Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Спортта саңлақ, еңбекте ер (балуан Жақсылық Үшкемпіров жайлы)

06.08.2020, 10:30 844

Әр қазақтың ағасы-інісі, баласы-данасы бола білген азамат. Азан шақырып қойған есіміне сай жақсылыққа жаны құмар, құшағы даладай кең тұлға еді. Ел спортының даңқын дүниежүзіне мойындатып ғана қойған жоқ, кейінгі жылдары негізгі мамандығы бойынша ауыл шаруашылығының дамуына да өзінің үлесін қосты. Жұрт үшін істелер жақсы істердің жанында жүретін, қайырымдылық десе, елден бұрын қолын созатын Жақсылық аға Үшкемпіров көпке үлгі бола білді.

Сұхбаттарының бірінде: «15 жыл күрес­тім, 20 жыл кәсіпкермін – 35 жыл тек сабыр мен шыдамды серік еттім» деп айтқаны бар. Рас, ол кісі сабыр мен шыдамдылыққа, төзімділікке беріктігімен дараланатын. Жеткен­ жетістіктеріне тікелей әсер етуші қасиеттері де дәл осылар екені анық. Күреспен айналысқан бастапқы жылдары-ақ көптеген қиындыққа тап болып, тасада қалған­ сәттері қаншама десеңші?! Оны өзінің ел мен жерге деген махаббаты сол тығыры­қтардан сүріндірмей алып шықты. Сол бір тұнық сезімге негізделген ел мен жерге деген құрмет, ұлт намысы оны тас­қайрақтай қайрап, бойындағы күш-қуат, қажыр-қайратын аямай жұмсауға жол ашты. Есімі аталса, бірден 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасы ойға оралады (Оның алдындағы Мюнхен, Монреаль Олимпиадаларына­ да баруы керек еді…). Ал сол сындарлы сәтте оң аяғының тобығы тайып кетіп, оны салып, финалда күресіп, жеңіске жеткенінің өзі ерлік. Төрт жылдықтың басты додасының алдында өзіне, еліне «кілемнің үстінде не өлейін, не жеңейін» деп серт беріп, 29 жасында жекелей спорт түрінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Өзін талантты балуандардың қатарына емес, үздіксіз еңбектеніп, ізденіп жүретіндердің санатына қосатын. Бас айналдырар жеңістен кейін елдің үмітін арқалап барған сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төр­ағасы Бәйкен Әшімов бастаған топ не қалайтынын сұрағанда, ауыл-аймақты, оның табиғи өнімдерін сағынған балуан «бір кесе қымыз болса» депті. Осының өзі туған жердің адал перзенті екеніне дәлел.

Жақсылық Үшкемпіровтің спортта жеткен­ жетістігі жыл өткен сайын Хан Тәңірі шыңындай биіктеп, алыстан мұнартып көрінбек. Соңынан ерген інілерін үнемі қамшыл­ап, жігерлендіріп отыратын. Өзінен кейін араға жиырма жыл салып Сидней Олимпиадасында Бекзат пен Ермахан алтын алғанда көзінен қуаныштың жасы сауыл­дағанын да жасырмайтын. Ал күресте Жақсылық пен Шәмілден кейін алтын алған қазақ балуанының болмағанына үнемі қынжылатын. Биыл Мәскеу Олимпиадасында алған алтынға – 40 жыл. Сол Олимпиададан кейін қазақ баласына күрестен алтын бұйырмай тұр. Жақсылық Үшкемпіровтің де арманы­ «Күрестен қазақтан шыққан чем­пионды көріп кету» еді. Өкінішке қарай, көре  алмады…

Спортшы ретінде ел алдындағы міндетін абыроймен аяқтағаннан кейін, өзі үкілеп жарысқ­а қосқан, әр жетістігіне қуана білген Жетісу жерінің жұртшылығы ортасында маңдай терін сыпырып жүріп, адал қызмет істеді. Бақанастың іргесінен шаруа қожалығын құрып, жұмысын дөңгелетті. Еңбектің игілігі еселеніп, еңбегі ретті болғанда, етек-жең жиналған сәтте халқын да ұмытпады. Алматы облысында бес мыңға жуық тұр­ғыны бар Мыңбаев ауылында өз қаражатымен спорт кешенін ашып, балабақша салып, толықтай сол ауылдың жағдайын өз мойнына алды. Бала кезден келе жатқан арманы да, мақсаты да осы еді. Әр қазақтың жарқырап жүргенін шын пейілімен қалады. 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Еңбек Ері» атағын берген сәтте «Қазақстанда ары еткенде бес мың ауыл бар шығар. Сол әр ауылды сол елді мекеннен шыққан бес мың кәсіпкер өзінің қамқорлығына алып, көркейтсе, кере­мет болар еді» деген арманын айтты. Бұл тұжырымда аспандағы жұлдызды алу емес, әр қазақ бір-біріне қамқор, жанашыр болса деген мән жатыр. Кез келген бай-қуатты жанның қолынан келетін іс. Бастамасын жақсылықтың жаршысы болған Жақсылық Үшкемпіров көрсетті. Өзі тұрып жатқан ауылды толығымен қамқорлығына алып, жерлестерінің тұрмыс-тірлігін қаладағы деңгейг­е  жеткізді.

Өз елін әл-қуатынша, қолынан келгенше жер-жаһанға мәшһүр етуге тырысты және ол ойы толығымен жүзеге асты. Олимпиаданың алтыны спорттағы даңқын әуелетіп, әлемге бір шығарып тастаса, еліміздегі таза ет өнім­дерін сыртқа экспорттап, есімін елге белгілі кәсіпкер есебінде қалыптастырды. Тәжік­стан, Өзбекстан сынды көршілес елдерге қазақ өсірген малдың еті қандай болатынын көрсетті. Шетелден мал алып келіп, оны өсіруді құп көрмеді. Тек өзімізге тиесілі, қазақтың даласын әбден жерсінген Алатау, Қазақтың ақ бас, Әулиекөл, Сантагер сынды­ ірі қара тұқымдарын өсірді. Бұл – елге, жерге­, оның дәстүріне, ата салтына жаны ашитын, ұлты үшін жанқияр ерліктерге баратын жанның тындырымды тірлігінің бірі.

Алаштың маңдайына біткен атпал азамат Дінмұхамед Қонаевтың: «Мен тарихта қалармын, бәлкім қалмаспын. Бірақ «бір жапырақ» болса да ел мен жердің атын шығарғ­ан Жақсылықтай жігіттер қазақтың тарихында алтын әріппен жазылатыны сөз­сіз» дегенін өмірдің өзі мойындатты. Көреген басшы сонау заманда ағамыздың бүгінгі келбетін айқындап, үлкен сенім артып кеткендей еді. Жақсылық Үшкемпіров бұл үдеден­ толығымен шықты. Елі үшін аян­бады. Спортта саңлақ, еңбекте ер болған азамат­тың жүріп өткен жолы келешекте аңыз болып айтылмақ. Әлем спортындағы ең мәртебелі атақты тұңғыш рет қазақтың қанжығасына байлаған даңқты спортшы өмірден озғанда Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев «Ол грек-рим күресі бойынша қазаққа алғашқы болып әлемнің ең басты атағын сыйлады. Кәсіпкерлікпен де табысты айналысып, ел экономикасының өркендеуіне лайықты үлесін қоса білді. Қайырымдылық іс-шараларға белсене атсалысып, кәсіпкер­лік тәжірибесін өзгелермен бөлісіп, жақсы үлгі мен өнеге көрсетті. Мен онымен өткіз­ген кездесулерімді әркез ризашылықпен еске аламын. Отандастарымыз да оның есімі мен еңбегін ұмытпайды деп сенемін» депті Жақсылық ағаның отбасына жолдаған көңіл айту  жеделхатында.

Жақсы ағамен өткен әрбір сәтті, әрбір кездесуді біз де ұмытпаймыз. Елдің даңқын асырған ердің ісін соңында қалған қаймана жұрты да ұмытпайды… Қазақ барда, Алаш тірі тұрғанда есімі өшпейді, ұрпақтан-ұрпақ жалғап айтып жүретініне кәміл сенімдімін.

Болат АБАҒАН,

жазушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: