Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдағы стадионның сыйымдылығы өзгере ме?

15.06.2023, 11:00 401

Қызылорданың сол жағалауынан жаңа стадионның құрылысы басталады. Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бері елімізде екі ғана футбол алаңы салынды. Бұл – үшінші стадион. Дей тұрғанымен, футболсүйер қауым  7000 орындық стадионның жанкүйерлерге аздық ететінін айтады. Біз бұған дейін «Халық» газетінің №4 (1166) санында «Қызылорда қанша орындық стадионды қажет етеді?» деген тақырыпта  мақала жариялаған  едік.

Өткен жылы сырбойылық «Қайсар» футболдан ҚР бірінші лигасында жақсы өнер көрсетті. Биыл премьер-лигада бақ сынап жатқан «қасқырлар» оқу-жаттығу жиынын отандық командалардан әлдеқайда бұрын бастап кеткен болатын. Сондай-ақ команда басшылығында, бапкерлер құрамында да бірқатар ауыс-түйіс жасалды.

Қызылордалық жанкүйерлер «Қайсардың» 2022 жылдағы соңғы ойынын тамашалауға барғанда ақжолтай жаңалықты естіді. Демеушілердің қолдауымен жаңа стадион салу бастамасы қолға алынатынын Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтқан-ды.

– Ресейдің Краснодар қаласында былтырғы жылы бір жыл ішінде 10 мың орындық 12 миллион долларға жабық стадион салынған екен. Келесі жылы біз де сондай жаңа стадион құрылысын бастауға ниеттіміз. Бұған Сыр елінің жанашыр кәсіпкерлері, ірі компаниялары атсалысады деп сенемін.

Қазіргі таңда жаңа стадион құрылысына демеуші ретінде «Саутс Ойл» компаниясы ынтасын білдіріп, жобалау жұмыстары атқарылуда. Алдағы жылы жаңа стадион құрылысын бастаймыз, – деген  еді  Н.Машбекұлы.

Жанкүйерлер әуелде стадион салына­тынына қуанды. Десе де, оның 7 мың орындық екенін естігеннен соң, көрермендерге аздық ететінін жиі-жиі жазды, айтты. Ал, қызылордалық жанкүйер Райымбек Серік мүлде  басқаша  ойлайды.

– Меніңше, Қызылорданың сол жағалауы­нан салынатын жаңа стадионды әртүрлі спортқа бейімдеп, Ғ.Мұратбаев стадионын тек футбол ойнайтындай ету керек. Өйт­кені, бұл  стадионның  сыйымдылығы да, орна­ласқан  жері  де  жақсы. Оның үстіне қазір бұл стадион – «Қайсар» футбол клубы­ның балансында. Ақыры қаражат аз екен, онда орталық стадионды күрделі жөндеуден өткіз­ген  дұрыс  шығар.

Ал, жаңа стадион ең болмаса 10-12 мың сыйымдылығы бар болуы қажет. Қызыл­ордада футболсүйер қауымның қарасы көбеюде, халық саны да артып келеді, мұны ескерген жөн. Еуропа елдерінде жергілікті халықтың санын қатты басшылыққа алады. Сондай-ақ, жаңа стадионды салғанда әлемдік тәжірибеге сүйеніп, болашақта конструкторлық мінберлер қосуға да болады. Сосын жаңа алаңның міндетті түрде академиясы болуы керек, өйт­кені балалар футболына көңіл бөлмей, футбол ешқашан дамымайды әрі стадион көрерменге  лық  толмайды, – дейді  ол.

Белгілі спорт комментаторы Айбек Қабыл­ша Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте стадионның жайын сөз етіп, сыйымдылығын көбейтуге ұсыныс айтқан еді. Ол «бүгінді не ертеңді ғана емес, болашақты  да  ойлаған  жөн»  деп  ойлайды.

– Осы күні Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов та «отандық футболды дамытамын, елде­гі стадиондар санын көбейтемін» деп жүр. Сондықтан, Қызылорда облысының басшылығы Қазақстан футбол федерациясымен бірлесіп, ақылдасып, 7000 орындық емес, 15-20 мыңдық стадион салуға тырысуы керек. Ол стадион 2025 жылы, мейлі 2026 жылы пайдалануға берілсін. Ең бас­тысы, Қызылорданың символы саналатындай, ел біріншілігін ғана емес, Қазақстан ұлттық құрамасының ойындарын, Еуропа біріншілігінің іріктеу матчтарын, жастар арасындағы әлем чемпионаты ойындарын өткізуге қабілетті, заманауи стадион салын­са  деймін, – дейді  журналист.

Ел біріншілігінің 11-турындағы «Қайсар» мен «Ақтөбе» ойынына (Қызылордадағы Ғ.Мұратбаев атындағы орталық ста­дион – ред.) 6500-ге жуық көрермен жиналған еді. Алдағы уақытта «қасқырлар» үшін  жауапты  ойындар  болса, мұнан да көп  жанкүйер  келетіні  анық.

– Ең біріншіден, стадион салатын құрылыс компаниясына, одан соң сыйымдылығына және УЕФА, ФИФА талаптарына сай келеті­ніне баса мән беріп, жіті қадаға­лауымыз керек. Сондай-ақ, стадион салуға қазақста­ндық не ресейлік емес, тәжірибесі мол, сапалы компанияларды тартқан  жөн, – дейді  Айбек  Қабылша.

«Астана Арена» стадионы 30 мыңнан аса көрерменге арналса, «Түркістан Арена­ның» сыйымдылығы – 7 мың. Бұл екі футбол алаңы да ел тәуелсіздігін алғаннан кейін салынған ірі стадион екені жоғарыда ай­тылды. Ал, Қызылорданың сол жаға­лауында бой көтеретін жаңа стадионның сыйымдылығы әзірге 7000 орындық болып тұр. Мұны өзгертуге бола ма? Оны уақыт көрсететін  секілді.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: