатыр, аудан әкіміне кірмекші» дегенді естідім. «Не үшін?» десем, «Апайды алып қаламыз, сайлауға қайта түссін» деген ойла­ры болыпты. Сөйттім де жымиып, «сендерге аудан әкіміне барудың қажеті жоқ, бұл сайлау ғой, дауыс берсеңдер, орнымда қаламын» дедім. Халықпен етене араласып, оларға келіндей қызмет етсем, еркіндігім де сонда. Ауылда көптеген жоба жүзеге асырылады. Соның басы-қасында жүргенде, көпшілік  қолыңның  тазалығын білсе, халықпен бірге болсаң, соның  өзі – үлкен  бақыт.

Халық өзі қайтадан сайлап алғаны рас. Қаншалықты ашық болсаң, мәселесін шешуге тырыссаң, шеше алмаған күннің өзінде соны тыңдауға әзір болсаң, жұртшылық сенім артады. Өйткені, теріс бұрылып кетпей, қол сілтемей, не болып жатқанынан хабардар болу, айтқандарына құлақ түру маңызды. Өзім ауылдың чатында отырамын. Тіпті, жарық сөніп, су тоқтап қалса да немесе біреудің қой-сиыры адасып жүргенін көзім шалса, суретке түсіріп жіберемін. Жарық сөнсе, мамандардан сұраймын да, қашан іске қосылатынын айтып, хабар беремін. Сонымен қатар, үлкені де, кішісі де келіп, пікір алмаса­мыз. Есігім  қай  уақытта  да  ашық.

ЖУРНАЛИСТ – БІРЕУДІҢ  БАСЫН  АЛУШЫ  ЕМЕС

– Халықпен  ашықпын  деп  отырсыз ғой. Ал, журналис­термен ше? Тілшілер әкімдіктің жұмысына қанығып, мәлімет алғысы келеді.  Ал, кейбір маман уақытты созбақтап, кері тартады, жауап беруден жалтарады. Өзіңіз де бұған дейін түрлі басылымда қызмет еттіңіз. Денсаулық сақтау басқармасында баспа­сөз хатшысы болып, «Ақпарат саласының үздігі» атандыңыз. Демек, бұл мәселе таныс шығар?.. Уақытылы ақпарат беру  бойынша  қызметкерлеріңізге  ескертесіз  бе?

– Дұрыс, журналистиканың жанкешті жолында қызмет атқардым. Әрине, ашық көрсеткім келеді. Кері байланысқа шығу үшін жұмысың жөнді, жасыратын ештеңең болмауы керек. Кейбірінде «жауабым дұрыс па?» деп өз-өзіне сенбеу жағдайы да болатыны анық. Біліп тұрғанын біліксіздігінен жеткізе алмайтындар да жоқ емес. Кейбіреуі жоғарыдағы басшы­сына жалтақтайды. Сондықтан, сол мезетте байланысқа шыға алмауы мүмкін. Іштегі қызметкерлер «осындай сұрақ қойып жатыр, не істейміз?» дейді. «Осы уақытқа дейін жұмыс жүйелі жүргізілді ме, солай жауап бер» деймін. Шикілік болмаса, қипақтамай, турасын айтқан дұрыс. Шындығында, журналист – біреудің басын алушы емес ғой. Халық­қа айта алмай тұрғаныңды қыры-бұрышын шығарып, әдемілеп  жеткізетін  қауым.

Тағы бір мәселені айтайын. Денсаулық сақтау саласында жұмыс істегеннен кейін, әлі де жаным ашып тұрады. Бірде «халық енді кешкі 20:00-ден кейін жедел жәрдем шақыра алмайды» деген ақпарат тарады. «Сенбі және жексенбі күні шақыра алмаймыз» деп дүйім жұрт дүрбелеңге салынып кетті. Журналистер де оны іліп алды. Ал, мұнда жағдай былай бола­тын. 1, 2 және 3-ші бағыттағы жедел жәрдем 7 күн, 24 сағат жұмысын жалғастырады. Тек 4-ші бағыттағы жедел жәрдем емхана жанынан ашылғандықтан, жұмысы 20:00-де аяқ­талып, конституциялық заңға сәйкес, екі күн демалысқа шығады. Бұрын оларды кезекшілікпен қатынатып тұрды. Ал, қазір оның тиімділігі аз. Сол ақпарат дұрыс жеткізілмеді. Егер, ол журналистерге анық айтылып, дұрыс түсіндірілсе, көпшілік  те  дұрыс  ұғынған  болар  еді.

– Айтыңызшы, үйдегі тірлікті қалай үйлесімді етесіз? Нұржамал  Бектайқызы  шаңырақта  қандай  әйел?

– Жалпы, маған өмір сүруді қайын атам үйретті. 76 жас­тағы кісінің қолына 20 жасымда келін болып түсіп, шаңырақ­та 18 жыл бірге тұрдық. Атам 94 жасында дүниеден өтті. Ол кісі қай уақытта да бір мінезді адам еді. Қатал болатын. Сол уақытта қаттылығын түсінген жоқпын. Атам қайтыс болған соң, өмірім басқа арнаға бұрылғандай күй кештім. Атама әлі күнге дейін рақмет айтамын. Қадамды нық басып, өмірді өз дәрежесінде сүруді үйрендім. Үйде де, қызметте де өз орнымды табуға бейімделіп, нақты  шешім  қабылдайтын  болдым.

Жүрегім жылы. Балаларыма да, немерелеріме де, жалпы адамзат баласына елжіреп тұрамын. Қысқа ғана ғұмырды  әдемі өткізу керек. Атам 94 жыл өмірінде соғысты да, сотты да, Сібірдің қақаған қысын да, қысым мен азапты да, кейін біздің қызығымызды да көрді. Барлық қиындықта шыдамдылық танытты. Қайғыны да, бақты да көтерді. Сондықтан, сабырлы болып, сынбау кере­гін ұғындырғаны рас. Өмірді де, күйкі тірлікті де жоспарлау керек. «Қандай тамақ істеймін?», «не істеуім керек?» деп әр күнді  жоспарлаймын.

ҚАЙЫР  СҰРАУДАН  ҰЯЛМАЙТЫН  КҮЙГЕ  ЖЕТКІЗДІК

– Әйел әлеміне үңілейікші. Сіз басқарған ауылдық округте әйелдерге арналған ұйым бар ма? Нәзікжандылардың  қай  мәселесі  толғандырады?

– Иә, бізде Рая есімді әйелдер кеңесінің төрайымы бар. Бұрын мұғалім болған, қазір зейнетте. Әр жұмыс өнімді десем де болады. «Ақжарымның аналары», «Үлкендермен шай» сынды үйірмелер түрлі жобаны жүзеге асырып, тағылымды кештер өткізуде. Бұл алдағы  уақытта да  жалғасын  таппақ.

Әйелдердің мәселе­сін қозғайтын болсақ, талай тақырыпты шолып өтуге болады. Бірақ, мына мәселені айт­қым келіп отыр. Қазір баласын алдыға салып, қайыр­шы болатындар жайы алаңдатарлық. Қоғамда бар көрініс. Қайыршылыққа үйретіп қойды. Осыны ұнатпаймын. Анасы мен баласын көрсетіп, сбор ашып жібереді. «Бәленінші баспананы беріп жатырмыз» дейді сосын. Қайыр сұраудан ұялмайтын күйге жеткіздік. Бүгінгі күннің пайдасына бола, ғасырлар бойы жалғасатын ұрпақ алатын ұлағатты бұзып жатырмыз. Егер менің қолымда болса, қайырымдылық іс-шара­ларын тоқтататын едім. Қайырымдылықты олай істеу­ге болмайды ғой. Бұрын жарияға жар салмай, жақсылықты да жасырын жасайтын. Ол елдің, әулеттің, рудың рухын көтеретіндей еді. Қазір не? Екі адам барып, «мынадай азық-түлік алдық, мынадай баспана алдық» деп түсін түстеп, санын атап көрсетеді. Оны өзі бергендей керемет болады. Шындығында, ол қарапайым халықтың қалтасынан жиналған ақша ғой. «Жыласам береді екен» деген жеңіл  дүниеге  үйретіп  тастадық.

– Сіз үшін ең қадірлі сөз қандай? Ал, өмірлік ұраныңыз  ше?

– Қысқа болғанымен, көсіліп жауап беретіндей ауқымы кең сұрақ екен. Мен үшін ең қадірлі сөз де, ұраным да – жақсы көру. Меніңше, адамда ашу болмау керек. Айғайласып, жанжал шығару, жұртпен ұрысу қадір-касиетті кетіреді. Олардың жолы болады деп айта алмаймын. Табалдырықтан да төмен тастап, жеті атаңның дымың қоймай сыбап кететіндер кездеседі. Ісіңнің адалдығын дәлелдей алмай, күйінетін кезің болады. Өйт­кені, сөз  түсінбейді. Ондайда өзімді сабырға шақырып, санам мен жүрегімді тазартуға тырысамын. «Нұржамал, бұл бірінші де, соңы да емес. Бұл – өмір. Мұны осы минут­тарда, осы сағаттарда өтіп жатқан келеңсіз жағдай деп қабыл­да. Артынан жақсы күндер келеді, жақсылыққа сен» деймін өзіме. Адам барынша ізетті болып, бір-бірін жақсы көруі керек. Жұмысын да жақсы көруі тиіс. Ал, қарғыс, жамандық тілеу адамды өсірмейді. Осылайша, санамдағы ашу-ызаны  жүрек  жақсылығымен  басуға  тырысамын.

– Уақыт  бөлгеніңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан  Замира  ҚОНЫСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: