Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өмірімді спортсыз елестете алмаймын

22.10.2020, 11:00 883

Ғалия  ӨЛМЕНТАЕВА,

дзюдошы:

Өңірімізде төрткүл дүниені таңғалдырып, әлемдік аренада басқалардан озық шыққан спортшыларымыз өте көп. Бозкілемде ойқастап, қарсыластарына  мүмкіндік  қалдырмайтын аруларымыз – өз алдына бөлек әңгіме. Осы тұрғыда өзінің барлық қабілетін көк туымызды­ң көкте желбіреуіне жұмсаған және оған бірнәрсе дәметіп, мадақ күткенді жөн көрмеген қазақ қыздарының  бірі Ғалия Өлментаевамен кезде­сіп, әңгімелескен  едік.

ЕҢ   ҮЗДІК   ЖЕТІСТІГІМ  –  АЗИАДА   ОЙЫНДАРЫ

– Ғалия Қайратқызы, сіз қазір қайда жүрсіз? Дәлірек айтсақ, кәсіби спорттық мансабыңыздан кейін немен айналысу-д­асыз?

– Ес біліп, етек жапқаннан кейін әкем менің спортшы болғанымды қалады. Кішкентай кезімнен осы спорттың айналасында жүріп, бір­шама жетістікке де қол жеткіздік. Жаным­ да, тәнім де сүйген бұл спорт түрін тастап кете алмадым. Кәсіби спорттық мансабымнан кейін олим­пиадалы­қ резерв дайындау орталығында әдіскер маман болып жұмыс істедім. Қазір облыстық жоғарғы спорт шеберлігі мектебінде еңбек етудемі­н. Мен өмірімді спортсыз елесте­те алмаймын десем де болады. Сол себепті бұл ортадан алшақтап кету  жаныма  ауыр  тиері  анық.

– Кәсіби спорт жолына қалай келдіңіз?

– Жоғарыда айтқандай, әкем спортшы болғанымды қатты қалады. Әсіресе, күрес десе ішкен асын жерге қоятын нағыз жанкүйері еді. Өзі де уақытында белдесумен айналысқан. Бізге де білгенін үйретіп, әдіс-тәсіл­дерін көрсететін. Одан соң 8-сыныпта оқуымды жалғастыру мақсатында қалаға келдім. Әкем сол уақытта енді ашылып жатқан Жалаңтөс Баһадүр атындағы спорт мектебіне әкелді. Кәсіби мамандардан білім алып, солар­мен жаттығуды асыға күттім. Себебі, дүбірлі додалардан бой көр­сетсем екен деп армандайтынмын. Алғашқы бапкерім Жамал Бозова болды. Жамал апайымыздың күресу шеберлігі ғана емес, өзін-өзі ұстауы, өжеттігі баурап алатын. Апайымызға барлығымыз ұқсағымыз келетін. Тиісін­ше, сол үшін аянбай еңбек ететінбіз. Дзюдоның қыр-сырын үйретіп, барлық әдіс-тәсілдерді бо­йыма дарытқан сол – Жамал Бозова. Одан кейін Ишанбек Жұмабаевтың қолына келдім. Міне, осындай мық­ты­ бапкерлерден тәлім алғанның арқас­ында әлем бақылаған халық­аралық деңгейдегі ойындарға қатысып, жүлдегер  атандым.

– Мәселен…

– Осы уақытқа дейін біршама халықа­ралық жарыстарға қатыстық. Жүлделі болған кезіміз де болды. Деген­мен, менің спорттық мансабымымдағы ең үлкен жетістік Азия ойын­дарында 3-орын алғаным еді. Жалпақ тілде Азиада деп жатамыз ғой. Төрт жылда бір  келетін дүбір­лі дода. Тиісін­ше, мойнымызға артылған жауапкершілік те үлкен. Көпжылдық ең­бектің барлығы босқа кет­кені­н қаламайсың. Сол себепт­і жеңімпаз атануға барынша тырыстым. Басқа мемлекеттің спортшылары да бұл сайысты асыға күтіп, нық дайындықпен келеді. Дегенмен, қуанышыма орай, сол додада тұғырлы орыннан көрін­дім. Татамиге шығу барысында ең алғаш­қы қарсыла­сымның моңғол қызы екенін білдім. Бір құрлықтың спортшысы  бол­ғаннан кейін осының алдында  3 рет кездескен болатынбыз. Дегенмен, соның барлығында жеңі­ліп қалған едім. Айламды­ асыра алмай­ жүрген шебер  спортшының  бірі сол болатын. Алғашқы­ қарсыласымның кім екенін білгенде, ішімнен өзімді жегідей­ жедім. Тартыс басталмай тұрып беріліп қойғандай күй кешіп, өн бойым­да неше түрлі ойлар қаптап кетті. «Шынында, осыншама жыл күткен додадан алғашқы ойында-ақ ұтылып қаламын ба?» деп өзімді біраз шыңдап алдым. Ол менің ең мықты қарсыласым еді. Дегенмен, тез арада жиналып, осы жолы ұтуға бел бай­ладым. Сөйтіп,  татами­ төріне шығып, моңғол қызын уақытынан бұрын, толық  ұпаймен  жеңдім. Қуанышымда шек болмады. Өзімді қоярға жер таппай қатты қуандым­. Ары  қарай  оңай  болатынын түсін­дім. Алайда жартылай финалда  жапон­ қызына есе  жіберіп, үшінші  орынға таластым. Осылайша, сол жарыст­а ел қоржынына  қола  медаль  сыйлаған   едім.

ЖАПОНИЯДА  ДЗЮДО  СПОРТЫ  МІНДЕТТІ  ПӘН  РЕТІНДЕ  ОҚЫТЫЛАДЫ

– Қазіргі  жас спортшылардың басты­  мәселесі  қандай?

– Елімізде  қазір  дзюдо спортының инфрақұрылымы  жоғарғы  деңгейде. Бұл  жайында  сөз қозғаудың қажеті де жоқ деп ойлаймын. Себебі, спортшыға жақсы өнер көрсету үшін барлық­ жағдай жасалған. Тиісінше, соңғы уақытта спортшыларымыз да биіктерден көрінуде. Біздің жігіттер әр салмақта фаворит болып есеп­теледі. Кез келген додалардан олжамен оралады. Ал қыздар жағы қазіргі таңда сәл бесеңдеу болып қалған секілді. Себебі, біздің арулардың мен­тал­итетінде спорт жат қылық болып­ есептеледі. «Спортпен айналысу қыздардың ермегі емес» деп түсінгендіктен, көбісі қатыспайды. Кейбіреулер орта жолдан тастап, басқа­  мамандықтарды  таңдап  кетуде.

– Оны қалай шешуге болады?

– Бұл мәселені шешу үшін қазіргі таңда ұлттық құрама сапына легионерлер алынды. Жас қыздарымыз солар­мен бірге жаттығып, үйреніп, ал бүлдіршіндер солардың жетістігімен өсіп, осы жолды таңдайтын шығар деп ойлаймын.

– Жалпы, шет елдердің аруларында мұндай менталитеттің болмауының себебі­  неде?

– Қазақта «қызға қырық үйден тыйым» деген сөз бар. Қыз қылығымен сүйкімді ғой. Ал спорт көп күшті талап етеді. Біздің аруларымыздың спортты көп таңдай бермеуі осыдан шығар деп ойлаймын. Басқа елдерде спортпен шұғылдануды қыз, ер деп бөлмейді. Керісінше, барлығы бірдей қатысады. Мысалға,  Жапония елінде­ өткен оқу-жаттығу жиынында жер­гілікті  студенттерді  көрдік. Сұрас­тыра келе  оларда  дзюдо  спорты міндет­ті пәндер  қатарында бар екенін білдік. Қатысқысы келсе де, келмесе де, мін­детті пән болғандықтан жаттығу­ы керек.­ Соның арқасында оларда «теріс» менталитет болмайды. Бізді таңғалдырғаны олардың қарапайым жастарының өзі күрестің хас шебері екен. Аруларының барлығы күрестің әдіс-тәсілдерінен хабарда­р  десек  те  болады.

– Қазір Сыр елінде бұл спорттың ахуалы  қандай?

– Облыс аумағында да бірнеше спортшыларымыз шығып жатыр. Халық­аралық  деңгейде  өнер көр­сетіп жүргендері де аз емес. Қазір тек дзюдо­ ғана емес спорттың барлық түрі дамып келеді. Алдағы уақытта мықты спортшы­ларды  даярлап  шығаруды  мақсат етіп  отырмыз.

– Алға қойған қандай жоспарыңыз бар?

– Өзімнің балам боксшы болғанды армандайды. Мен де әкем секілді соны барынша қолдап, биіктен көрінгенін қалаймын. Соған дұрыс жол көрсетсем деймін. Есейген соң шешімін өзгертемін десе де, қарсы болмаймын. Сонымен қатар, қазір бізге жас спортшылардың жеңісіне қуану ғана қалды. Солармен бірге жарыстарға барып, еш уайымсыз жаттығуы­на ықпал етсем деймін. Сол үшін барлық құжаттарын реттеп, қағаз жағынан мәселе туындамауын қадағалайтын боламын. Осылай азда болса соларға өз көмегімді тигізсем болды. Менің жалпы қазіргі міндетім де – сол.

– Әңгімеңізге  рақмет! Алдағы жоспарыңызға  сәттілік  тілеймін.

Сұхбаттасқан Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: