Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Енді қазақ спортының көткеншектеуге қақысы жоқ

17.04.2025, 9:00 1055

Легионерге бюджеттен көк тиын да қаралмайтыны белгілі болды. Яғни, бұдан былай шетелдік спортшыны өз командасында көргісі келетіндер демеуші табуы тиіс. Осылайша, әлемнің түкпір-түкпірінен келіп, ақшаны оңды-солды қалтаға басатын легионер спортшылар үшін бюджет «сауын сиыр» болуын тоқтатты.

Қазақстан үкіметі шетелдік спортшыларға белгілі бір деңгейде тыйым салып жатыр. Мұны Президент пәрменінен туған шешім деуге әбден негіз бар. Шыны керек, еліміздің соңғы екі Олимпиададағы жетістігі мәз емес. Одан қалды, соңғы уақытта жеңістің не екенін ұмытып қалған «Астана» баскетбол клубы, «Барыс» хоккей клубы, шетелге турист болып барып-қайтуды әдетке айналдырған «Астана» велоклубы секілді спорт командаларының көрсеткен нәтижесі сан мәрте сыналып, бюджетке басыбайлы байланып қалғаны баспасөзде талай рет жазылды. Мол қаржыны қалтаға басқандардың қатарында футболдың бар екені бесенеден белгілі. Сөйте тұра, әлемдік рейтингте 100-орынға да кіре алмайтынымыз спортсүйер қауымды қатты қынжылтады.

ПРЕЗИДЕНТ  ПӘРМЕНІНЕН  КЕЙІНГІ «ПАТРИОТИЗМ»

Өткен жылғы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Париж олимпиадасының жүлдегерлерін марапаттау рәсіміндегі сөзінің «жаңғырығы» қатты-қатты шықты. Онда мемлекет басшысы еліміз спортшыларды дайындауға көп қаржы бөлетінін, бірақ соңғы төрт жылдықты түйіндейтін жарыстардың нәтижесі көңіл көншітпейтінін нақты айтты. Сөз арасында ол бала­лар спортына ден қоюды, спортшы-легионерлерден  арылуды  тапсырды.

– Мемлекет ең жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындауға жеткілікті мөлшерде қаржы бөледі. Сондықтан жұртшылықтың халықаралық жарыстарда кейбір спорт түрлерінен жүлде күтуі – заңдылық. Салалық ведомство спорттың олимпиадалық түрлерін дамыту ісінде кеткен жүйелі қателіктерді егжей-тегжейлі талдауы тиіс. Кешенді реформа жасайтын уақыт келді. Ал оны жүзеге асыру үшін құзыретті министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті және спорт федерациялары үйлесімді әрекет етуі керек. Спортта әділ бәсекелестік рухы салтанат құруы қажет. Жемқорлықпен табанды түрде күресіп, жоғары нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіретін протекционизм секілді факторлардан  іргені  аулақ  салған жөн, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Балалар мен жасөспірімдер спортына баса мән беру – бүгінге дейін аз айтылмаған тақырыптың  бірі. Сонымен қатар, спорт инфрақұры­лымсыз  ешқашан  дамымайды. Мұны бәрі біле­ді, бәрі айтады. Бірақ, осы бағыттағы жұмыстар аз  екенін  мойындауымыз  керек.

Шетелдік  спортшыларға  азаматтық  беріп,  ел  атынан  додаға қосуды  доғару  керегі  айтылғаны  сол еді, айналамызда «патриоттар» көбейе түсті. Негізінен, шетелден дайын спортшыны әкеліп, жүлде алғызу, сол арқылы мемлекеттен сыйақы, пәтер мен көлік алу да біреулердің  жүріп  тұрған  дайын  бизнесі  еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн» деген сөзі спорттың айналасындағы басшыларға қатаң ескерту болғаны анық. Сонымен, аталған жиында естір құлаққа есті сөз айтылып, шенділер мен шенеу­ніктерге шегелеп тапсырма берілді. Содан бері не  өзгерді?

ДЕПУТАТТАР  ҚАЗАҚ СПОРТЫН  ДЫМЫН  ҚАЛДЫРМАЙ  СЫНАДЫ

Сол-ақ  екен, ҚР Туризм  және  спорт  министр­лігін нысанаға алған жазбалар бұқара­лық  ақпарат  құралдары мен әлеуметтік желі­лерде жиі шыға бастады. Әсіресе, депутаттар Мәжіліс отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламент­телуін болғызбау мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында белсенді жұмыс істеп, сұрақтарды жауапты  министрлікке қарша боратумен болды.

Мысалы, мәжіліс депутаты Айдос Сарым «Барыс» хоккей клубының экс-ойыншылары Эдвард Паскуале мен Алекс Гранттың жалақысын айтқанда, көпшілік мұны есептеуге біраз уақытын жұмсады. Ізінше отандық клубқа қазақ бапкері тағайындалып, шетелдік біраз ойыншымен  қош  айтысты.

Тағы бір депутат Ерлан Сайыров Қазақстанда 180 спорт түрінің тіркелгенін мәселе етіп көтерген-ді. Бұған дейін «Халық» газетінің тілші­сі де «Қажетсіз федерацияларды қашанғы қаржыландыра береміз?» деген тақырыпта мақала жариялаған  еді.

Онда  ҚР Туризм және спорт министрлігі бізге берген ресми мәліметінде «Астана» футбол  клубы»  жеке клубының ақпаратына сәйкес, «Самұрық-Қазына» АҚ тарапынан легионер­лерге  2020 жылы 3 574 626 888 теңге, 2021 жылы 3 766 460 266 теңге, 2022 жылы 1 824 428 244 теңге, 2023 жылы 2 168 352 776 теңге қаражат бөлінген»  деп  жазылған  болатын.

Өз кезегінде ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Ерлан Сайыровқа «Заң жобасы аясында осы мәселе қаралады» деп алдағы уақытта аталған статистикалық мәлімет міндетті  түрде  қысқаратынын  жеткізген  еді.

Сенатор Дархан Қыдырәлі болса, футбол федерациясының қаражатты қайда, қалай жұмсап жатқаны туралы ашық мәлімет таппағанын айтып қынжылды.

«Еліміздегі футболды дамытуға арналған федерацияның жылдық бюджеті 10 млрд теңгені құрайды. Бұл қаражаттың қайда, қалай жаратылып жатқаны туралы ашық ақпарат жоқ» деп  ашынған  болатын  ол.

Мұнан өзге де спорт сарапшылары мен журналис­тер отандық спорттың кем-кетігін ашық сынап, министрліктің жұмысын жеңіл­детуге  үлес  қосты.

ҚАРЖЫ  БӨЛУГЕ  ТЫЙЫМ  САЛАТЫН  НОРМА  ҚАБЫЛДАНДЫ

Осыған дейін Мәжіліс «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын  екінші  оқылымда  қабылдады.

Заң жобасы 2024 жылдың 13 қарашасында Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған еді.

Депутат Нартай Сәрсенғалиевтың сөзінше, халық қалаулылары заң жобасының жүйелі шығуына барынша себепші болған.

– Заң жобасына депутаттар бірнеше маңыз­ды норманы енгізді. Мәселен, министрлік бұрын бекітіп жіберген, атының өзін ағайын білмейтін спорт түрлерін қазына қаржысынан қағу үшін нақты шешім қабылданды. Заңға жоғары жетістіктер спорты деген түсінік енді, салаға бөлінген мемлекеттің қаржысы соларға бағытталады. Жоғары жетістіктер спортына: олим­пиада, параолимпиада, сурдоолимпиада, азия, пара­Азия және ұлттық спорт түрлері кіреді. Бұрын уәкілетті министрлік 180-нен астам спорт түрін тіркеп қойып, оның барлығына қаржы беріп келген болса, енді олардың саны 3 есеге қысқарады. Жоғары жетістіктер спортының ішінде жоғары жетістік көрсеткендері үшін басым спорт түрлері  деген түсінік енгізіліп, оның басымдықтары да  айқын  көрсетілді, – деді  ол.

Ең бастысы, легионерлерге мемлекеттің бюджеті есебінен де, квазимемлекеттік сектордың бюджеті есебінен де қаржы бөлуге тыйым салатын  норма  қабылданған.

Шетелдік  спортшыларға  қатысты жаңа  заң  жергілікті  спортшыларға көбірек  мүмкіндік  беру  және  елдегі жас  таланттарға  жол  ашуды көздейді. Десе де, бұл өзгерістер кей клубтың  қаржылық  мүмкіндігіне әсер етуі, яғни халықаралық тәжірибелерді қолдану мен бәсекелестікті  арттыруына  кедергісін келтіруі  мүмкін.

ЛЕГИОНЕРГЕ  БЮДЖЕТТЕН  БІР  ТИЫН  ДА  ТӨЛЕНБЕЙДІ

Жақында ғана Сенат дене шынықтыру және спорт мәселелеріне қатысты түзетулерді екі оқылымда қарады және мақұлдады. Құжатты сенат­ор  Әсем  Рахметова  таныстырды.

– Заң дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, сондай-ақ әкімшілік реформаның 2-кезеңін іске асыру шеңберінде орталық және жергілікті атқарушы орган­дар арасындағы құзыреттердің аражігін ажырату  мақсатында  әзірленген, – деді  ол.

Заңмен 2 Кодекске, 5 заңға келесі жаңалық­тарды  қамтитын  түзетулер  енгізіліп  отыр:

– басым спорт түрлерін олардың рейтингі негізін­де емес, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдоолимпиада, Азия және Пара Азия ойын­дарында ұлттық құрама командалардың өнер көрсету  нәтижелері  бойынша  қалыптастыру;

– республикалық және өңірлік спорт федерацияларын ұлттық спорт федерацияларына өзгер­ту;

– жоғары  жетістіктер  спортына  жататын  басым спорт түрлерін бірінші кезектегі тәртіппен қаржыландыруды  жүзеге  асыру;

– спорттың ойын түрлері бойынша кәсіби спорт клубтарын ұстауға лимиттер белгілеу;

– Қазақстан азаматтары болып саналмайтын спортшыларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салу;

– спорт федерацияларын аккредиттеуге қатыс­ты  талаптар  белгілеу;

– аккредиттелген спорт федерацияларына діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөнінде шаралар қабылдау міндетін белгілеу;

– бірыңғай оператордың қаржысына спорттық  инфрақұрылым объектілерін салуға мүмкіндік  беру;

– уәкілетті орган  республикалық  мемлекет­тік  дене шынықтыру-спорт  ұйымдарының бірінші басшыларын, жергілікті атқарушы орган­дар жергілікті мемлекеттік дене шынық­тыру спорт ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды  іске  асыру.

Сонымен қатар, спорттық іс-шараларға және халықаралық спорттық жарыстарға жіберу кезінде бірінші топтағы мүгедектігі бар спортшыны алып жүретін адамның шығындарын өтеу жөніндегі заңнамалық талап та белгіленіп отыр.

Бұдан өзге спорттық медицинаны дамытуға бағытталған нормалар көзделген. Спортшылардың мамандандырылған медициналық көмегін қамтамасыз ету, сондай-ақ спорттық меди­цина және оңалту саласында заманауи технология­ларды енгізу мақсатында ұлттық спорттық медицина және оңалту ұйымын мемлекеттік кәсіпорын нысанында құру ұсынылады. Заңмен спортшылар мен жаттықтырушыларға Мемлекеттік әлеуметтік қолдау көрсету тәртібіне де өзгерістер  енгізілді.

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сейсенбіде нақты қол қойды.

Басқа-басқа дәл осы легионерлерге келгенде  спорт  сарапшыларының  пікірі қақ жарылатынын әлеуметтік желіден анық байқап жүрміз. Жергілікті ойыншылар мен жастарға жол көрсету мақсатында шетелдік ойыншылардың (қай спортта болмасын) тәжірибесі керек екені рас. Бірақ, өз елінде қажет болмай қалған ойыншылардың жарытып ойнамайтыны да түсінікті. Жалпы алғанда, жалдап алған солдаттардың жанын салып «соғыспайтыны» әуелден белгілі жайт еді. Қуанарлық жағдай, мұны ел билігі де түсінген сыңайлы.

Спорттағы соңғы соны өзгерістерден соң ойыма «енді қазақ спортының көткеншектеуге қақысы жоқ» деген сөз орамдары  келе  берді.  Осылай  деуге болатын  да  шығар…

Рыскелді  ЖАХМАН

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: