Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

СУПЕРЛИГА: Футбол дәуірі аяқталды ма?

22.04.2021, 9:30 330

«Біз Суперлига құрылмауы үшін барлық деңгейдегі шараларды қарастырамыз – сотта да, спортта да». Бұл – УЕФА-ның жаңадан ашылғалы жатқан жабық турнир Суперлига жайлы жасаған мәлімдемесі. Еуропаның белді клубтары өздеріне жеке лига ашып, сонда өнер көрсетуді жоспарлап жүргендеріне бірнеше жыл өтті. Десе де, бұған дейін Суперлига тұжырымдамасы жай ғана бос әңгіме болатын. Оны ресми түрде ешкім мойындамады. Өз кезегінде УЕФА мен ФИФА бұл лиганың ашылуына түбегейлі қарсы екендерін жеткізіп, клубтарға қатаң ескерту жасап отырды. Дегенмен, жексенбінің кешінде Суперлиганың ашылатыны жайлы мәлімет ресми түрде жарияланды. Суперлиганың президенті болып көпшілікке таныс, «Реал Мадрид» командасының президенті Флорентино Перес тағайындалса, оның екі орынбасары Джоэль Глэйзер және Андреа Аньелли болды.

Еуропаның үздік 12 клубы Еуропалық Суперлига ашу  жайында келісімге келді. Олар – «Милан», «Арсенал», «Атлетико», «Челси», «Барселона», «Интер», «Ювентус», «Ливерпуль», «Манчестер Сити», «Манчестер Юнайтед», «Реал» және «Тоттенхэм» клубтары. Бұл клубтар құрылтайшылар ретінде саналатын болады. Одан бөлек, тағы үш команда маусым алдында қосылмақ. Ал турнирде барлығы 20 команда сынға түседі.  15 құрылтайшы команда әр маусымда өз орнын сақтап қала алса, қалған    5 команда маусым бойы ауысып отырады. Оларды қандай тәртіппен ауыстыратыны әлі белгісіз.

Өз кезегінде УЕФА жаңа турнирге қатысқан командаларды бүкіл сайыстан шеттетеміз деп қорқытып отыр. Клубтар өз елдеріндегі чемпионаттарға да қатыса алмайтын болады.      Ал ойыншыларға ұлттық құрама жейдесін киюге тыйым салынады. Олардың пікірінше, Суперлига футболдағы бар қызықты жоғалтып, құрдымға жібереді. Сол үшін де оны болдырмаудың бар амалын жасайтындарын жеткізді. Өз кезегінде құрылтайшы командалар сотқа шағымданатындарын жеткізді. Олардың ойынша, УЕФА командаларға мұндай шектеу қоюға құқығы жоқ.

– Біз футболға барлық жағынан көмектесіп, оны өзінің заңды орнына шығарғымыз келеді. Футбол – 4 млрд жанкүйерлік базасы бар жалғыз спорт түрі. Біздің мойнымызға артылған жүк – сол жанкүйерлердің талабын қанағаттандыру. Белді клубтар арасындағы матчтар санын көбейту, – деді Флорентино Перес.

Турнир екі топтан тұрады. Әр топта 10 командадан болады. Әр команда бір-бірімен екі ойыннан ойнап шықпақ. Яғни, әр клуб кем дегенде 18 ойыннан өткізеді. Әр топтан ең үздік 3 команда келесі кезеңге өтеді. Ал төртінші мен бесінші командалар өзара плей-офф кезеңін өткізеді. Сондай-ақ, ширек финал мен жартылай финал екі ойыннан тұрмақ. Ақтық сын болса бір ғана матчтан болады. Ойын әр аптаның ортасында болады деп күтілуде. Ал демалыс күндері өз чемпионаттарында ойнауға мүмкіндік алады. Қазіргі таңда сайысты тамыз айында бастауды жоспарлап отыр.

Клубтардың мұндай жолға баруының ең басты себебі – қаражат. Суперлигада ең үздік клубтар жиналғандықтан телекөрсетілім құны да қымбат болатыны анық. Сондай-ақ, жарнамалар мен серіктестерден түсетін басқа да қаражат көздері клубтардың дағдарысты оңай еңсеріп шығуына мүмкіндік береді. Бастапқы 15 қатысушыға 3,5 миллиард еуро бөлініп берілетін болады. Бұл қаражат пандемияның салдарынан келген шығынның орнын толтыру үшін жұмсалмақ. УЕФА мен ФИФА-дан бөлек, топ чемпионаттардың барлығы дерлік Суперлигаға қарсылығын ресми мәлімдеді. Бүгінде «Бавария» және «ПСЖ» командалары бұл сайыстан бас тартып отыр. Бірақ шешімдерін өзгертулері де ғажап емес.

Суперлига айналасындағы даудың әсерінен биылғы Чемпиондар Лигасы уақытынан ерте тоқтатылуы мүмкін. Бұл туралы бірнеше ақпарат агенттіктері хабарлап үлгерді. Ал УЕФА әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Бет қатталып жатқанда: Апта ортасында Еуропа Суперлига турнирінің тоқтатылатыны туралы хабарлады. Екпінді басталған жобаның тым тез тоқырауына англиялық клубтардың турнирден бас тартуы басты себеп болды. Ал олар өз кезегінде жанкүйерлердің наразылығынан шегінуге мәжбүр болды. Десе де, лига ұйымдастырушылары жобадан бас тартқан жоқ. Турнирді ұйымдастырудың орайы пісіп-жетілгенін күтеді.

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: