Бауыржан Момышұлының «Жалдап алған солдаттар ешқашан жанын салып соғыспайды» деген мағынадағы сөзі бар. Келіспей, қарсы айтар уәжіміз жоқ. Жалпы, Қазақстандағы «Барыс» хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы, «Астана» велоклубы секілді спорт командаларының нәтижесі көңіл көншітпейді. Бірақ, бөлінетін қаржының есебі болмай тұр. Бұл спорт түрлеріне футболды да қосуға болады. Жыл сайын еліміздегі кез келген футбол клубына қомақты қаржы қаралып келеді. Тағы да сол бірағы бар. Әлемдік рейтингте 100-ге де кіре алмаймыз. Қазақстандық клубтарда (қай-қайсысын алып қарасақ та – ред.) легионерлердің қарасы көп. Әрине, сапалы, командаға көмектесе алатын тәжірибелі шетелдік ойыншылар керек-ақ. Десе де, бізге бет бұратындардың басым бөлігі – өз елінде «жарамай» қалғандары. Солай сияқты, әйтпесе неге нәтиже жоқ?
Осы орайда, футзалдағы статистикамызға да көңіл бөле кетсек. Қаржысы аз бұл спорт түрінен Қазақстан әлемдік рейтингте үздік ондыққа кіреді. Ол жақта да легионерлер өнер көрсетеді. Сондықтан, атой салып «жабу керек, тарату қажет» деген ойдан аулақпыз. Бірақ спорттық инфрақұрылымды дамытпай, балалар спортына көңіл бөлмей жатып, ондаған миллиардты жұмсасақ та, нәтижеміз төмен бола береді. Біз бүгінгі мақаламызда еліміздегі хоккей клубтарының нәтижесі мен ойыншылардың алатын айлығы туралы жазамыз.
Танымал спорт журналисі Аслан Қаженов «Барыс» хоккей клубы Ресей чемпионатынан кетуі керек» деген пікірді құп көреді. Оның айтуынша, бүгінгі күні Ресейден барлығы басын алып қашып жатыр. Украинадағы соғыс басталғанда латвиялық «Динамо», финляндиялық «Йокирит» те бірден кеткен. Екіншіден, «Барыстың» турнир кестесіндегі жағдайы да оңып тұрған жоқ. 22 команда арасында 18-орынды місе тұтқан.
Үшіншіден, бір кездері Ресейдің Жоғарғы лигасында өнер көрсеткен қарағандылық «Сарыарқа», өскемендік «Торпедо» ел чемпионатына оралды. Ішкі біріншілікте бәсекелестік артты. «Енді «Барыс» келсе, бәсекелестік қыза түседі.
«Ақшаны үнемдеуге де болады. Қазір оңды-солды шашылып жатқан қаржыға шектеу қоямыз. Мұхиттың арғы жағынан келген легионерлерді үйіне қайтарып, командаға өзіміздің жігіттерді тартамыз» деген пікірді алға тартады спорт журналисі.
Әр жылдары журналистер қазақстандық клубтардың бюджетін, легионерлердің айлығын мәселе етіп көтеріп келеді. Жақында ғана «Барыс» хоккей клубындағы ойыншылардың жоғары айлық алуы көпшілікті ашуландырған еді. Журналистердің жазуынша, Никита Михаилис пен Линден Вей жыл сайын 377 миллион теңгеден алып отыр. Майкл Шапю, Энтони Луис, Джереми Бракконың жылдық айлығы 200 миллион теңгеге жуықтайды.
Ulysmedia.kz порталының тілшісі «Барыс» ХК ойыншыларының жалақысы туралы сұрақты Қаржы министрі – үкімет басшысының орынбасары Ерұлан Жамаубаевқа қойып көрді.
– Сіз спортты көріп жүрсіз ғой. Чемпионаттарды, ірі ойындарды, мәселен соңғы чемпионатты көрдіңіз ғой. Месси бастаған топ мәселен. Аргентинадағы Месси өте бай клубта өнер көрсетеді. Сондықтан, мұндай мықты ойыншылардың келуі ел чемпионатының күшеюіне мүмкіндік береді. Жеңіс тұғырынан көріну үшін өте мәнерлі әрі ұшқыр ойнайтын спортшылар керек.
Қаржы министрі – үкімет басшысының орынбасары ретінде айтарым, біз кезінде республикалық және жергілікті бюджет есебінен осындай клубтарды қаржыландыруға тыйым салған болатынбыз. Бөлмейміз. Біздің негізгі мақсатымыз – бұқаралық спортты дамыту. Жасөспірімдердің арамыздан шығып, ірі спортшы болуына жағдай жасау.
Шығынның бірақ өзінің аргументі бар. Біз екі жақты да тыңдауымыз керек қой. Егер «Барыс» клубында жай ойыншылар ойнайтын болса, онда клубтың керегі де жоқ. Арасында көшбасшы керек. Әрине, бірақ көрпеге қарай көсіл дейді ғой. Бүкіл ақшамызды спортшыларға жұмсамай, баланс табу керек, – дейді Е.Жамаубаев.
Легионерлердің спорттағы көрсеткен өнеріне сын айтып, алған айлығын сөз етсең, «Байдың асын байғұс қызғанады» деп шығатындар баршылық. Әлгінде жазғанымыздай, футзал секілді Қазақстанды әлемге танытып жатса, рейтингте жоғары нәтиже көрсетсе, мұндай өкпе-реніш болмас та еді. Спорт сарапшысы Нұрғазы Сасаевтан пікір алғанымызда, ол «Барыс» ХК қазаққа қажет пе?» деген сұрақты өзімізге қойды. Бірқатар факт келтіре отырып, қысқа да нұсқа өз ойын білдірді.
Рыскелді ЖАХМАН
Сіз не дейсіз?
Нұрғазы САСАЕВ,
спорт сарапшысы:
«Барыс» ХК қазаққа қажет пе?!
– Осы «Барыс» хоккей клубы қазақ еліне, Қазақстан құрамасына қандай пайда келтірді? Аталған клуб құрылғалы хоккейіміз қарыштап дамып, халықаралық аренадағы жетістіктеріміз алға басты ма? «Барыс» хоккей клубы құрылмай тұрып, яғни 1998 жылы Қазақстан ұлттық құрамасы Нагано Олимпиадасына қатысып, 8-орынға ие болды. Сол жолы Словакияны 4:3 есебімен тізе бүктіріп, көпшілікті тәнті етті. Әрі ширек финалда аты аңызға айналған Уэйн Гретцки бастаған Канада жұлдыздарынан 1:4 есебімен ғана ұтылды. Қазақстан ұлттық құрамасы «Барыс» ҚХЛ-да ойнамай тұрып, тағы бір Олимпиадаға барды. 2006 жылы Туринде өткен дүбірлі додада 9-орынға ие болды. Өз тобында бес ойын өткізіп, төрт рет ұтылып, соңғы матчта Латвия құрамасын 5:2 есебімен тізе бүктірді. Әрі әншейінде қауқар көрсете алмай, күйрей ұтылып жүретін Ресей құрамасына төтеп беріп, 0:1 есебімен ғана есе жіберіп алды.
Ал «Барыс» хоккей клубы ҚХЛ-да өнер көрсете бастағалы Олимпиада ойындары дегеннің не екенін ұмыта бастадық… Дүниежүзілік Универсиада додасындағы жетістіктерімізге көз жүгіртсек, «Барысқа» дейін, яғни 1995 жылы Хакада (Испания) чемпион атанғанбыз. Ал «Барыс» қазақ хоккейін «алға сүйреп» келе жатқалы тек күміс жүлдені қанағат тұтып жүрміз. Тіпті, 2017 жылы Алматыда өткен Универсиадада екінші орыннан аса алмадық. «Барыс» ХК құрылғалы ұлттық құрама сапындағы қазақтар саны да артып кете қойған жоқ. Наганода команда капитаны Ерлан Сағымбаев болған. «Барыс» Ұлттық құраманың негізін құрайтын клуб болғалы біраз уақыт Талғат Жайлауов жалғыз жүрді. Одан кейін Әлихан Әсетов шықты. Биыл Данияр Самат бастаған тағы екі-үш жігіт қосылды. Есесіне, натуралданған «казахстандықтар» қаптады: Кевин Даллмэн, Брэндон Боченски, Найджел Доус, Дастин Бойд, Даррен Диц, Джесси Блэкер, Кёртис Волк, Виктор Сведберг, Хенрик Карлссон, Павел Акользин, Дмитрий Шевченко, Дмитрий Гурков, Егор Петухов, Алексей Маклюков, Егор Шалапов, Никита Клещенко, Илья Румянцев…
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!