Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қасқырлар» маусымды сәтсіз бастады

21.03.2024, 11:00 502

Футболдан Қазақстан чемпионатының 2-туры мәресіне жетті. Әзірге көш басында қостанайлық «Тобыл» тұр. Турнирлік кес­тенің екінші сатысына елордалық «Астана» жайғасқан. 13 команда арасынан тек осы екі команда ғана 6 ұпайдан еншілеген. Ал «қасқырлардың» турнирлік кестедегі жағдайы мәз емес. Кестеде 2-тур қорытындысы  бойынша 12-орынға табан тіреген. Тек «Шахтерді» ғана қапы қалдырып тұрмыз. Қызылордалық «Қайсар» екі ойынды да өз алаңында өткізді. Бірінші ойында «Ақтөбеден» 1:3,  екінші  ойында «Қызылжардан» 0:3 есебімен жеңіліп, жаппай жанкүйер­лердің наразылығына ұшырап отыр. Жанкүйерлердің айтуынша, ойыншыларға мінез жетіспейді. Осыдан 3-4 жыл бұрынғы эмблема үшін жанын салып ойнаған жігіттер жоқ дейді. Құрамға өзгеріс керек екенін, биылғы трансферлердің көбінің жөнсіз екенін айтады. Жанкүйерлердің пікірінің жаны бар. Қайсарлықтар маусым алдында Түркияда жаттығу жиындарын өткізген болатын. Ол жақта да өңірлік клуб жөнді нәтиже көрсете алмағаны рас. Жалпы бес ойынның үшеуінде қарсыласқа есе жіберді. Тек украиналық «Александрия» клубынан басым түссе, румыниялық «Волунтаримен» тең тарқасты. Ең сорақысы, Германияның үшінші дивизионындағы «Штутгарт» клубына 5:0 есебімен есе жіберді. Осы ойыннан кейін-ақ қайсарлық есті жанкүйерлер клубтың биылғы маусымға дайындығының төмен  екендігін  аңғарды.

Айта берсең, мәселе көп. Расымен де, қызылордалық клубтың ойыны көңіл көн­шітпей тұр. «Ақтөбеге» қарсы ойынға түсі­ністікпен қарадық. Ақтөбелік клубтың қарқыны бәрімізге белгілі. Құрамында ұлттық құраманың Самородов, Оразов секілді белді ойыншылары бар, қақпасын Шацкийдің өзі тіреп тұрған клубқа әуселеміз жетпейтіні әу бастан белгілі болғандай. Дегенмен, «Қызылжар» – «Қайсармен» деңгейлес команда. Өткен маусымда тек 3 ұпайға алда болған. Сол «Қызылжардың» өзі «Қайсарға» қарсы  кәдімгідей  үстемдік көрсетті.

Дегенмен, әр нәрсеге екі жақты көз­қараспен қарағанымыз жөн. Қазіргі таңда клубтың қаражатында үлкен мәселе туындап тұр. Футбол болғасын кез келген клубта апатия болатыны анық. Команданың трансферлік лимиттен шыққаны жақында ғана. Сол себепті, легионерлерді тарту  қиынға соғуда. Бір қуантатын жайт – Думан Нәрзілдаевтың командаға қайта оралуы. Көптен бері «қасқырларға» орталық жартылай қорғаныс шебінің майталманы, нағыз диспетчердің жетіспеушілігі байқалды. Бір кездері қазақ футболынан біраз үміт күт­тірген  вингер Жанқылышбай да команда сапына қосылды. Не десе де, клубтың жаңа ойыншыларына бейімделу (адап­тация) керек. Былтырғы маусымды да сәтсіз бастағандарымен, турнирді 6-орынмен аяқтағаны жадымызда. «Дала қасқырлары» қанша сәтсіздікке ұшыраса да, қолдап, қолпаштап, жігер беру – міндетіміз. Сенейік.

Айтілес АБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: