Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қазақстан барысының» тоғызыншы чемпионы анықталды

02.07.2023, 19:24 219

HALYQLINE.KZ

«Қазақстан барысы» турнирінің 2023 жылғы финалдық кезеңі аяқталды. Бұл жолғы бәсекеде 41 палуан бақ сынауға тиіс болған. Алайда, Батыс Қазақстан облысындағы іріктеу жарысында аудандық деңгейде жеңіліп қалған спортшы облыстық жарысқа жолдама алуына байланысты, яғни тәртіп бұзғаны үшін бұл өңірдің күрес шеберлерін «Қазақтан барысына» қатысудан шеттетті.

Турнир алғашқы кезеңдерден-ақ қызықты өтті. 2021 және 2022 жылғы «Қазақстан барыстары» Дәурен Нұралиновпен Мақсат Исақабылов іріктеу турынан аса алмай, Данил Феодоров пен Нұрғали Жолтаевқа есе жіберіп қойды.

Бұл жолғы жарыста та көрермендердің көңілінен шықпай, наразылыққа ұласқан бірнеше белдесулер болды. Соның бірі Сыр өңірінің палуаны Айбек Серікбаев пен «Әскер барысы» Марат Байқамұров арасындағы күрес. Белдесу басталғаннан сылбыр күрескен Байқамұровты төреші жартылай финалға сүйреп шығарды. Уақыт таяп қалғанда әдіске салмақ болған Айбек салмағын игере алмай, тербеліп барып жамбаспен отырып қалған сәтін төрешілер ұпай деп санап жіберді. Егер тәжірибелі төреші болса, екі палуанға да соңғы секунттарға шейін мүмкіндік беріп, қоян-қолтық белдесуге ұластырар еді…

Марат Байқамыров жартылай финал мен үшінші орын үшін күресте бәрібір әлсіздігін танытып, жүлдеге іліне алмай қалды. Ал үшінші орынды иеленген павлодарлық Мұхтар Дәлелханұлы көз сүйсінетін күрес көрсетті.

Финалда «Әскер барысы» Ғалымжан Қырықбай Маңғыстаудың Қара бурасы Нұрдәулет Жарылғаповтан басым түсті. Шыны айту керек, бұл финал «Қазақстан барысы» турниріндегі ең қызықсыз, іш пыстырарлық финал болды. Екі спортшының да қоян-қолтық белдесу уақытын күтіп жүргені анық байқалды. Бұған дейін мұндай финал 2015 жылы Бейбіт Ыстыбаев пен Руслан Әбдірзақов атасында өткен. Бірақ ол кезде Руслан Әбдірзақов жеңіске деген жігер көрсетіп алға ұмтылса, Бейбіт Ыстыбаев қашқақтап күресуімен есте қалды.

Сонымен «Қазақстан барысы» атағын «Әскер барысы» Ғалымжан Қырықбай иеленді. Бұған дейін әскерилер арасындағы мұндай табысқа Еламан Ерғалиев 2017 жылы жеткен болатын. Ғалымжан 25 млн теңге мен таятұяқ иеленді.

Екінші орын алған маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов 5,5 млн теңге сыйақы алды.

Үшінші орын алған Мұхтар Дәлелханұлы 1,8 млн теңгемен марапатталды.

Финалдың қоян-қолтық белдесуі осы сілтемеде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: