Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бассейндегі «қанды қырғын»

04.02.2022, 9:00 742

HALYQLINE.KZ

1956 жылдың 6 желтоқсанында Мельбурн олимпиадасында СССР мен Венгрия құрама командасы су полодан финалдық кездесуде екі жақтың ватерполистері төбелесіп, бассейн қанға боялған еді. Олимпиада бассейні «қырғиқабақ соғысының» (холодной войны) ыстық нүктесіне айналды. Қақтығыс не себептен болды?

1956 жылдың 23 қазанында Венгрия астанасы Будапеште он мыңдаған халық бейбіт шеруге шығып, советтік режимнен бас тартатынын мәлімдеді. Кремль оған жол бермейтінін білгесін қолына қару алып социалистік құрылысты құлатпақшы болғанда, сол кездегі СССР-дің Венгриядағы елшісі Ю.В.Андроповтың ұсынысымен Будапештке Совет армиясының танкілері енгізілді. Екі апта созылған көтеріліс 8 қарашада күшпен басылды, 3000 адам өліп, 20000 адам жараланды.

1956 жылғы Мельбурн олимпиадасына Венгрияның олимпиадалық командалары елдегі жағдайға байланысты толық барған жоқ. Ал венгр ватерполистері шетінен жүрек жұтқан болып шығып, барамыз деп шешті. Будапешт әуежайын совет әскерлері басып алғандықтан, спортшылар Прага арқылы ұшып кетті.

СССР мен Венгрия ватерполистері бассейнде кездесетінін олимпиада жанкүйерлері асыға күтті. Егер қырғиқабақ соғыстың апогейі совет танкілерінің Будапештке басып кіруі болса, екі команданың бассейнде кездесуі екі жүйенің текетіресі болатынын сезіп асыға күтті.

Батыстың ақпарат құралдары «Бассейндегі шайқас Будапешт көтерілісінен кем болмайды» деген мағынада жарысып жазып жатты. Ал, СССР-дегі медиакеңістік еш нәрсе болмайтындай, олимпиада күнделігін жазып жатты.

Айтқандары келіп, екі команда да басқа қарсыластарын жеңіп, финалда СССР мен Венгрия ватерполистері кездесіп, олимпиада алтыны үшін шайқасатын болды. Венгрлер өз еліндегі көтерілісті күшпен басқан советтерге өз бойларында қыпшақтардың қаны бар – Мадиярлар екенін көрсетеміз деп шешті. Кездесуге дейін мадияр ойыншылары осындай рухта шетел журналистеріне сұхбат берумен болды.

Екі елдің кездесуін ұйымдастырушылар үлкен шоуға айналдырды.Хоккейден СССР мен Канаданың кездесуіндегі мұз үстіндегі қырғын төбелесті көріп үйренген көрермендер енді су ішіндегі төбелесті көргісі келіп, 3-4 доллар тұратын билет құны 10 есе қымбат баға 30-40 долларға сатылғанына қарамастан бәрін бір мезетте сатып алды. Трибуналар адамдарды әрең көтеріп тұрды, 2000 адамға арналған жабық стадионға 8000 көрермен сыйып кетті, олардың көбі шетелдегі венгр эмигранттары еді.

Ойын басталғаннан жанкүйерлер мадиярларды қолдап отырды, мадиярлар да өздерінің мықтылығын көрсетіп, советтер қақпасына 4 доп салды, ойын аяқталуға жақын қалғанда есеп 4:0 болып ұтылып жатқан совет командасының ойыншысы Валентин Прокопов пен Эрвин Зодар төбелесіп қалды, судья ысқырығына қарай бергенде Прокопов Зодарды көзінен жұдырықпен ұрып жіберді. Оған жауап ретінде венгр шабуылдаушысы Деже Мшверниерадзенің мұрнына жұдырықпен қойып қалды. Ойын жалғаса берді, қабағы жарылған Зодар жүзіп өткен жерден қызыл жолақ қан ізін көріп отырған көрермендер орнынан тұрып судьяға Зодардың орнына қосымша ойыншыны қосуын талап етіп, айқай мен ысқырғасын ойынды тоқтатуға мәжбүр болды. Сол кезде мыңдаған көрермен совет ватерполшыларына босаған құтыларын, ірі темір ақшаларын кесек орнына лақтырып, жақын тұрғандары түкіріп бар жаман сөздерін жаудырып тоқтамағасын, полиция ашулы жанкүйерлерді әрең дегенде басты. Бұл кезде матч уақыты да аяқталып, есеп 4:0 есебімен мадиярлар 1956 жылғы Мельбурн олимпиадасының алтын медалін жеңіп алды, СССР құрама командасы қола медальға ие болды.

Венгрияға қайтқанмен алдарында не күтіп тұрғанын білетіндері еліне қайтпай батыс елдерінен баспана сұрап қалып қойды. Эрвин Зодар АҚШ азаматығын алып, атақты жаттықтырушы болды.

Москваға қайтқан совет ватерполшыларына ешқандай құрмет көрсетілген жоқ, төбелеспен аяқталған матчтан хабарсыз совет адамдары Олимпиаданың қола жүлдегерлері неге бұлай елеусіз қалғанын түсіне алған жоқ. Өздеріне тиісті «СССР-ға еңбегі сіңген спортшы» атағы да берілмеді, тек арада 46 жыл өткесін 2001 жылы ғана осы атақ пен төсбелгісін алды, ол тек «РФ-на еңбегі сіңген спортшы» деп аталады. Осы тарихи матч туралы 2002 жылы арнайы хабар ұйымдастырылып, екі жақтың ойыншылары кездесіп, оларды қырық-пышақ қылған ел СССР ыдырап кеткендіктен бір-біріне деген дұшпандық пиғыл жоқ екендігін айтып қол берісіп тарқады. Ия, әлем екі система: капитализм мен социализмге бөлінген кезде талай соғыс болып, талай адамдар қаза тапқан болатын

Суретте: 1) Қабағы жарылған Э.Зодар;

 2) Жабық стадиондағы көрермендер.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: