Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Футбол – бұқаралық спортты дамытатын бірден-бір спорт

17.02.2022, 11:00 718

ҚР  президенті  Қ.Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» жолдауында жасөспірімдердің спорттық әлеуетін арттыруға назар аударуды тапсырды. Онда бұқаралық спорт пен дене шынықтыруға, әсіресе балаларға көңіл бөлу, әрбір облыс пен аудан орталықтарында спорт секцияларын ашуға басымдық беру туралы айтылған. Бірнеше жыл бойы экс-президент Н.Назарбаев жолдауын жүзеге асыру мақсатында 2020 жылға дейін спортпен тұрақты шұғылданушыларды 30 пайызға жеткізу жоспарланған еді. Біздің өңір бұл цифрды оңай еңсерді. 2020 жылы спортпен тұрақты түрде айналысатындардың саны 30,2 пайыз болды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі күні Қызылордада дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылардың үлесі 34 пайызды (280 432 адам) құрап отыр. Соңғы 3 жылда облыста спортты серік еткен тұрғындар саны 3,8 %-ға өскен.

СПОРТТЫҚ  ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ  КЕРЕК

Бұқаралық спортты қалай дамытамыз? Міне, осы сұрақ алдымыздан шығады. Егер біздің спорттық нысандарымыз болмаса, болған күннің өзінде халықтың қолы жетпей тұрса, ол қалай дамиды? Сондықтан, осы мәселені бірінші орынға қоюдың қажеттілігі туындады. Қазір тұрғын үй аулаларында балалардың ойын алаңқайлары, футбол алаңдары көп салынып жатыр, жаңартылып жатыр. Одан бөлек көшеден жаттығу жасайтын орындарды да жиі кездестіруге болады. Халық спортпен шұғылданып, денесін шынықтыруға қалыптасып келеді. Сондықтан, спорт кешендерінің де, спорттық алаңдардың да саны артуы керек.

– Саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында  2021 жылы 1322 іс-шара өтіп, оларға 123 367 облыс тұрғыны қатысты. 2021 жылы спорт түрлерінен 13 Қазақстан Республикасының чемпионаты мен кубогы, 32 халықаралық, республикалық және 111 облыс біріншіліктері мен турнирлер, спартакиадалар ұйымдастырылып, жалпы 25000 спортшы қатысты.

Жоғарғы білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында балаларға арналған 1 мектеп-интернат-колледжі, 1 облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі, 1 олимпиадалық даярлау орталығы және 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың 46 түрімен 608 жаттықтырушы-оқытушы 21 161 спортшыны тәрбиелеуде, – дейді Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асылжан Жаманқұл.

Тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен шұғылдануы  үшін  негізгі  мәселе – спорттық инфрақұрылымды дамыту. Бүгінде облыста 2353 спорт нысаны халыққа қызмет көрсетеді. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 112 нысанға артқан.

ӘУЕСҚОЙЛАР  ЛИГАСЫ  ӘРҚАШАН  ТАРТЫСҚА  ТОЛЫ

Бұқаралық спортты дамытуда футзалдың, футболдың рөлі ерекше. Қызылордада осы күні футболдан әуесқойлар лигасы жұмыс істеп тұр. Әуесқойлықтан кәсіпқойлыққа ауысып жатқандар да бар.

– Аймақта футзалдан әуесқой лиганың әлеуеті артып келеді. Биылдың өзінде бір ғана шаһардан 84 команданың басы құралып, 2000 мыңға жуық әуесқой футзалшы паркетте аладоптың көркін қыздыруда. «Зенит», «Кгэк», «Адам-арафат», «Азамат», «Абай-Дәулет», «Достар» секілді командалар республикада атой салды. Облыс футзалының тағы бір жемісі – Нұрдәулет Бөрібайұлы. 25 жастағы қақпашы қысқы трансфер терезесінде елордалық «Нұрсұлтан» командасының сапын толықтырды. Нұрдәулет енді азулы «Қайрат», «Атырау», «Ақтөбе» сынды футзал клубтарына қарсы матчтарда «Нұрсұлтанның» қақпасын қорғайды, – деп хабарлады «Қайсар» футбол клубының баспасөз қызметі.

Иә, биыл лигада 84 команда бар. Балалар лигасын, Шиелі мен Қазалы аудандарындағы филиалдарын қосқанда 120-дан асады. Бұл жаман көрсеткіш емес.

– Облыстық әуесқойлар футбол лигасы туралы көп нәрсе айтуға болады. Осы уақытқа дейін өз мүмкіндігімізді, өз жұмысымызды көрсете алдық деп ойлаймын. Мемлекеттен қаржылай көмек болса, лига жұмысы әлде де көтерілері сөзсіз. Мысалы, спортзал, футбол алаңдарын жалға аламыз, ойындарды ұйымдастыру, өткізу, т.с.с. жұмыстардың бәрі қаржыға келіп тіреледі. Лиганың ауқымын кеңейту үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жалағаш пен Қармақшы аудандарында лига ашу ойда бар, – дейді Қызылорда облыстық әуесқойлар футбол лигасының директоры Еркен Жантуғанов.

Соңғы өткен 35+ командалары арасындағы ел біріншілігіне Қызылордадан үш команда қатысты. Үшеуі де топтан шығып, жақсы ойын өрнегін көрсетті. Ал, өткен жазда «Достар» командасы күміспен қайтқан. Үш маусым бойы екі күміс, екі қола медаль еншіледі. Ахмет Алайдаров, Дәуренбек Тәжімбетов және Жандос Кеңесовтер «Үздік ойыншы» номинациясын алды. Жалпы, жыл өткен сайын әуесқойлар арасында өтетін ел біріншілігінде бәсекелестік артып келеді. Командалар саны да едәуір көбейген. Алғашында 32, одан соң 40, сосын 54 команда болды. Бұл – халықтың бұқаралық спортқа ден қойып келе жатқанының бірден-бір белгісі.

– Деңгей биыл өте сапалы, бұрын Супер лига мен А лигасы мықты  еді, биыл  В  мен  С  лигасы  да осал емес. Былтырғы А лига мен Супер лигада ойнағандардың көбі В мен С лиганың командаларына ауысқан, жоғарғы лигаларда жастар көбейді. «Қайсардың» мектебінен түлеп ұшқан футболшылар, кәсіби карьерасын жалғастыра алмаған жас ойыншылардың барлығы осы лигада доп теуіп жүр. Сондықтан да әуесқой лиганың деңгейі жылдан-жылға жоғарылап жатыр, – дейді Қызылорда облыстық әуесқойлар футбол лигасының әкімшісі Жанболат Каденов.

Бүгінде Қызылордада Супер лига, А, В, С, Д лигалары,  35+ (35  жастан  жоғарылар  ойнайды – ред.), Өнер лигасы, Балалар лигасы, Шиелі және Қазалы лигалары тұрақты түрде ұйымдастырылып жүр. Өткен жылдың соңында мемлекеттік орган қызметкерлері арасында саламатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту мақсатында үшжақты өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Меморандум аясында футболмен жүйелі түрде шұғылданушылар санын арттыру мақсатында Қызылорда облысының Qyzylorda Qyzmet Cup лигасымен мемлекеттік орган қызметкерлері арасында облыс көлемінде футбол ойындарын ұйымдастыру және өткізу үйлестірілді. Осылайша, мемлекеттік қызметкерлер де бұқаралық спортқа өз үлесін қосуда.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: