Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ақмешіт» – «Seitkanov Cup» турнирінің жеңімпазы!

15.05.2023, 16:25 603

Алматы қаласында журналист, футболдан әлем чемпионатын тұңғыш қазақ тілінде сөйлеткен спорт комментаторы Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған футболдан республикалық турнир өз мәресіне жетті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылған доп додасына Сыр өңірінің БАҚ өкілдері де қатысты. Өткен жылы сәл ғана сәттілік жетіспеген қызылордалық «Ақмешіт» командасы биыл топ жарып, бас жүлдені қанжығаға байлады.

Журналистер қауымының басын қосқан бәсекеде «Ақмешіт» командасына арнайы кубок пен 500 мың теңгенің сертификаты берілді. Ал екінші орынды місе тұтқан «Қазмедиа» командасы 300 мың теңгеге ие болды. Сондай-ақ, үшінші орын «Атырау Ақпарат» командасына (200 мың теңге) бұйырды. Төртінші орын алған «Спорт журналистері» командасы 100 мың теңгенің сертификатын иеленді.

Одан бөлек үздік ойын өрнегін көрсеткен спортшыларға да арнайы жүлделер табысталды. Аталған турнир алдағы уақытта жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын таппақ. Турнирдің мақсаты – Амангелді Сейтхановты еске алу, есімін ел есінде қалдыру, бұқаралық спортты дамыту, ел аумағындағы БАҚ өкілдерінің шығармашылық әріптестік, сондай-ақ, достық байланысын нығайту.

Айта кетейік, турнирде қызылордалық журналист Әлібек Жарықбаев «Үздік қақпашы», «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Әділбек Жақанов «Үздік ойыншы» атанды.

Қазақ спортының қайрағы атанған Амангелді ағамыздың еске алу турнирі биыл да жоғары деңгейде өтті. Кіл мықтылар жиналған доп бәсекесінде «Ақмешіттің» алтын алуы тек тілшілердің ғана емес, Сыр жұртшылығының абыройы деп білеміз. Осыдан-ақ Қызылорда облысы бұқаралық спортының даму деңгейін көруге болады. Командадағы жігіттердің барлығы жарады, демеу болған азаматтарға мың алғыс! Бұл аймақ атынан сынға түсіп жатқан 5-ші республикалық турнирім екен. Команда құрамына шақырып жүрген Әділбек Жақанов бастаған азаматтарға рақмет! Турнирде барымызды салдық, топтық кезеңнен шығып, қалған үш ойынды да пенальти сериясымен аяқтадық. Әр ойын өте ауыр өтті. Бұйырған кетпейді дейді ғой, бізге алтын бұйырып тұр екен. Келесі жылы да чемпиондықты қорғап қалуға тырысамыз. Оған команда толықтай дайын. Ең бастысы, журналистер қауымына мұндай жарыстар шабыт беріп, кәсіби деңгейімізді шыңдауға ерекше дем береді. Турнир жылда жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді. Жеңісті күндерде жүздескенше, жерлестер! – дейді Әлібек Жарықбаев.

Сырбойылық команда сапында Әділбек Жақанов, Бауыржан Қожамұратов, ағайынды Ержан және Нұржан Батыршаевтар, Асқар Тәжиев, Талант Айымбетов, Алтай Сағындықов, Нұрлыбек Нұрмахан, Әлібек Жарықбаев, Қуаныш Мұстафаев секілді БАҚ өкілдері өнер көрсетті.

Жеңімпаздар өңірлік коммуникациялар орталығына шақырылып, турнир барысындағы қызықты жайттармен бөлісті. Сырбойылық қаламгерлер жарысқа демеушілік жасаған облыс әкім Н.Нәлібаевқа, облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы М.Қазбековаға, Қызылорда әуесқойлар футбол лигасының директоры Е.Жантуғановқа арнайы алғысын айтты. Брифинг барысында келесі айда Қызылорда облысы әкімінің кубогы сарапқа салынатыны сөз болды.

Айта кетейік, қызылордалық қаламгерлер бұған дейін де республикалық турнирлерде топ жарып, жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Бір сәт қаламы мен микрофонын допқа алмастырған журналистер қауымы бұқаралық спортты дамытуға іс жүзінде де өз үлесін қосып жүр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: