Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қазақстан барысын» Қызылорда жұрты сән-салтанатпен күтіп алды

11.07.2022, 9:20 316

HALYQLINE.KZ Сыр жұртшылығы қазақ күресінен «Қазақстан барысы – 2022» турнирінің жеңімпазы атанған Мақсат Исағабыловты ерекше сән-салтанатымен күтіп алды. Әуежай алаңында спорт жанкүйерлері, жаттықтырушылар, спортшылар, қоғам белсенділері мен өнер майталмандары және жанашыр азаматтар Мақсат Исағабылов пен бапкері Болат Кенеевті зор қошеметпен қарсы алды. Аймақ басшысының ілтипатын жеткізу үшін облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов құттықтау сөз сөйлеп, барша Сыр халқының алғысын жеткізді.

– Барша Сыр жұртшылығының сенімін ақтадыңыз. Жігерімізді жанып, рухымызды бір көтеріп тастаған сіздер нағыз батырсыздар. Жаттықтырушыларыңызды және ата-аналарыңызды жеңіспен құттықтаймын. Жеңістен жеңіске жете беріңіздер, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Айтыскер ақын Сырым Әділбек Мақсатқа арнау айтып, спорт ардагері Абылай Жалдыбайұлы ел намысын биікке көтерген Мақсатты олжалы жеңісімен құттықтап, байрақты бәсекелерде ел абыройын қорғауды арман тұтқан барша жас спортшыларға ақ батасын берді.

Іс-шара барысында чемпион Мақсат Исағабылов барша қолдау көрсеткен қауымға алғысын айтып, бозкілемдегі белдесу кезінде де Сыр елі халқының жанкүйер, тілеулес болғанын сезінгенін жеткізді. Айта кетейік, ХІ «Қазақстан барысы» республикалық турниріне еліміздің барлық өңірінен ақтық сынға жолдама алған ең мықты 36 балуан өзара күш сынасты. Нәтижесінде бағы мен бабы қатар шапқан Сыр балуаны Мақсат Исағабылов жеңіске жетіп, «Қазақстан барысы» атанды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: