Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кениялық желаяқ Қазақстан азаматтығын қабылдады

12.10.2021, 15:15 356

HALYQLINE.KZ «Бір кездері ұзақ қашықтыққа жүгіруден Африка рекордын жаңартқан Каролин Чепкоеч Кипкируи Кения азаматтығынан бас тартып, еліміздің намысын қорғайтын болды» деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Спортшы бүгін өтетін Бостон марафонына Қазақстан азаматы ретінде тіркелген. Егер Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы (IAAF) рұқсат етсе, спортшы алдағы уақытта әлемдік жарыстарда еліміздің атынан өнер көрсетуі тиіс.

Негізі Қазақстанға 2017 жылы Кениядан 4 спортшы келген. Олар – Шығыс Қазақстан облысында құрылған «Altay athletics» атты кәсіби жеңіл атлетика клубының мүшелері. Жоғарыда есімі аталған Каролин Кипкируиден бөлек, Нора Джеруто, Дэйзи Джэпкимэй, Шэдрак Коэч сынды спортшылар бар.

Бұл спортшылар әлемдік жарыстарға «Altay athletics» клубының өкілі ретінде қатысқанымен, азаматтығы ретінде Кения көрсетіліп жүрді. Өйткені заңға сәйкес Қазақстанда олар бес жыл тұруы тиіс. Міне, олардың келгеніне бес жылға жақындады. Оның үстіне, Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы да талапты күшейтіп тастады. Сондықтан Қазақстан атынан жарыстарға қатыса алмай жүрді. Алғаш болып, кениялықтардан Каролин Кипкируи азаматтық қабылдады.

Каролин Кипкируи 1994 жылы 26 мамырда дүниеге келген. 2018 жылы Катар астанасы Дохада өткен «Гауһар лиганың» алғашқы кезеңінде 3 мың метрге жүгіруден жеңіске жеткен. Сол жарыста Кипкируи осы қашықтықтағы жеке рекордын жаңартқан болатын (8.29,05). Одан бөлек, дәстүрлі Boost Boston Games халықаралық жарысында 5 мың метрге жүгіруден топ жарған (15:55,24). 2017 жылы «Гауһар лиганың» соңғы қорытынды сайысында күміс жүлдеге ие болған. Дәстүрлі Ғ.Қосанов мемориалының 5 мың метрге жүгіруден рекордын жаңартқан (15.14.17).

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: