Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Токионың тағдыры қалай шешіледі?

18.02.2021, 10:15 290

HALYQLINE.KZ

Көп ұзамай әлемді аузына қаратқан Олимпиада ойындары басталады. Бұл жылы Жапония астанасы Токиода өтетін турнирде ерекшелік көп. Олардың басым бөлігі індет алып келген пандемияның әсерінен болып отыр. Естеріңізде болса, Олимпиада ойындары өткен жылы өтуі керек еді. Алайда вирустың кең таралуының салдарынан ойынды кейінге шегеруге мәжбүр болған. Коронавирустың екінші толқыны және британдық штамның күрт көбеюіне байланысты «ойынды тағы да кейін шегертеді ме?» деген алыпқашпа әңгімелер жүрген еді. Алайда Олимпиада комитетінің басшылығы сайыстың ешқандай күмәнсіз, нақты өтетінін жеткізді. Десе де тәжді аурудың Токиодағы турнирге келтіріп отырған кедергісі азаяр емес. Мәселен, бокстан Олимпиадаға бөлінетін жолдамаларға таласу турнирлері өтпейтін болды. Оның орнына әр құрлық берілген жолдамаларды өзара бөлісіп алады.

Қазіргі таңда ел қоржынындағы жолдамалар саны әлі де көңіл көншітпейді. Айта кетсек, Қазақстан құрамасы бұл жылғы Олимпиада ойындарына 42 лицензия ұтып алған. Жоспар бойынша олардың саны 100-ге жетуі керек еді.  Салыстыра кетсек, Рио Олимпиадасына 105 лицензия ұтып алған болатынбыз. Дегенмен, жолдамалар санын ұлғайтуға мүмкіндік бар. Олимпиада ойындарына бөлінетін жолдамалар әлі де сарапқа салынуда. Қазіргі таңда ұлттық құрама ерлер арасындағы бокстан мүмкін болған барлық лицензияны ұтып алған. Ал аруларымыздан жұдырықтасуға бір ғана спортшы баратын болды. 75 кило салмақта өнер көрсететін Надежда Рябец Олимпиадаға жолдаманы бұған дейінгі сайыстардан алып үлгерген. Ұлттық құраманың бапкерлері жолдамалар санын маусым айында Парижде өтетін турнирде көбейтіп алуды жоспарлаған болатын. Онда 53 лицензия ойнатылады деп күткенбіз. Алайда бүкіләлемдік пандемияға байланысты ұйымдастырушылар турнирді өткізуден бас тартып, жолдамаларды құрлықтарға бөліп беретін болды. Оны рейтингте жоғары орналасқан боксшылар ғана ала алады. Дегенмен, нақты қай спортшыға лицензия берілгені жайлы ресми ақпарат жоқ. Сол үшін бұрымдылардың Олимпиададағы тағдыры толығымен шешілмеді. Десе де жолдаманың боксшы қыздарымызға бұйыруы екіталай. Себебі, олардың арасында рейтингті бастап тұрғандар жоқ. Дегенмен, үмітсіз шайтан…

Ал күрес түрлерінен бөлінетін жолдамаларды бөлуге біздің мемлекетіміз де өз үлесін қоспақ. Дәлірек айтсақ, күрес түрлерінің жолдамаларын сарапқа салу 3 этаптан тұрады. Соның екінші бөлігі Қазақстанда өтетін болды. Сонымен қатар, бұл спорт түрінен Азия чемпионатын да қабылдаймыз. Бұл біздің елімізге қосымша жауапкершілік пен жүк болмақ. Себебі, сайысқа ұйымдастырушы ретінде қатысып, жолдамалардың бөлінуіне тікелей атсалыса аламыз. Еркін күрестен жолдамалар санын толтыру үшін екі ғана жолдама керек. Ал грек-рим күресінен төрт жолдама бойынша бақ сынасамыз. Әйелдер арасында да 4 жолдама жетіспейді. Жолдама алу үшін спортшы турнирдің финалына шығуы керек. Сонда ол автоматты түрде Олимпиадаға жолдама ала алады. XXXII Жазғы Олимпиада ойындары 2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығында өтуі тиіс еді. Өзгеріске ұшыраған турнирдің жаңа күнтізбесі ағымдағы жылдың 23 шілдесі мен 8 тамызы болып бекітілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жылғы Олимпиада өткен ойындарға қарағанда инновациялық жаңалықтарымен таңғалдыратын болады. Ойын негізгі 3 принциптен тұрады. Біріншісі, өзіңнің жеке жетістігіңе ұмтылу болса, екіншісі – бүкіл әлемді бірлікке шақыру және үшіншісі – болашақ ұрпақпен байланыс. Сонымен қатар, токиолық Олимпиада ойындарына жаңадан 5 спорт түрі қосылды. Олар – бейсбол, каратэ, серфинг, құзға шығу және скейтбординг. Сайысқа жалпы саны 11 мыңнан астам спортшы қатысатын болады деп күтілуде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: