Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚАЗАҚСТАН және ҚЫЗЫЛОРДА: TOP-5 спорт түрі қандай?

06.04.2023, 10:40 570

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі әлеуметтік желіде өте қызықты статистикалық мәлімет жариялады. Негізінен статистика – салыстырмалы түрде көп оқылатын және пайдалы ақпарат. Және оның қысқа-нұсқалығы көпшіліктің уақытын ұрламайды. Сонысымен де сүйкімді. Қазақстандағы қатысушысы көп спорт үйірмесіне тоқталған олар TOP-5-тіктің тізімін түзіпті. Осы орайда, біз де Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасынан өңірдегі ТОP-5 спорт түрін сұрадық. Яғни, облыс бойынша шұғылданушылары көп спорт түріне футбол, волейбол, баскетбол секілді командалық ойындармен қатар, шахмат, үстел теннисі де жатады екен. Бір қызығы, екі тізімді салыстыра келе бір ғана өзгешелікті байқадық.

Қызылорда бойынша халық ең көп шұғылданатын спорт түрі – футбол. Өңірде 55 749 адам футбол ойнайды екен. Футбол – әлемдегі №1 спорт. Демек, біздің аймақта бұл статистиканы ресми растап отыр. Соңғы уақытта облысымызда әуесқойлар футбол лигасы құрылып, әр ауданда да апта сайын ойнап жатқаны жасырын емес. Оның үстіне ресми чемпионат, ел кубогы, суперкубогынан бөлек, футболдан ұйымдастырылатын турнирлер, жарыстар өте көп екені анық.

Сондай-ақ, волейбол спортымен айналысатындардың саны – 35 331 адам. Бұл – облыс бойынша екінші орын. 3-орын баскетболшыларға тие­сілі. Қызылордада 26 350 адам баскетболмен тұрақты түрде айналысатын көрінеді. Байқағанымыз­дай, мұның бәрі – командалық спорт түрі. Сондықтан, қатысушысы көп спорт түріне саналуы да заңды­лық  сияқты. Облыс бойынша 4-орынға шахматшылар жайғасып отыр. Басқарманың баспасөз қызметінің мәліметінше, қызылордалық 14 175 адам шахмат ойнайды. Шахматтан сырбойлықтардың жетістігін санап тауыса алмаймыз. Оның үстіне ақыл-ой ойынына соңғы кездері қызығушы жастардың саны артып келеді. Мектептер де басымдық беруде. Сол себепті, бұл статистика да өте орынды секілді. Ал, 5-орын теннисшілерге бұйырып тұр. Облыс бойынша 12 908 адам үстел теннисімен  айналысады  екен.

Енді дәл осы статистиканы Қазақ­стандағы шұғылданушылары көп ТОP-5 спорт түрімен салыс­тырып  көрсек.

5-орын – үстел теннисі.

Үстел теннисі – жас ерекшелігі мен физикалық дайындығына қарамастан жалпыға бірдей қолжетімді спорт түрі. Бүгінде елімізде 8 мыңға жуық  үстел  теннисінің үйірмесі жұмыс істейді. 242 мыңнан астам адам аталған спорт түрімен айналысады. Жоғарыда жазғанымыздай, оның 13 мыңға жуығы – қызылордалық.

4-орын – жеңіл атлетика.

Тарихы ерте заманнан бастау алатын жеңіл атлетика әлі күнге дейін танымалдылыққа ие спорт түрі саналады. Елімізде 7380 үйірме бар және 384 мыңға жуық адам жеңіл атлетикамен шұғылданады. Дәл осы орынды қызылордалықтардың шахматпен ауыстырғанын жоғарыда байқаған боларсыз. Бұл біздің өңірде жеңіл атлетика дамымаған дегенді білдірмейді.

3-орын – баскетбол.

Қазақстанда командалық спорт түрлеріне қызығушылық өте жоғары. Мәселен, елімізде 562 мыңға жуық адам баскетболмен айналысады. Баскетболдың қыр-сырын үйрететін 11 738 үйірме бар.

2-орын – волейбол.

Мектеп жасынан көпшілігіміздің сүйікті ойынымызға айналған волейболмен біздің елде 766 мың адам айналысады. Қазақстанның барлық өңірінде жасөспірімдер мен ересектерге арналған 16 мыңға жуық үйірме жұмыс істейді.

1-орын – футбол.

Қазақстандағы ең көп қатысушы­сы бар үйірме – футбол. 1 млн 63 мыңға жуық қазақстандық футбол ойнайды. Олардың қатарында аталған спортпен кәсіби түрде айналысатын қыз-жігіттер де бар. Болашақ  футбол  әлемінің  жұл­дыздарын  жаттықтырып, тәрбиелеп шығару үшін елімізде 17 мыңға жуық үйірме жұмыс істейді. Спорт жанкүйерлерінің қызығушылығы өте жоғары бокс үйірмелеріне  126 мыңға  жуық  адам қатысады. Ал, дзюдомен 133 мыңға жуық спортшы айналысса, 116 мыңға жуық адам еркін күреспен шұғыл­данады  екен.

Қалай десек те, спорттың пайдасы  көп. Әрине, белгілі  бір мөлшерде әр спорттың зияны да бар болар. Саламатты өмір салтын ұстанып, қызықты статистикалық ақпараттарды оқып  жүргеннің де еш әбестігі жоқ.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: