Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ЖАНАЗАСЫ» шыққан қазақ футболының ЖАН АЗАБЫ

18.11.2021, 11:10 411

Ғалым  Смағұлұлының  карикатурасы

Қазақстан құрамасы футболдан әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Франция құрамасынан сырт алаңда 8:0 есебімен жеңілді. Бұл – ұлттық құраманың ресми кездесулердегі ең ірі жеңілісі. Сол-ақ екен, елімізде бәрі спорт сарапшысы, оның ішінде футбол шолушысы болып шыға келді. Ұлттық құраманы ақтап алғымыз жоқ, десе де Франция – футболдан әлем чемпионы болған команда. Өткенде ғана Мбаппенің тепкен 11 метрлік айып добын қақпашымыз Мокин қайтарғанда бөрікті аспанға атып қуанып едік. Енді басқаша. Басқаша болатындай да бар…

Матчтан соң «Қазақ футболы өлді», «Бізде футболды жабу керек!» деген сыңайдағы пікірлер көбейе түсті. Иә, жанкүйер ретінде ұлттық құраманың бұлайша ойсырай жеңілгені жанға батады, ашу шақырады.

– Ең алдымен барша жанкүйерлерден, халқымыздан кешірім сұраймын. Мен команданың бас бапкері ретінде нәтижеге өзім жауаптымын. Ойыншыларға сіздердің қол­дауларыңыз қажет деп ойлаймын. Өйткені, бізде басқа ойыншылар жоқ. Францияның бар күшін салғанын өздеріңіз де көрдіңіздер. Алғашқы минуттардан-ақ олар үш шабуылшымен шығып, нәтиже  көрсетті, – деді Талғат Байсуфинов.

Сондай-ақ, ол бас бапкерліктен кетуге дайын екенін ашық айтты.

«Менің келісімшартым бітеді, жаңа бас бапкер қажет болса, мен кетуге дайынмын. Ең бастысы, біз бар нәрсені көрсеттік. Жаңа бапкер келеді, мен оған әрқашан көмектесіп, не істегенімізді, қандай ойыншылардың бар екенін айта аламын. Біз әр ойыншыға сипаттама беретін боламыз» деп сөзін жалғады ол.

1992 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасы 18 рет бас бапкерді ауыстырды. Келесі жылы 19-шы бапкерді де көріп қалуымыз ықтимал. Бір қызығы, бұл жолы жанкүйерлердің басым бөлігі бас бапкерге шүйліккен жоқ. Архивті ақтарсақ, әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аяқталған соң, Бернд Шторк қана ұлттық құраманың бас бапкерлігі қызметінен кетпеген екен. Бұл тізімді Талғат Байсуфиновтың жал­ғастыруы  бек  мүмкін.

Жалпы, футболсүйер ағайыннан өзгелері де құрамамыздың құлдырап бара жатқанын әлеуметтік желілерде жиі-жиі жазуда. Біреулері бөлінген бюджетті бас­тырмалап айтуда. Қоғам белсендісі Мұрат Әбенов ҚР футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбековтен 3 жылда футболға 105 миллиард теңге бөлінгенінің анық-қанығын  сұрады.

– 105 млрд деген масқара көп ақша енді! Қазақстан футбол федерациясында  ондай  ақша бұрын-соңды болмаған. Енді ол 105 млрд-ты қайдан алды десеңіз, әр облыстағы 14 футбол клубымыз осыншама ақша жаратқан. Иә, ол рас болуы мүмкін. Франция оп-оңай ұта алатындай әлемде бір 30-40 мемлекет бар. Жалғыз біз емеспіз! Ол әлем чемпио­ны ғой, – дейді ҚР футбол феде­рациясы қоғаммен байланыс департаментінің директоры Ер­мұхамед  Мәулен.

Өз кезегінде Қазақстан футбол федерациясының  бас хатшысы Азамат Айтхожин де қаржы мәселесіне қатысты  сұраққа  жауап  берді.

– Қоғамдық сынға келер болсақ, мен ашық айтамын: былтыр және өткен жылдары Қазақстан футбол федерациясына мемлекеттік бюджеттен 200 миллион теңге бөлініп, ол түрлі ұлттық құрамаларды халық­аралық жарыстарға дайындауға және оқу-жаттығу жиындарын ұйым­дастыруға жұмсалған – жастар (U17, U19), U21 жасөспірімдер, Blind-Football (соқырлар футболы), әйелдер, ұлттық, жағажай және футзал командаларына. Миллиардтар туралы  кім  айтты?

Келесі жылдан бастап Қазақ­стан футбол федерация­сы мемлекеттік және квазимем­лекеттік құрылымдар тарапы­нан қаржы­ландырудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Ұйым УЕФА қаражаты есебінен, сондай-ақ демеушіл­ік ақшадан қаржылан­дырылады, – деді ол.

Франциямен болған ойыннан соң ұлттық құрама іле-шала Тәжікстанмен жолдас­тық кез­десу  өткізді.  Абырой  болғанда 1:0 есебімен жеңіске жетті. Екі құрама бұған дейін 4 мәрте кездес­кен. Оның барлығы – жолдастық кездесу. 4 кездесуде қазақстандық футболшылар басымдық  танытса, 1 ойында  тең  нәтиже  тіркелген.

Әлгінде айтқанымыздай, әлеумет­тік желіде қазақ футболы туралы пікір жазба­ғандар саны аз. Бірі жаны ашып айтады, енді бірі қарны ашып  айтады.

«Футболшылар алатын қаржының  жартысын берсең­дер, біз Америк­аны жаулап алып, қазақ­тардың кім екенін көрсетеміз» деп жазды аралас жекпе-жек спорт­шысы  Қуат   Хамитов.

– Ақшаны допты қуатындарға емес, баланы туатындарға бөліңдер! Білім қуған елдер озып, доп қуам деп тозып жатқан Қазақстан! Футболдан әлемді бағындара алмайтынымызды  біздің шенеуніктер қашан  түсінер  екен? – дейді заңгер  Айгүл  Орынбек.

Сіз  не  дейсіз?

Қанат БАЙҰЗАҚОВ,

спорт шолушысы:

– Бас бапкер Талғат Байсуфиновтың тұсында ұлттық құрамамыздың көрсеткіштері  мынадай  болды:

Іріктеу кезеңі барысында сырт алаңда 2 мәрте тең ойнаған алғашқы құрама.

Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде ең жақсы көрсеткіш көрсеткен 2-ші бапкер (Мирослав Беранектен соң).

7 жылдан соң, ұлттық құрамаға оралған 40 жастағы қақпашы Александр Мокин Францияға қарсы ойында пенальти  қайтарды.

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері әр ойыннан соң, қазақ тілінде  сұхбат  берді.

Талғат Байсуфинов тұсында құрамамыз мүлдем жеңіске жетпеді (5 тең ойын, 7 жеңіліс).

Ұлттық құраманың ойын­шысы Руслан Валиуллин допингпен ұсталды.

Тарихтағы  ең  ірі  жеңіліс:

Франция-Қазақстан 8:0

Қазақстан ұлттық құрамасы тәуелсіздігін мойындамаған Косово елімен жолдастық ойын өткізуге келісіп, артынша бас тартты.

Қазыбек  ИСА,

ҚР  Мәжіліс  депутаты:

– Жақсы футболшылардың тапшы болатыны – өзіміздің футболшыларымызды дайындаудың орнына, мол қаражатты шетелдік легионерлерге жұмсаудың тікелей нәтижесі.

Мысалы, Премьер-лигада 2021 жылы 371 футболшы болса, бақандай 150-і, яғни жартысына жуығы – легионерлер, оған бірінші лигадағы 16  футболшыны  қосыңыз,  бәрі  166 легионер бар екен.

Халық қазынасы қазақ футболшысын дамытуға емес, шетел футболш­ысын  байытуға  жұмсалып  жатыр!?

Легионерлерге  өзіміздің  футбол  нарығымыз қалыптасқанша шектеу  қоюымыз  керек.

Балалар  футболының даму өлшемдерінің негізгісі – трансферлік құнымен,  клубқа  түсірген табысымен өлшенеді. Осы күнге дейін Еуропа клубтарына өзіміз дайындаған 1 футболшыны трансфер жасай алмадық. Табыс түсіре алмадық. Миллиардтар құйып, Бразилияға алақайлап шығарып салған балақайлар қайда қазір? Сол 78 баланың кәсіби клубтарда ойнап жүрген біреуі де жоқ?! Сонда оларды футболды дамытуға жібергенбіз бе, жоқ өз қала­ғандарымызды іріктеп алып, демалуға жібергенбіз бе?

Спортымыз дамуы үшін алдымен инфрақұрылымдарымыз сай болуы керек. Бізде оған да ақша жұмсалмайды. Стадион, футбол алаңдары болмаса, балалар қайда ойнайды? Мектептердің  спортзалдары мен алаңдарын жалға беру басталғалы бері, балалардың сабақтан тыс уақытында футбол ойнауы арман болып қалды. Себебі көбі балалардың тегін футбол ойнағанынан гөрі, сырттан келгендерге жалға беріп ақша тапқанды жөн көреді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: