Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Келешегі кемел ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫ

15.06.2022, 10:50 479

Қазақ және футбол сөзі бұрын бір-біріне қарама-қайшы ұғым еді. Бір ғасырдан аса уақытта аталған спорт түріне ден қойған отандастарымыз көп деп айтуға болады. Стадионға жиналған жанкүйердің айызын қандырып, көздің жауын алатын ойын көрсеткен аяқдоп шеберлері болды. Десе де, командалық ойында қорытынды нәтиже жиі көңілге қаяу салатын еді.

2002 жылдың 25 сәуірінде Стокгольмде өткен УЕФА-ның 26-конгресінде Қазақстан ресми түрде Еуропа футбол қауымдастығы одағының құрамына қабылданды. Осы бір сәттен бастап қазақ футболында қаншама елеулі өзгеріс болды. Еуропаның дүлдүл командаларымен бәсекелесіп, ірі турнирлерге бару үшін таласқа түсу жұмысы басталды. Клубтық деңгейде «Астана», «Қайрат», «Тобыл», «Ақтөбе» командалары ел сенімін ақтап, көпшілікті қуантты. Стадионға жиналатын халық қарасы көбейді. Жас жеткіншектер армандаумен қатар, мақсатқа жетуге ұмтылды. Жанкүйерлерде шынайы сезімді сезіну, мақтан тұту, патриоттық күш пайда болды.

Отанымыз бұрыннан бері футболды дамытуға көп қаражат бөледі. Қазақстан футбол федерациясы премьер-лига клубтарына, бірінші лига командаларына, стадион құрылыс жұмысына, оқу-жаттығу сапарына, ұлттық құрамамыздың әрбір ойынына демеушілік жасайды. Егерде шетелден келген ойыншыларымен қаржылық тұрғыда мәселе туындаса, белгілі бір уақыт аралағында екіжақты ортақ шешімге келеді. Бұл жағдайды тікелей УЕФА қадағалайды. Аталған оқиғаларды ескерсек, қазақ футболы кез келген уақытта сындарлы сынақтардан өтуге дайын.

Ендігі кезекте жаңа Қазақстандағы ұлттық құрамамыздың ойынына тоқталып өтейік. Үшінші рет өткізіліп жатқан Ұлттар лигасының топтық кезеңі отандастарымыз үшін сәтті өтуде. Он күннің ішінде 4 ойын өткізген теңбіл доп қаһармандары 10 ұпайды қанжығасына байлап, алғашқы орынға жайғасты. Үш жеңіс, бір тең есеп таңғаларлық нәтижеге сараптама жасаймыз. Бұрын-соңды болмаған тарихи нәтижеге қол жеткізудің сыры неде?

Ең алдымен, Қазақстан футбол федерациясына жаңа президент тағайындалды. «Шахтер» футбол клубының директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқаратын Әділет Бәрменқұлов сайлауда ең көп дауысқа ие болып, өз жұмысын бастады. Алғашқы қадам сәтсіз ойындардан кейін құрамамыздың бас бапкері Талғат Байсуфиновтың орнынан кетуімен басталды. Командаға жаңа бапкер ретінде премьер-лигадағы білікті жаттықтырушы Андрей Карпович келді.

Бапкердің алғашқы ойыны Ұлттар лигасының С тобында қалу үшін болатын Молдовамен маңызды матч болды. Қос ойын қорытындысы бойынша үлкен нәтижеге қол жеткізу қажет еді. Ұлттық құрамамыз артылған жауапкершілікті толығымен ақтап шықты. «Астана Аренада» өткен екінші ойында пенальти сериясы бойынша басымдыққа ие болып, С лигасындағы орынды сақтап қалды. Әйтсе де, белгілі бір себептерге байланысты құрама тағы да бапкер алмастырды. Ресейлік маман Магомед Адиев тізгінді өз қолына алды. Футбол жанкүйерлері болған жайтты түсіне алмай қалды. Наразылықтар күшейді, басшылықты сынады.

Магомед Адиев көптеген жағымсыз пікірге қарамастан, өз жұмысын бастады. Премьер-лига футболшыларымен жақын таныс маман өзіне қажет ойыншыларды ұлттық құрамаға шақырды. Осы бір тұста біріншіліктегі тартыс та қыза түсті. Бірінен-бірі өтер клубтар интригаға толы маусым өткізіп жатты. Құрама сапына «сен тұр, мен атайын» дейтін аяқдоп майталмандары жиналды. Жаңа философиялық ойын үлгісі, жаттығуда көңілді керемет атмосфера орнады.

Ұлттар лигасының алғашқы ойыны өз алаңымызда өтті. Ойын фавориті – қонақ команда, яғни Әзірбайжан құрамасы. Ойынның алғашқы жартысын қарсыласымыз белсенді бастады. Бірақ үзілістен кейін ұлттық құрама жинақталып, қос допты өз пайдасына әкелді. Екінші ойында С тобындағы азулы қарсылас Словакия құрамасымен кездесті. Трнава қаласындағы Антон Малатински стадионында болған ойын нәтижесі бір ғана голдың арқасында шешілді. Керемет пас алмасу шеберлігінен кейін Аслан Дарабаев дара гол соқты. Осы жеңіс Қазақстан ұлттық құрамасының қонақтағы жарқын жеңісі аталды. Кезекті матч Сербия мемлекетіндегі Нови-Сад қаласында Караджордже алаңында өтті. Құраманың қарсыласы бітіспес бәсекелесі Беларусь командасы еді. Ойындағы шартты түрде алаң иелері – беларустар. Әйтсе де саяси жағдайға байланыста олар өз елінде ойын өткізе алмайды. Біз күткендей аталған ұжым тағы да Қазақстанға қиындық туғызды. Алғаш болып есеп ашқанмен, ойынның аяқталар тұсында бұрыштамадан доп өткізіп алды. Осылайша, екі жақ тең тарқасты. Командамыз 7 ұпаймен бірінші орынды сақтап қалды.

Маусымның 13-і күні «Астана Арена» стадионында Словакия құрамасымен қарымта ойын ойнады. Осы матч қарсаңында Қазақстанға танымал продюсер, актер Нұрлан Қоянбаев алаңға тумен келген жанкүйерлерге 500 тегін билет таратып берді. Осы үрдістің көмегімен ұлттық құрамамызға ерекше қолдау әдісін таптық десек те болады. Атмосфера, қолдау жоғарғы деңгейге жетті. Ойынды тамашалауға келген 28 745 мың жанкүйердің, телеэкран алдындағы миллиондаған көрерменнің сенімі ақталып, көтеріңкі көңіл күйде матч тамамдалды. Эмоцияға толы ойында керемет жүйелі футбол, талас-тартыс, жаға ұстасу, айқай-шу да болды. Қорытынды есеп 2-1, Қазақстанның пайдасына шешілді. Осылайша, бұрын-соңды болмаған тарихи көрсеткішке қол жеткізіп, алғашқы орынды сақтап қалдық. Топтағы қалған екі ойын қыркүйек айында өтеді. Бір ойында алаң қожайыны болсақ, екінші кездесуде қонаққа барамыз. Бірінші орын иеленген құрама Ұлттар лигасының В тобына жолдама алады. Жанкүйерлер керемет көңіл күй сыйлағаны үшін Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұловқа ерекше алғыс айтады. Басшының жеңісті күндерде ойыншылармен бірге болып, қолдау көрсеткені – көздің жауын алатындай керемет көрініс. Барлығы сынаған ұлттық құрама бапкері Магомед Адиев үлкен құрмет көрсетуге тұрарлық. Өз ісінің шебері екенін сөз емес, іспен дәлелдеді. Қазақ, намыс, рух, жігер ұранымен қолдау көрсеткен футбол көрермендерін де құттықтаймыз! Жеңісті күндерде жолыққанша!

Нұрдәурен ЖӘРДЕМХАН

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: