Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Миллиондар көз тіккен мундиаль

24.11.2022, 10:40 514

20 қарашада еліміз президент сайлауын өткізді. Ал, футболсүйер қауым Катардың «Әл-Байт» стадионында 2022 жылғы әлем чемпионатының ашылу салтанатын тамашалады. 60 мың жанкүйерге арналған стадионда атақты актер Морган Фриманның монологы қойылып, әлем чемпионатына қатысатын елдер таныстырылды. Катар елінің басшысы алғысөзін айтып, ала доп додасын ресми ашты. Әлем біріншілігінің беташар кездесуінде Катар құрамасы Эквадорға қарсы ойнап, жеңілді. Бұл алғашқы ойында алаң иелері жеңіліс тапқан тұңғыш әлем чемпионаты болып отыр.

Катар – мұсылман елдері арасында әлем чемпионатын өткізуге мүмкіндік алған алғашқы ел. Жер  көлемі  жөнінен  әлемде 158-орынды  алатын  шағын  ғана  мемлекеттің 5  қаласында  8  стадион  салынғаны  туралы  көпшілік  жарыса  жазды.

Бұл – Месси мен Роналдудың соңғы әлем чемпионаты. Иә, дәл солай болуы мүмкін. Сондықтан, футболдың қос жұлдызы барын да, нарын да салары анық. Бұған дейін Месси­дің алтын бутсымен ойнайтыны туралы ақпарат та көп талқыланған-ды.

Біз өз кезегімізде Сыр елінің спорт сарапшылары мен журналистерінен әлем чемпионаты­нда қай командаға жанкүйер екенін және қай команда жеңімпаз болатынын сұрап  көрген  едік.

Рыскелді  ЖАХМАН

Сіз не дейсіз?

Әлібек БАЙШҮЛЕНОВ, спорт  сарапшысы:

– Жанкүйерлер үшін көптен күткен үлкен футбол мерекесі үйреншікті емес қараша-желтоқсанда келді. Бұл дода мамандар, бапкерлер, ойыншылар үшін футболдың дамуы жолындағы үлкен кәсіби алаңына айналады. Катардағы әлем біріншілігінде ірі сенсациялар күтудің қажеті шамалы, себебі заманауи футболда кездейсоқтық деген болуы екіталай. Бірақ айта кетейін, егер де дүниежүзінің түкпір-түкпірінен шақырылған төрешілердің кәсіби біліктілігі жоғары сапалы деңгейде болса, онда ойындардың нәтижесіне әсер етпейді.

Ал фаворит командаларға келетін болсақ, меніңше, бүгінгі күні әлемде 10 үздік команда бар. Олар – Бразилия, Аргентина, Уругвай, Франция, Германия, Англия, Испания, Бельгия, Нидерланд және Хорватия. Сенімдімін, бас жүлде үшін Европа (УЕФА) және Оңтүстік Америка (КОНМЕБОЛ) конфедерация командалары таласады. Осы континенттерде футбол деңгейі өте жоғары. Ал Азия (АФК), Африка (КАФ), Солтүстік Америка (КОНКАКАФ) және Океания (ОФК) мүшелері ширек финал немесе жартылай финалға жетсе, ол өте үлкен жетістік болып саналады.

Бір нәрсе сөзсіз, Әлем Кубогын ең мықтысы жеңеді. Менің болжамым – бірінші төрттікке Франция, Аргентина, Испания, Англия құрамалары енуі әбден ықтимал. Осылардың ойыншылары да, бапкерлері де өте мықты. Ал өзім Бразилияға жанкүйер боламын.

Әділжан  ҮМБЕТ, спорт  журналисі:

– Катардағы  әлем  чемпионатының ерекшелігі – қыс  айында  өткізіліп жатқаны. Екінші   ерекшелігі,  бұл – 32  команда  қатысып  жатқан соңғы  әлем  чемпионаты.  Алдағы әлем чемпионатында 48 құрама қатысады. Мен Франция құрама командасына жанкүйерлік етемін. Ол  командада    әлемдік футбол  жұлдызы көп. 2018 жылғы жетістігін қайталай алады деген үміттемін. Одан кейінгі чемпион болуы мүмкін деген командам – Германия,  үшіншісі – Нидерланд. Ең бастысы, футболсүйер қауым қызықты ойын көргісі келеді.

Әділбек ЖАҚАНОВ, спорт журналисі:

– Катардағы әлем чемпионаты – біраз аңыз футболшының соңғы мундиалі. Роналду, Пепе, Месси, Модрич, Азар, Левандовски секілді ойыншылар клубтық деңгейде бәрін жеңіп алды. Енді жаһан кубогын көтеруді де армандайтыны анық. Бірақ, жанкүйер ретінде бұрыннан Пиреней түбегіндегі екі елге бүйрегім бұрады. Ол – Португалия мен Испания. Алайда осы біріншілікте Криштиану Роналдудың әлем чемпионы атанғанын қалап отыр­мын. Жай еден жуушының ұлы болған Роналду ұлы футболшы атанса да дандайсып,  ішкілікке  салынып,    ойын-сауық құрып кеткен жоқ. Кәсіби футболшы ретінде әлі күнге дейін көпке үлгі. Және қай жерде жүрсе де, анасын жанынан тастамайтынына ризамын. Жалпы, Португалия құрамасында Криштиа­нусыз да команданы өрге сүйрейтін ойыншы көп. Сондықтан, Роналду бастаған, Пепе қоштаған жігіттер жеңіске жетсе деймін. Ал әлем чем­пионатының басты фавориттерінің қатарына Бразилия, Франция, Германия мен Аргентинаны да қосар едім.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: