Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр спортындағы сенімді қадам

05.08.2021, 10:00 332

Сыр спортының тарихы бай. Ғасырлар бойы түрлі спорттан топ жарған саңлақтардың ізін қазірде жас, білікті спортшылар жалғап келеді. Одан бөлек, облыс тұрғындары да спортпен жүйелі айналысуды қолға алған. Қазіргі таңда төрткүл дүниенің назары Токиодағы төртжылдықтың басты бәсекесіне түсіп отыр. Бұл аламан бәйгеге өңіріміз де өз жүйріктерін қатыстырды. Үкілеп қосқан үмітіміз Қамшыбек Қоңқабаев Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ұсынысы бойынша Токиода Қазақстан туын ұстап шықты. Бұл  Сыр мектебінің ел спортындағы мәртебесін көрсетті. Кең иықты, ұзын бойлы қызылордалық Қамшыбек пен Ольга Рыпакова көк байрақты желбірете ұстап шыққанда Токиода таңғалмаған адам қалмады. Алыстан мен мұндалап көз тартатын қазақы нақыштағы киім үлгісі талайды тамсандырды. Өз кезегінде бұл жеңістер атқарылған жұмыстардың жемісі деп білеміз.

ЕЛДІ  МЕКЕНДЕРДЕГІ  СПОРТ  КЕШЕНДЕРІ

Қазіргі таңда өңірімізде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 31,3 пайызға көтеріліп, 254 101 адамға жетіп отыр. Спортты жанына серік еткендер санының ұлғаюында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының еңбегі мол. Бұқаралық спортты одан әрі дамыту үшін 282 спорт нұсқаушы 138 елді мекенде, 42 мың адамды тұрақты дене шынықтырумен шұғылдануға баулып келеді. Сонымен қатар, бүгінгі күні 7 аудан орталығында және Қызыл­орда қала­сында 8 дене шынықтыру-сауық­тыру клубтарында 13 мыңнан аса адам спортпен тұрақты шұғылданады. Бұқаралық спортты дамыту­дың негізгі жолы – жарыстарды көптеп өткізіп, халықты спортқа тарту екені баршамызға белгілі. Осы мақсатта облыс аумағында жыл басынан бері 375 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған отыз мыңнан аса адам қатысқан. Соның ішінде балалар-жасөспірімдер спорт мектептері арасында облыс біріншіліктері, жауынгер-интернационалист Батыржан Шалғынбаевты еске алуға арналған республикалық турнир, велоспорттан ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Жетес Сүлейменовтің жүлдесіне, тұңғыш Әлем чемпионы, КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері Марат Сатыбалдиевтің жүлдесіне арналған республикалық турнирлер, қазақ күресінен «Алтын белбеу» облыстық іріктеу жарысы, КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тимур Сегізбаевты еске алуға арналған футболдан облыстық турнир, облыс әкімінің жүлдесіне арналған мемлекеттік және ведомство қызметкерлері арасында XXVI спартакиада және т.б. облыстық, республикалық жарыстар ұйымдастырылып, халықты саламатты өмір сүруге және жастарды спортқа тарту бағытындағы  жұмыстар жүргізілуде.

Көптеген сайыстар коронавирус пандемия­сы келтірген қиындықтарға қарамастан өткі­зілген. «Қалауын тапсаң, қар жанар». Кейбір спорт түрлері онлайн өткізіліп, спортшылардың бабын сақтау үшін бар мүмкіндік жасалуда. Ағымдағы жылы түрлі спорттан алты Қазақ­стан Республикасының чемпионаты мен кубогы өткізілген. Дәлірек айтсақ, самбо, ауыр атлетикадан онлайн жүйеде 2 рет өткізілді. Бұл қатарда гандбол, спорттық би сайыс түрлері де бар. 19 республикалық және 72 облыс біріншіліктері  ұйымдастырылды. Аталған жарыс­тар ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткізілгенін  де  айта  кетейік.

Елді мекендерде жаттығу залдары әлі күнге дейін өзекті мәселе болып тұр. Десе де, түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында спорт кешендерін шалғай ауылдарға салып беру жұмыс­тары жүргізілуде. Халықтың спорттық нысандарға қолжетімділігін арттыру мақсатын­да осы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 спорт кешенінің құрылысы басталады. Сонымен бірге, «Самрұқ» корпоративтік қоры­ның демеушілігімен Қызылорда қаласы Ж.Махамбетов ауылдық округінен көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы салы­нады.

Сондай-ақ, «Нұрсәт» теннис орталығының 4 жабық теннис кортының және байдарка, каноэ­де есу базасының құрылыстары аяқталды. Бұқаралық спортты дамытумен қатар бәсе­кеге қабілетті, біліктілігі жоғары спортшыларды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

СЫР  САҢЛАҚТАРЫ  СЕНІМДІ  АҚТАЙДЫ

Спортшыларымыз  дүбірлі  додаларда  жақсы нәтижемен есте қалады. Өңірімізде 20 516 оқушы 47 спорт түрімен тегін шұғылданады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, облыс спортшылары ҚР чемпионаттары мен кубок­тарында  557  медальды  жеңіп алған. Оның 169-ы – алтын, 167-сі – күміс, 221-і – қола. Одан бөлек, Әлем және Азия чемпионат­та­рында  47  (20-сы – алтын, 5-еуі – күміс, 22-сі – қола) медальға қол жеткізді. Қазір облысы­мызда 18 ҚР спорт шебері, 147 ҚР спорт шеберлігіне үміткер, І cпорттық разрядты 32 спортшы  бар. Әлемдік бәсекелерде оза шауып, жергілікті жанкүйерлерді қуантып жүргендер де аз емес. Олардың қатарында Ақтау қаласында дзюдодан өткен Азия кубогында Мағжан Шамшадин чем­пион атанса, Салтанат Сұлтанбекова, Бауыр­жан  Жауынтаев  пен  Айбек  Серік­баевтар қола жүлделерді иеленді. Үндіс­танның Нью-Дели қаласында  стенд  атудан өткен Әлем кубогында Айжан Досмағ­амбетова күміс, Максим Коломоец қола жүлделерге ие болды. Алматы  қаласында күрес түрлерінен өткен Азия чемпионатында жер­лестеріміз Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен алтын медаль алса, әйелдер күресінен  Асылзат Сағымбай  қола  жүлдені  еншіледі.

Польшаның Кельц қаласында бокстан жастар арасында өткен Әлем чемпионатында Әсел Сағатова қола, Өзбекстанның Ташкент қаласында ауыр атлетикадан өткен Азия чемпио­натында Айзада Мүптілда қола жүлделерге қол жеткізді. Тайландтың Бангкок қаласында пара пауэрлифтингтен өткен Әлем кубогында Станислав Шакиев алтын медальді жеңіп алса, Грузияның Тблиси қаласындағы Әлем кубогында Кабира Асқарова қола жүлдені иеленді. Өзбекстанның Ташкент қаласында ауыр атлетикадан жастар арасындағы Әлем чемпионатында Рахат Бекболат пен Айсамал Сансызбаева алтын медаль иеленіп, еліміздің Әнұранын шырқатты. Өзбекстанның Ташкент қаласында жекпе-жек сайысынан өткен Әлем чемпионатында Бақытбек Үмбетқұлов қола жүлдегер атанды.

Төрт жылда бір рет келетін ең ірі халықаралық кешенді спорттық жарыс – Токио Олимпиадасы екені белгілі. Жоғарыда айтқандай, бұл додаға Қызылорда облысынан 3 спортшы жолдама алды. Оның ішінде, 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында еркін күрестен өткен Әлем чемпионатында Дәулет Ниязбеков 65 келі салмақта күмісті иеленіп, Токионың алғашқы жолдамасын жеңіп алған болатын. 2020 жылы Иордания астанасы Амман қаласында бокстан өткізілген лицензиялық турнирде Қамшыбек Қоңқабаев 91 келіден жоғары салмақта қола жүлдені иеленіп, облыстан екінші жолдаманы иеленді. Ал биылғы жылдың 11-13 маусым күндері Францияның Париж қаласында кара­тэден өткен лицензиялық турнирде Мөлдір Жаңбырбай 55 келі салмақта күміс жүлдені енші­леп, үшінші жолдаманы жеңіп алды.

Әзірге екі спортшымыз жарыс жолында. Бокстан аса ауыр салмақта өнер көрсеткен Қамшыбек Қоңқабаев қола медальға ие болды. Қалың  ел  қызылордалықтардан  үлкен үміт күтеді.  Әрқайсысы да өз салмағының үздіктері. Жергілік­ті басқарма кәсіби һәм бұқаралық спортты қатар дамытуды жалғас­тыра беретін болса, Сыр  спортынан  әлі  талай  жұлдыз  шығатыны  анық.

Б.ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: