Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Спортшыларды құттықтау кезінде Президент Жолдауды қашан жасайтынын айтты

11.09.2026, 14:40 71

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Салтанатты жиын Тәуелсіздік сарайында өтті. 

Мемлекет басшысы спортшылар мен бапкерлерді жарыстағы жетістіктерімен құттықтап, ұлттық құраманың ел үмітін ақтағанын айтты.

Қазақстан құрамасы Бішкекте өткен додада жалпы есепте бірінші орын иеленді. Спортшылар 74 медаль жеңіп алды. Оның 32-сі – алтын. Президент бұл нәтижені ұлттық спорттың халықаралық деңгейдегі беделін көрсететін үлкен жетістік деп бағалады. 

— Әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылармен бәсекеге түсіп, көк байрағымызды биікке көтеру – нағыз ұлт перзенттеріне тән асыл қасиет. Ұлттық командамыз ел үмітін толығымен ақтады,— деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент Көшпенділер ойындарының мәртебесін одан әрі арттырып, түркі халықтарының ортақ спорттық жобасы ретінде дамыту қажет екенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстан бұл бағыттағы бастамаларға белсенді қатысуға дайын.

Мемлекет басшысы ұлттық спортты дамытуға бағытталған жұмыстарға да тоқталды. Соңғы жеті жылда елімізде 500-ден астам спорт нысаны салынып, бірқатары жөндеуден өткен. Спорт мектептеріндегі әр балаға бөлінетін қаржы 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін көбейген. Былтыр 220 мыңнан астам бала спорт үйірмелеріне мемлекет есебінен тегін қатысқан. Бұл мақсатқа 50 млрд теңге бөлінген. 

Қазір елімізде дене шынықтырумен тұрақты айналысатын азаматтардың саны 8 миллионнан асқан. Сонымен қатар Қазақстанда жыл сайын қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар, бәйге және басқа ұлттық спорт түрлерінен мыңнан астам жарыс өткізіледі. Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы жұмыс істеп, Астанада Ұлттық спорт университеті ашылған. 

Тоқаев спортшылардың жеңісі жас ұрпаққа тікелей үлгі екенін де атап өтті.

— Жеңімпаз, чемпион болу – бір басқа, жеңімпазға, чемпионға лайық үлгі көрсету – бір бөлек. Жастарымызды табанды, қайсар, шыдамды болумен қатар, әдепті, мәдениетті, тиянақты болуға үйрету өте маңызды,— деді Президент. 

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев спорттағы жоғары жетістіктері және VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін бір топ спортшы мен сала өкіліне мемлекеттік наградалар табыстады. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: