Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда қанша орындық стадионды қажет етеді?

26.01.2023, 10:20 720

Өткен жылы облыстың бас  командасы  футболдан ҚР бірінші лигасында жақсы өнер көрсетті. Биыл премьер-лигада бақ сынайтын «қасқырлар» дайындығын бастап та кетті. Спорт жанашыры Садық Мұстафаев «Қайсардың» директоры атанғанда-ақ футболсүйер қауым команданың болашағына сеніммен қарай бастаған еді. Одан соң аңыз ойыншы Мақсат Байжанов спорт директоры қызметіне білек сыбана кірісті. Тәжірибелі футболшы қызылордалық команданың ойын өрнегіне өзгеріс енгізіп, жаңа леп әкелетініне сенетіндер көп. Сондай-ақ, бас бапкерлікке аттай қалап Виктор Кумыковты алып келді. Осы күндері Түркияда оқу-жаттығу жиынында жүрген сырбойылық команда биылғы маусымнан үмітті. Бірінші лига аяқталған тұста «Әкім «Қайсарды» «қанатының» астына алады» деген мақала жариялаған едік. Олай деуімізге де себеп бар.

Облыс әкімі «Қайсардың» 2022 жылдағы соңғы ойынын көзбен көріп, қолдау білдірген болатын. Спорт жанашырлары үшін ақжолтай жаңалықты жеткізіп, демеушілердің қол­дауымен жаңа стадион салу бастамасы қолға алынатынын айтты.

– Ресейдің Краснодар қаласында былтырғы жылы бір жыл ішінде 10 мың орындық 12 миллион долларға жабық стадион салынған екен. Келесі жылы біз де сондай жаңа стадион құрылысын бас­тауға ниеттіміз. Бұған Сыр елінің жанашыр кәсіпкерлері, ірі компаниялары атсалысады деп сенемін, – деді  Н.Нәлібаев.

Көп ұзамай аймақ басшысы «Достық» үйінде өткен салтанатты жиында «Қайсар» футбол клубының маусымдағы күміс жүлдесі мен жоғарғы лигаға жеңіп алған жолдамасымен құттықтап, ыстық ілтипатын білдірді. Стадион мәселесін осы жерде де айтып өтті.

– Мен  өткенде  «Қайсар»-«Жетісу»  кездесуінен  кейін  жанкүйерлерге «Қайсар» командасының зама­на­уи стадионын салуға уәде берген болатынмын. Ресейдің  Красно­дар  қаласында  былтырғы  жылы  12 миллион долларға аз уақыттың ішінде 10 мың орындық жабық стадион салынған екен. Келесі жылы, біз де демеушілер көмегімен сондай еңселі жаңа стадион салуға ниеттіміз.

Қазіргі таңда жаңа стадион құрылысына демеуші ретінде «Саутс Ойл» компаниясы ынтасын білдіріп, жобалау жұмыс­тары атқарылуда. Алдағы жылы жаңа стадион  құрылысын  бастаймыз, – деген еді  облыс  әкімі.

Әрине, бұл жаңалыққа Сыр бойындағы футболсүйер қауым ерекше қуанды. Өйткені, соңғы жылдары Ғ.Мұратбаев есімін иеленген орталық стадионның кем-кетіктері жиі айтылып жүр. Оның үстіне елімізде соңғы 30 жылда саусақ­пен санарлық қана стадион салынғаны белгілі. Екі күн бұрын Қызылорда облы­сы әкімдігінің ресми парақшасында мынадай  ақпарат  жария  болды.

«Бүгін  облыс  әкімі  Нұрлыбек  Нәлібаев 7 мың орындық стадион құрылысының жобасын талқылады. Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов пен облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев аталмыш нысанның эскиздік жобасын көрсетіп, құрылысы бойынша жұмыс­тарды  баяндады.

Айта  кетейік,  7  мың  орындық  стадион облыс орталығының Сол жағалау мөлтек ауданында салынады. Аймақ басшысы аталмыш нысанның құрылысын  сапалы әрі өз мерзімінде жүргізуді тапсырды».

Стадионның 7 мың орындық деп ауысқанын байқаған көпшілік әлеуметтік желілерде өкпе-назын білдіріп жатыр. Бар болғаны спортсүйер қауымды «Миллионға жуық тұрғыны бар қызылордалықтарға 7 мың орындық стадион аз болмай ма?» деген ой ғана мазалайды. Әйтпесе, футбол алаңы демеушілер есебінен салынатындықтан, бірдеңе деу де қисынсыз екенін білмейді емес, біледі.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: