Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шавкаттың жарқын жеңісі

21.12.2023, 11:00 585

Желтоқсанның 16-сы, тура Тәуелсіздік мерекесінде отандасымыз Шавкат  Рахмонов «UFC 296» турнирінің  аясында қарсыласы  Стивен Томпсонды  2-раундтың соңғы  секундтары  қалғанда қылғындыру әдісімен жеңіп, Тәуелсіздіктің  32 жылдығына ерекше тарту жасады. Бұл – Шавкаттың UFC төңірегіндегі  6-шы  жеңісі.

2019 жылы аталған промоушенмен келісімшартқа отырған Рах­монов өткен жекпе-жектен кейін жартылай орта салмақтың рейтингінде 5-орыннан 3-орынға көтеріліп, титулды жекпе-жекке біртабан жақындады. Жартылай орта салмақ дивизионының қазіргі чемпионы – британдық  Леон  Эдвардс.  «UFC 296»  кардының басты жекпе-жегінде американдық шоу­мен Колби Ковингтонмен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңісті жұлып әкетті. Кейбір паб­ликтер Эдвардстың титул­дық шайқастағы келесі қарсы­ласы палес­тиналық, рейтингте 2-ші болып тұрған Белал Мухаммад десе, енді бірі отандасымыз Шавкат Рахмо­новты титулдық  күреске ла­йық санап  отыр. Спорт букмекер­лері Шавкат Рахмоновтың Леон Эдвардс­пен жекпе-жегіне 1.909 коэф­фициент берсе, ал Белал Мухам­мадқа 4 коэф­фициент беруде. Бұл дегеніміз Шавкаттың титулдың келесі иегері атану мүмкіндігі Белалға қарағанда әлдеқайда жоғары екендігін білдіреді. UFC промоу­шенінің президенті Дана Уайттың өзі Шавкаттың перспективасын жоғары бағалады. Спорт журналистерінің Шавкат Рахмонов­тың титул үшін өтетін жекпе-жек жайын­да қойған сұрағына  былай  деп  жауап  берді.

– Шавкаттың Вондербоймен жұдырықтасудың орнына күресуді жөн көргені мені қатты таңғал­дырды. Себебі, бұған дейін Стивенді ешкім партерде қылғындыру әдісімен жеңбеген еді. Бірақ, Шавкаттың бұл қолынан келді. Рахмонов – әлі жеңіліске ұшырамаған жауынгер. 18-0 – оның қандай дәрежедегі спортшы екенін көрсетіп тұр. Эдвардстың келесі қарсыласы атануы әбден мүмкін, – деді Дана Уайт турнирден кейінгі баспасөз  конференциясында.

Стивен Томпсонмен болған жекпе-жектегі Шавкаттың стиліне кей жанкүйер наразы. 29 жастағы спортшының күреске ден қоюмен қатар жұдырықтасу өнері де жақсы еді. Тіпті аяқпен де жақсы қимыл­дайтын. Дегенмен, Томпсонға қарсы күресуді жөн көрді. Сөйтсек, отандасымыз жекпе-жекке де­йін тобық жарақатын алып, сонда да мойымай шыққан екен. Сондықтан, тұрып төбелесудің қиынға соққанын айтады. Өзінің кардтан кейінгі сұхбатында «Мен турнир басталмас бұрын тобығымды ауыр жарақаттап алдым. Тіпті, дәрігерлер жекпе-жектен бас тартуды ұсынған. Алайда, мен мойымауды жөн көрдім. Сондықтан, аяқпен мүлде теппедім, тек тіземді пайдаландым. Бірақ, шегінерге жол жоқ, Құдайға шүкір, жеңіске жеттім» дейді  отандасымыз.

Сондай-ақ, Шавкат Рахмонов­тың қазақ тіліне деген ерекше құрметі көпшілікті қуантты. Баспасөз конференциясы бастала салысы­мен тек қазақша сөйлеп, қойыл­ған сұрақтарға қазақша жауап беріп отырды. Журналистердің тілдік барьер жөнінде қойған сұрағына «Шыны керек, басқа тілдерді меңгер­ген, әрине, жақсы. Дегенмен, маған қазақша сөйлеудің өзі жеткілікті. Басқа тілде сөйлей алмаға­ным үшін ұялмаймын. Менің ана тілім – қазақ тілі» деп күллі әлем көз тіккен конферен­цияда  сенімді  түрде  жауап  қатты.

Шавкат Рахмоновтың келесі қарсыласы әлі белгісіз. Бұл тек тұжырымдама ғана. Неде болса белдіктің ауылы әлі алыс емес. Көптеген спорт эксперті, экс-спортшы Шавкаттың потенциалына сенімді. Бұл жекпе-жектен кейін Шавкаттың кәрі құрлықтағы танымалдылығы одан әрі арта түсті. Мон­таждалған түрлі видеолар әлемжеліні жаулап жүр. Шавкат бауырымыздың аяқ алысына  тәнтіміз, көз тимесін. Аталған промоушенде Шавкатпен қатар белдесіп жүрген Азат, Асу секілді  батырларымызға  да  алдағы жекпе-жектеріне  сәттілік   тілейміз.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: