Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұнайшылар спортпен айналысады

29.09.2022, 10:00 229

Өңірде соңғы уақытта спортпен айналысушылар  саны  артып  келеді.  Оны тұрғындардың  спортқа  деген  белсенділігінен бөлек,  «ПетроҚазақстан  Құмкөл  Ресорсиз»  АҚ  ұйымдастырған  бөлімшелер  арасындағы  жеңіл атлетикалық  сайыстарынан да аңғаруға болады. Өткен айда  мұнайшылар  мерекесінен бастау алған іс-шараның легі  кешеге  дейін  жалғасын тауып келді. Мұнай және газ қызметкерлерінің қатысуымен болған доданың деңгейі өзге сайыстарға қарағанда ерекше әрі қызықты өтті. «ПетроҚазақстан» спорт кешенінде мұнай-газ өнеркәсібі жұмыскерлерінің күніне арналған «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ компаниясының бөлімшелері арасында «ПетроҚазақстан-2022»  спартакиадасының   салтанатты  жабылу  рәсімі  өтіп,  жеңімпаздар  марапатталды.  Жеңімпаздарды  марапаттау  рәсіміне  мемлекеттік  органдармен  жұмыс  жасау   департаментінің  директоры Тілеуберген  Шаутай,  басқарма  төрағасының  қаржылық  мәселелер  жөніндегі  орынбасары  Қуаныш  Әжібеков, кәсіподақ  комитетінің  төрайымы  Бақыт  Мұқашева  қатысты.

ЕҢ  БАСТЫСЫ  –  ЖЕҢІС  ЕМЕС,  ҚАТЫСУ

«ПетроҚазақстан Құмкөл Ре­сор­сиз»  жұмысшылары  арасында  бол­ған  сайыс 9 спорт түрін қамтып, оған қатысушылар өзара бақ сынаған. Бөлімше атынан шығатын спортшылар спартакиадасы жыл са­йын дәстүрлі форматта өтуді әлі де  тоқтатпаған. Тек пандемия уақытында ғана іс-шаралардың ақсағаны алаңдатқан. Ал бұл жолғы спорттық бәсеке көпшілігінің көңілінен шығып, олардың жұмысқа деген шабытын оятып, іскерлігін арттырды. Өйткені қыз­меткерлердің кәсіби мерекесі өз алдына үлкен спартакиадамен бас­талған еді. Алдағы айналымдар  осының   дәлелі.

Жиналғандар алдында сөз сөйле­ген Қуаныш  Әжібеков корпоративтік  спорт  петроқазақстандықтардың өміріне бұрыннан сіңіп кеткенін тілге тиек ете келе, «Корпоративтік спартакиаданы өткізу дәстүрге айналды. Бас жүлде – жеңімпаз кубогын жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған өзімнің «Қаржы» командасын мақтан тұтамын. Қалған қатысушыларға жасымаңдар демекпін, келер жылы бақтарын сынап, жеңіске жетулеріне тілектеспін, өйткені ең бастысы – жеңіс емес, қатысу», – деп өз ойын түйіндеді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, спорттың 9 түрінен ұйымдастырылған спартакиада бір ай көлемінде өткізілді. Әрбір доданың өту динамикасына аса мән беріп, жария­ланған жеңімпаздардың жетістігі адал  әрі еңбегіне байланысты бұйыр­ды. Бақыт Мұқашева спарта­киаданы ұйымдастырушыларға ал­ғысын білдіріп, жарыс жеңімпаздарын құттықтады, оларға алдағы уақытта  спортта   да,  еңбек  жолында да тола­ғай  табыстар тіледі. Соны­мен бірге, ол қатысушыларға 40 жастан асқан ардагерлер арасында волейболдан өткен республикалық турнирдің, «KMGPROF CUP 2022» турнирінің және 60 жастан асқандар арасында шағын футболдан ҚР чемпиона­тының қорытындысы туралы хабар­лап, KMGPROF ұйымдас­тырған аталған республикалық жарыстардың «Үздік демеуші», «Үздік әлеуметтік әріптес» және «Үздік ұйым­дастырушы» номинациясындағы естелік  сыйлықтарын  табыс  етті.

Сонымен, барлық жарыс маусы­мының қорытындысы бойынша күміс  және қола жүлдегерден 9 ұпайға  оза  шауып,  турнир  кестесінде  89 ұпай   жинаған «Қаржы департаменті» командасы 2022 жылғы спартакиаданың көшбасшысы атанып, жеңімпаз  кубогын  иеленді.

БИЛЬЯРД   БӘСЕКЕСІ

Бильярд турнирі – бұл әріптес­тер арасындағы жай ғана жарыс емес, бұл әуесқойлар үшін әрі жаңадан үйреніп жүрген жандар үшін де жанға жағымды және көңілді елітер ойын түрі десе де болады. Адамның физикалық тұрғыдан өсіп-жетілуі мен жас шамалары да ойын барысында айтарлықтай маңызды емес, сол себепті спорттың осы түрі жұрттың баршасына қолайлы болып саналады.

Ал компания қызметкерлерінің ой-пікірінше, бильярд көптеген басқа спорт ойындарынан өзінің салыстырмалы түрдегі байыптылы­ғымен ерекшеленеді, сонымен қатар, ойынның аталған түрі адамның зият­керлік қарым-қабілетін дамытып, ойлау жүйесін үйлесімді ететіні тағы бар. Петроқазақстандықтар үшін бұл спорттық ойынның ұйымдасты­рылуы жоғары деңгейде өткені байқалды. Жеңімпаздар да дән риза. Турнир айналымдық жүйе бойынша, яғни «Мәскеу пирамидасы» қағидасына орайластырылған реттілікпен өтті. Жарысқа спорттың бұл түрінің шынайы жанкүйерлері болып табы­латын жандар көптеп жиналды. Бойдағы буырқанған күш, ойынға деген құмарлық, тамаша нәтиже көрсетуге талпыныс ойыншыларға бір сәт те тыным берместен турнир қатысушыларын барынша жеңіске ынталандырып тұрды. Ұзақтығы он бір сағатқа созылған достық рәуіш жағдайындағы қызу сайыстар толастамады, оған қатысушылардың ойынға құштарлығы мен көңіл күй толқулары алма-кезек астасып жатты, алғашқы жүлделі үш орын үшін шиеленісті бәсеке ойынның соңына дейін қыза түсті.  Турнирдің барлық қатысушылары бильярд ойыны әуесқойлары үшін тәп-тәуір ойын өрнегін көрсете білді. Жарыс қорытындысын шығару кезінде жүлдегерлердің есімі анықталды. 10-нан аса адам бақ сынасқан ойында үздіктер 1-11 адам аралығында анықталды. Нәтижесінде МРБ-лық Аманбек Жүнісов 3-орынға ие болса, 2-орынды қаржы бөлімінің маманы Абзал Жүнісов жеңіп алып, жүлделі 1-орын Құмкөл МГӨЦ-тік Ғали Мақатаевқа бұйырды.

СУ  СПОРТЫ  САҢЛАҚТАРЫ

Суда жүзушілер сайысы үш кезеңде өтті, яғни әйелдер мен ерлер­дің жекелей жүзулері және аралас эстафета. Жекелей есепте ерлердің алдында 50 метр қашықтықты еркін стильде еңсеру міндеті тұрды. Үздік  нәтиже – 35,38 секундты  Нұрбол Тәжібаев (МРБ) көрсетті, екінші орында – Жетес Құлмағанбетов (МГӨЦ Құмкөл), нәтижесі – 35,65 секунд, үшінші орынды 36,19 секунд нәтиже көрсеткен Нұржан Пазылбеков (технологиялық бөлім) иеленді.

Әйелдер арасында 25 метр қашықтыққа жүзуде 25,94 секунд нәтижемен Анастасия Гюндюз (ГПЖЦ) алға шықты, екінші орынды 26,38 секунд нәтижемен Юлия Түгелбаева (Қаржы) еншілесе, үшінші орын 27,66 секунд нәтиже көрсеткен Әлфия Шәкіроваға (МРБ)  бұйырды.

Ал, командалық эстафе­тада бірінші болып «ГПЖЦ» команда­сының жүзгіштері 43,12 секунд нәтижемен үздік шықты. Мә­реге екінші болып «МРБ» ко­мандасының жүзгіштері 43,19 секундта жетті. Үшінші орынға «Геология, өндіру және игеру» командасы көтеріліп, 45,99  секунд  нәтиже  көрсетті.

Қорытындысы бойынша, үшінші орынды «Геология, өндіру және игеру» командасы, екінші орынды «ГПЖЦ» командасы, ал бірінші орынды  «МРБ»  командасы  жеңіп  алды.

ШАХМАТ  «ШАБАНДОЗДАРЫ»

Он  бір  команда осы спорт түрінен біріншілікке таласты. Әрбір коман­дада  екі қатысушыдан өнер көрсетіп, шахмат жарысы кәсіби төреші  Секина Қырмызының төре­лік  етуімен  өткізілді.

Турнир командалық-швейцарлық жүйе бойынша 5 турда өтті. Уа­қытты бақылау партиясының әр қатысушысына 15 минуттан белгіленді.

Бірінші турдан бастап, қорытынды турға дейін командалар арасында ымыраны білмейтін нағыз табанды күрес жүріп жатты. Бірде-бір коман­даның құрамында разрядтары бар шахматшылар болмағанын айта кеткен жөн. Дегенмен, мұнайшылар шахмат ойынын бұзбай бақ сынас­ты. Оның үстіне шахмат қызықты әрі тартысты ойын болғандықтан, барлық партиялар  әдеттегідей  соңғы минут­қа дейін ойналды. Қорытындысы бойынша 3-орынды «Геология, өндіру және игеру бөлімінің» мүшелері Қуат Құрманғазиев пен Мұрат Өндірбаев алды. Ал 2-орынды «Қаржы бөлімінің» қызметкерлері Рауанхан Досмағанбетов мен Ақболат Ережепов иеленсе, жүлделі 1-орын «МРБ» бөлімінің мүшелері Нұрлан Әбибуллаев пен Қанат Күлімғалиевке бұйырды.

ҚОЛ  КҮРЕСУ  –  КӨЗ  ТІРЕСУ!

Армрестлинг – бұл спорттық жеке жарыстардың түрі, бұл жарыс­тағы матчтың өткізілуі кезінде бір­ыңғай аттас қолдары қатты, тегіс беткейге қойылып, алақандар құлып болып ұстасады. Жарысқа қатысу­шылардың міндеті – қарсыластың қолын беткейге басып қыспаққа алу. Армрестлинг спорттың олимипиа­далық түрі болып табылмайды, алайда қол  күресі  кең  танымалдыққа  ие.

Турнир өткізілгенге дейін осы жарысты спартакиадаға енгізудің қажеті бар ма, жоқ па, күш сынаса­тындар табыла ма, табылмай ма, әрбір салмақ дәрежесі бойынша қатысу­шылардың  қажетті  адам  саны  жинала ма, жиналмай ма деген көп күмән де болды. Турнирге Қызыл­орда облысы Мәдениет және спорт басқармасының  бөлім  бас­тығы  Ғалым  Сихымов төрешілік жасап, кәсіби әрі қауіпсіз қазылық­тың болуын қамтамасыз етті. Жарыс регламенті  бойынша команданың құрамы екі салмақ дәрежесі бойын­ша (80 келіге дейінгі және 80 ке­лі­ден жоғары)  жасақталды. Жарыс қоссайыс жүйесі бо­йынша  өтті – сол жақ қолмен де, оң жақ қолмен де сайысу. Армрестлинг бойынша ұйым­дастырылған жарыс­тарға 20 атпал азамат қатысып, әркім өз салмақ дәрежесінде жеңіске жету үшін күш сынасты. 80 келіге дейінгі салмақ қорытындысында Денис Татаренко (Құмкөл МГӨЦ) – 3-орынды, Қалмұхаммед Әбілқасымов (құрылыс және жобалау бөлімі) – 2-орынды, Бауыржан Сарманқұлов (техноло­гиялық бөлім ) 1-орынды жеңіп алды. 80 келіден аса салмақ қорытындысына  мән берсек, Қуаныш Алмағанов (газды пайдаға жарату цех) – 3-орынға, Асхан Жолды­баев (Құмкөл МГӨЦ) – 2-орынға, Константин Ерчков (қаржы бөлімі) 1-орынға  ие  болды.

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ  –  ТҰНҒАН  ТЕҢДЕУ

Еске сала кетейік, тоғызқұмалақ – бұл ерте дәстүрдегі қазақ халқының ұлттық ойыны, ол алғаш рет төрт мың жылдан астам уақыт бұрын дүниеге келген және жыл өткен сайын жұртшылыққа кеңінен танымал бола түсуде. Тоғызқұмалақты әр жылдары қазақ ұлты зия­лыларының  атақты  өкілдері  Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов және басқалар  ойнаған.

Әр ойналатын партиядағы мақсат – қарсыластың шарларын өз қазаныңа мейлінше көптеп жинап  алу. Ойын  адамды қисын­дық жүйе­мен   ойлауға және өз математикалық қабілеттерін дамытып-өріс­тетуге ықпал етеді. 8 команданың өкілдері спорттың осы түрінде біріншілікті өзара сарапқа салды. Жарыстарға төреші Ақторғын Қош­қарова қазылық етті. Жарыстар айналмалы жүйе форматында өтті. Оның қорытын­дысы бойынша «ҰКЖЖ-ның Өндіру технологиясы» бөлімінің маманы Айдос Мақашев 3-орынды иеленді. Ал «Қаржы» командасынан Ғабит Жәкебаев 2-орынға ие болса, «Геология, өндіру және игеру» тобынан қатысқан Әбдіқадыр Төлегенов жүлделі  1-орынды  жеңіп  алды.

ЖЕҢІЛ  АТЛЕТИКАЛЫҚ  ЖҮГІРУ

Жеңіл атлетикалық жүгіру жа­рысына құрамы 27 адамнан құралған 9 команда қатысты. Жарыс бағ­дарламасы былайша көрініс тапты: жүгіру 100 м (ерлер), жүгіру 100 м (әйелдер), жүгіру 800 м (ерлер), аралас  эстафета  3х100.

Үздік командалар атағы үшін жеңіске жету бәсекесінде осы жарыс­тарда қатысушыларға қатал сынақтай әсер еткен күйіп тұрған күн қызуы да кедергі бола алған жоқ. Дегенмен, аптап ыстық жағдайында жұмыс істеуге үйренген мұнайшылар жеңіске ерекше құлшыныспен  ұмтыла   түсті.

100 метр қашықтыққа жүгіруде ерлер арасында үздік шыққандар Арман Жұмахметов (МРБ), Олжас Шерехан (Қаржы), Нұрболат Балманов (Құмкөл  МГӨЦ) болды.

Әйелдер арасында 100 метр қашықтыққа жүгіруде Дана Әбуо­ва (МРБ), Әмина Жанахметова (Қаржы), Асылзат Төлепбергенова (Геология, өндіру және игеру) тәуір нәтиже  көрсетті.

Ал  800  метр  қашықтыққа   жүгіруде  ерлер  арасында  үздік  шық­қандар – Нұрсұлтан Әбдімүтәліп (МГӨЦ Құмкөл), Ермұрат Ердул­лаев (Өндіру технологиясы жөніндегі бөлім) және Ғалымжан Құрман­баев  (ГПЖЦ).

Жеңіл атлетикалық аралас эстафетада «Қаржы», «МРБ», «МГӨЦ Құмкөл»  командалары көш бастады.

Спорттың аталған түрі бойынша жалпыкомандалық есепте 1-орынға 41 ұпаймен «Қаржы» командасы, 2-орынға «МРБ» командасы, үшінші орынға «МГӨЦ Құмкөл» командасы көтерілді.

ВОЛЕЙБОЛ  –  СПОРТТЫҢ  БИІГІ

Спорттық жарыстар әртүрлі бөлімшенің қызметкерлерін сөз жүзінде емес, іс жүзінде бір коман­даның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне тамаша мүмкіндік болып табылады. Осындай спорттық іс-шаралардың арқасында қызметкерлер есте қалатын ұмытылмас эмоциялар мен сезімдерді бірге  бастан кешіріп ғана қоймай, белсенді демалып, күш жинап, спорттық дәстүрлерді нығайтады.

11 команда 3 топқа бөлінді. «А» тобына келесі командалар кірді: «Кеніштегі өндіру технологиясы бөлімі», «МРБ», «Кеніштерде көрсетілетін өндірістік қызметтер» және «Қаржы» тобы болды. «В» тобында «ГПЖЦ», «Технологиялық бөлімі», «Құрылыс және жобалау», «Қауіпсіздік» топтары бой көрсетті. «С» тобында «ҚАМ МГӨЦ», «Геология, өндіру және игеру», «Құмкөл МГӨЦ» командалары  болды.

Матчтарды 15 ұпайға, 2 жеңіске дейін өткізу туралы шешім қабылданды. күні  бойына  әр  команда  6 ойын ойнап үлгеріп, оның ұпайлары бойынша төрешілер жарыс­тың жартылай финалистері мен финалистерін  анықтады.

Турнир қорытындысы бойын­ша жүлделер келесідей бөлінді. 1-орынды «Кеніштегі өндіру технологиясы бөлімі» командасы жеңіп алса, 2-орын «Құмкөл МГӨЦ», 3-орын «ГПЖЦ» командаларына  бұйырды.

ДОП  ДОДАСЫ

Футзал турнирінің бастапқы кезеңінде қатысушылар үш топқа бөлінді. «А» тобында «Геология, өндіру, игеру», «ҚАМ МГӨЦ», «ГПЖЦ» командалары кездес­ті. «В» тобында «Өндіру технологиясы тобы», «Құрылыс және жобалау», «Кеніштегі өндірістік қызметтер» командалары ойнады. С тобына «Қаржы», «Құмкөл МГӨЦ», «МРБ» командалары жайғасты.

«А» тобында екі команданы ойсыратқан «ҚАМ МГӨЦ» командасы жеңіске үміткер атанып, алғашқы үштікке енді. Жиналған ұпай саны бойынша ақтық ойын­дарда 4-6-орындар үшін бақ сынасу құқығын «Геология, өндіру және барлау» командасы, 7-9-орындар үшін «ГПЖЦ» командасы  еншіледі.

«В» тобында «Өндіру технологиясы бөлімі» командасы екі команданы ұтып, алғашқы үштіктен өз орнын сайлап қойды. Жиналған ұпай саны бойынша ақтық ойындарда 4-6-орындар үшін таласу құқығына «Кеніштегі өндірістік қызметтер» командасы, 7-9-орындар үшін «Құрылыс және жобалау»  командасы  ие  болды.

«С» тобында жеңіске үміткер екі команда – «МРБ» мен «Құмкөл МГӨЦ» командалары бірдей ұпай санын жинады, қақпаға салынған голдар мен жіберілген доптар саны бойынша алғашқы үштікке «МРБ» командасы ілікті. 4-6-орындар үшін бақ сынасу «Құмкөл МГӨЦ» командасына бұйырса, 7-9-орындар үшін талас «Қаржы» командасының үлесіне тиді.

Қызықтың бәрі орындар үшін таласқан ақтық ойындарға қалдырылды. Матчтар мейлінше қызу әрі тартысты өтті. Көптеген айла-тәсілдер қолданылып, тамаша голдар соғылды. Нәтижесінде 1-орынды «МРБ» командасы иеленді, 2-орын – «Өндіру технологиясы бөлімі», 3-орын – «ҚАМ МГӨЦ» командаларында. Шағын футболдан жарыс керемет өтті. Спорттық іс-шараның соңында қатысушылар жалпы естелік фотоға түсіп, өткен ойындардан алған әсерлерімен бөлісіп, көтеріңкі  көңіл  күймен  тарқасты.

ТЕННИСШІЛЕР  ТЕКЕТІРЕСІ

Мұнайшылар теннис спортынан да құралақан емес екенін көрсетті. Шағын ракетка шеберлері арасында өткен жарыстар шын мәнінде көпшілік тамашалаған шиеленісті ойын болды. Он бір команда спорттың осы түрінен текетіресті. Әрбір команданың құрамында үш қатысушыдан (2 ер, 1 әйел) өнер көрсетті.

Командалар екі кіші топқа бөлінді. Нәтижесінде І кіші  топтан «МРБ» командасы алға суырылып шықса, ІІ топтан «Газды пайдаға жарату цехы» топ жарды. Ал, топтық турнирден кейін жалпы қоры­тынды есеп бойынша «Газды пайдаға жарату цехы» командасы 1-орынды иеленсе, «Қаржы» командасы 2-орын, «Геоло­гия, өндіру және игеру» коман­дасы  3-орын  алды.

Иә,  мұнай  саласы – қай уақытта да экономикамыздың күретамыры. Мұнайшылардың арқасында облысымызға құйылып жатқан қаржы тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге үлкен септігін тигізеді. «Дені саудың – тәні сау» дегендей спорт адамға күш-жігер беріп, денсаулық сыйлайды. Сондықтан мұнайшылар да  спортпен  айналысады.

Жалпы, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз»  АҚ қарамағындағы барлық  қызметкерге жағдай  жасап,  жұмыстан бөлек, танымдық, сергитін де сәттер болды. Спартакиаданың дәстүрлі өтуі жұмысшылардың белсенділігіне байланысты. Сол үшін мұндағы қызметкерлерге арнайы іс-шаралар ұдайы  ұйымдастырылып  тұрады.

Е.СӘРСЕНҰЛЫ,

Суретті  түсірген  А.Тайгунов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: