Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ОЛИМПИАДА-2024: Спортшыларымыздан не күтеміз?

25.04.2024, 11:20 85

Бүкіл әлем көз тіккен дүбірлі дода – Парижде өтетін жазғы олимпиада ойындарына да санаулы уақыт қалды. Алты құрлықтың түкпір-түкпірінен келген спортшылар  4 жылда бір өтетін үлкен турнирдің жүлделерін сарапқа салмақ. 2020 жылы өткен Токиодағы олимпиадада Қазақстан ұлттық құрамасының нәтижесі көңіл көншітпеді. Жарты айға жуық созылған мундиалда отандастарымыз тек 8 қола жүлдені еншіледі. Ол кездегі нәтиженің артын карантин деп жабайық, неде болса биылғы дода ел спортының ақ-қарасын көрсетейін деп тұр. Әзірге олимпиада медаліне үмітті 43 спортшымыз бар. Лицензиялық турнирлер олимпиаданың басталуына  1 ай қалғанға дейін жалғасатыны белгілі. Спорт және туризм министрлігінің жоспарлауынша, Парижде көк туды 90-ға жуық спортшымыз көтереді.

33-ші мәрте өткелі отырған олимпиада эстафетасы франциялықтарға бұйырды. Айта кету керек, Париж – спорт ойындарын 3 рет қабылдаған Лондоннан кейінгі екінші қала. Бұған дейін 1900 және 1924 жылдары да жазғы ойындар Парижде өткен еді. Араға тура жүз жыл салып, олимпиада алауы үшінші мәрте Парижде тұтанбақ. 2017 жылы Халықаралық олимпиада комитетінің Лимада өткен 131-ші сессиясында 2024 жылғы олимпиада ойындарын Парижде өткізу туралы қаулы қабылданған болатын. Парижбен қатар турнирді ұйымдастыруға АҚШ, дәлірек айтқанда Лос-Анджелес те ниеттенген еді. Париж бен Лос-Анджелестің екеуара текетіресінде Франция астанасының асығы алшысынан түсті.

Көптен күткен олимпиада ойындарына отандастарымыз тыңғылықты дайындалып жатыр. Төрт жылда бір келетін жарыстың құрылымына сәл өзгеріс­тер енгізілді. Биылғы жылдан бастап брэйк-дэнс, скейтбординг, серфинг, боулдеринг секілді спорт түрлері олимпиадалық спорт түрлерінің санатына  қосылады.

Ең алдымен басымдықтан бастайық. Тәуелсіз Қазақстан олимпиада ойындары тарихында жүлделері­нің көп бөлігін бокс арқылы жеңген. АҚШ-тың Атланта қаласында болған мундиалдан бастап аталған спорт түрінен әрдайым қатардың  алдын­да  келеміз.  XX  ғасырдың соңы мен XXI ғасыр­дың бастапқы бөлігінде Василий Жиров, Ерма­хан Ибрагимов, Геннадий Головкин, Бекзат Саттарханов сынды белді боксшыларымыз еліміздің көк туын желбіретіп, әрқашан биіктерден көрінді. Аңыз боксшылардың  бастап  берген  жолын  бүгінгілер үзбей жалғастырып келеді. Отандық былғары қолғап шеберлері еш олимпиададан жүлдесіз қайт­қан емес. Ендігі жарысқа аттанатын спортшылардан да күтеріміз көп. Бокстан әзірге 7 жолдама қолда тұр. Сәкен Бибосынов, Махмуд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, ағайынды Нұрбек пен Айбек Оралбай, жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев, әйелдер боксынан Карина Ибрагимова Парижге жолдама еншілеп отыр. Алда әлі 23 мамыр мен 3 маусым аралығында Бангкокте өтетін лицензиялық турнир бар. Ол жақтан да  олжалы  оралуымыз  мүмкін.

Бокстан  ұлттық  құраманың құрамы түбегейлі өзгерді  десек   болады.  Токио   көргендерден  тек  Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев қалған. Бокстан ұлттық құрама кем дегенде 3-4 медальсіз қайтпайтынына сенеміз. Биылғы құрам – жұлдызды құрам. Асланбектің біраздан бері жолы болмап еді, биыл жұлдызы жанатын сәт секілді. Асланбек үшін осы дода үлкен мотивация болары анық. Ал Қамшыбектің жүлдеге ілінетініне сенім мол, бірақ алтын иеленуі сәл қиындық тудыратын сияқты. Себе­бі, Қамшыбек жұдырықтасатын  91 келіден  жоғары  салмақта  Баһадүр  Жалолов  та  күш сынасады. Әзірге бұл салмақта өзбек боксшысына сес көрсете алатын ешкім болмай тұр. Жерлесіміз Баһадүрмен болған жекпе-жектің көбінде есе  жібер­ген.

Жақында өткен Бішкектегі еркін, грек-рим және әйелдер күресіне тоқталайық. Еркін күрес түрі бойынша әзірге тек 2 жолдама ғана бұйырып тұр. Біреуін 86 келі салмақта белдесетін Азамат Дәулетбеков еншілесе, енді бірін 97 келі салмақта өнер көрсететін Әлішер Ерғали еншіледі. Дегенмен, Әлішердің олимпиадаға аттануы көп спортсүйер қауымды қанағаттандырмай тұр. Өйткені,  көпшілік  соңғы Азия чемпионатының күміс медалін қоржынға салған Ризабек Айтмұханның мундиалға барғанын қалап еді. Рас, Әлішердің ішкі турнирлерде атой сап, сыртқа шыққанда әлсіреп қалатынын мойындау керек. Ал Ризабек – әлем чемпионатын жеңген жігіт, Тажудинов­пен тең дәрежеде белдес­кен. Бір жағынан 97 келі салмақ еркін күресте ең бәсекелі салмақ дәрежесі болып саналады. Абдулрашид Саду­лаев, Кайл Снайдер, Ахмед Тажудинов, Шарип Шарипов секілді балуандар белдесетін салмақта жүлдеге ілігу біршама қиындық туғызатыны айт­пасақ  та  белгілі.

Грек-рим  күресінен халіміз жақсырақ. Әзірге балуандарымыз  4 лицензия иеленді. Нұрсұлтан Тұрсынов, Айдос Сұлтанғали, Демеу Жадыраев және Әлімхан Сыздықовтың олимпиадаға аттанатын­дары анықталды. Ал әйелдер күресінен өкініштісі сол, спортшы аруларымыз жолдама ала алмады. Құраманың бас бапкері Нұрым Дүйсеновтың айтуынша, биылғы чемпионатта балуандар өзін жақсы қыры­нан  көрсете  білді.

– Квота алмаған балуандардың мәселесі жаттықтырушылар кеңесінде талқыланады. Ал жолдама алған жігіттер спартакиадаға жолдамаға лайық болды деп ойлаймын. Бәрін таразылаймыз, шешеміз. Мейіржан Шермаханбет іріктеуден өте алмады. Әлімхан Сыздықовқа сәл күш-қуат жетіспей тұрған сияқты. Бұл мәселенің алдын алуға тырысамыз, – деді грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері.

Қалған спорт түрлерінен жағдай бірқалыпты. Толықтай лицензиялық турнирлер бітпейінше, ештеңені дөп басып айта алмаймыз. Ең өкініштісі, Парижде өтетін додаға зілтеміршілеріміз лицензия ала алмады. Бұған дейін бұл спорт түрінен еш мундиалда алтынсыз қайтпаған едік. Допинг дауы бүтін бір спорт құрылымының құлдырауына алып келді. Дзюдодан олимпиаданың  екі  дүркін  жүлдегері  Елдос Сметовтың да жарыс жолынан шығып қалу қау­пі бар. Дзюдодан әр салмақтың үздік 16 спортшысы таңдалатыны мәлім. Ал Елдос Сметов рейтингтің жиырмасыншы орындарында тұр.

Әзірше тек «осыдан жүлдесіз қайтпаймыз-ау» деген спорт түрлерін ғана талдадық. 32 спорт түрінің он шақтысына қатысатынымыз айдан анық. Жаңадан қосылған ойындар әзірге біз үшін таңсық. Жүздіктен әрі аспадық. Сондықтан бұл мәселеге кешіріммен қараймыз, келесі олимпиадада сақадай сай боламыз деген үміттеміз. Олимпиаданың басталуына әлі үш айдай бар. Бұл уақыт аралығында әлі талай лицензия сарапқа салынады, өзгерістер болады. Әліптің артын бағайық, ел намысын қорғауға аттанғалы отырған қыз-жігіттерге сәттілік!

Айтілес   АБАЙҰЛЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: