Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дәурен Абаев Сыр еліндегі бірқатар мәдениет және спорт нысанының жұмысын көрді

21.09.2022, 16:35 82

HALYQLINE.KZ

Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге бірқатар мәдени нысанды аралап, спорт кешендерінің жұмысын көрді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдымен ведомство басшысы «Мұз айдыны» кешеніне барып, балалармен кездесті. Спорттық-сауықтыру кешенінде сырғанау мұз айдыны, волейбол, баскетбол – командалық ойындар залы, жекпе-жек үшін оқу-жаттығу залы, спорттық билерге арналған хореографиялық сынып қарастырылған. Қазіргі таңда нысанда 615 адам 7 спорт түрінен жаттығуда.

Кейін облыс әкімі мен министр «Тарлан» спорт кешенінде аялдады. 2016 жылы ашылған нысан бір мезетте 120 жаттығушыны қабылдай алады. Спорт кешенінде бокс, күрес, тэквондо, ауыр атлетика және жаттығу залдары, демалыс бөлмелері, медициналық кабинет, асхана мен жатақхана бар. Мұнда 100 жаттықтырушы жұмыс істейді және 350-ден аса адам жаттығып жүр. Бүгінге дейін спорт кешені қабырғасында 20 ҚР спорт шебері, 78 ҚР спорт шеберіне үміткер дайындалды.

Спорт кешені алаңында Нұрлыбек Нәлібаев пен Дәурен Абаев жас спортшылармен кездесіп, олардың спортқа деген ынта-жігерін арттыру бағытындағы шаралар туралы пікірлесті.

Облыс әкімі балалар жылы аясында өңірде демеушілер көмегімен 80 ойын алаңын салу басталғанын жеткізді. Сондай-ақ, Оқушылар үйі де бой көтеретінін тілге тиек етті.

Министр Ұлттық спортты, оның ішінде ат спорты мен ат туризмін заманға сай жаңғырту мақсатында «Ұлы дала жорығы» атты жаңа жоба жарыққа шыққанын тілге тиек етіп, марафонға белсенділік танытып, жанкүйер болуға шақырды. 1200 шақырымдық марафон-бәйге елордамыздан бастап Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарын қамтиды. Марафон жеңімпаздарына І орын 30 млн теңге, ІІ орын 20 млн теңге, ІІІ орын 15 млн теңге ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Әрі қарай министр облыстық музейге барып, Сыр еліндегі құнды жәдігерлермен танысты. Ғимаратта 11 көрме залы бар, мұнда аймақ тарихы көне дәуірден бастап қазіргі заманға дейін көрсетілген. Музейде 62 мыңнан аса жәдігер сақтаулы.

Дәурен Абаев Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында облыс тұрғындарымен кездесуге барып, азаматтармен жеке қабылдау өткізді. Өзекті сауалдарға жауап берді.

Еске салайық, Қызылорда облысында өткен жылдан бастап 11 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге, биыл 4 жаңа объекті эксплуатацияға енгізіледі деп күтілуде, олар Қазалы ауданының Үрмәш Түктібаев ауылы, Жаңақорған ауданының Ақжол ауылы, Шиелі ауданындағы Шиелі кентінде және Сырдария ауданының Бесарық ауылындағы спорт кешендері.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: