Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

300 тонналық пойызды белмен тартатын боламын

24.02.2022, 9:00 704

Алмат  ЖҰМАНОВ, рекордшы:

Қазақта бұла күші бұлқынып, бойына сыймай талай адам өтті. Бірақ, біз алып күшін ақылына бағындыра білген халықпыз. Әйтпесе, Қажымұқан Ұлытау жерінде Балуан Шолақтың күшіне таңғалып «Бар әлемде бұл өнерді көрсететін сіз ғана боларсыз» демес еді. Қоянды жәрмеңкесінде Иманжүсіп (Құтпанұлы) қамшысын үйіре көтеріп Қажымұқанды тартып жібергенде, ол бір ауыз қарсы келмей, ағасын құшағына қыспас еді?! Даңқты балуанның «Иманжүсіп қамшымен тартып қалғанда, мен Қажымұқандығымнан тірі қалдым. Тағы ұрғанда мен өліп кетер едім» деуі – күшті екенін мойындау ғана емес, тәрбиенің де бір көрінісі. Тірісінде Қажымұқан «қазақта менен де күшті адамдар бар» деп мойындап кеткен дейді. Өзгелер осы сөзді айтар ма еді?!

Иә, аты аталған қазақтың марқасқа ұлдары жайлы талай-талай мақала, кітап жазылды, кино түсірілді, есімдері кейінгі буынға да кеңінен насихатталды. Осы күні әлеуметтік желіде Алмат Жұманов атты қазақтың күшіне бүкіл әлем таңғалып жүр. Алмат бала кезінен бастап күрес, жекпе-жек, самбо  секілді  спорт  түрлеріне  қатысқан. Ел  арасында «Qazaq Titan» атанған ол – нағыз қара күштің иесі. Жүк тиелген 100 тонна  9 келілік вагонды 8,5 метрге сүйреген оның бұл жетістігін Гиннестің рекордтар кітабы мойындаған. Біз рекордшымен хабарласып, қысқа-нұсқа сұхбат ұйымдастырған едік.

– «Qazaq Titan» деген атқа қалай ие болдыңыз?

– Жалпы, титан – ең мықты темір. Мен – қазақтың мықты темірімін. Негізі, қазақтың бәрі мықты! Сондай-ақ, бастауыш сыныпты бітіріп, 5-сыныпқа барған кезде күресте қолым сынып, дәл осы металдың бір бөлігін терімнің ішіне салған еді. Осы жағдай да «Қазақ титаны» атануыма себеп болды. Айтпақшы, мені ел арасында «қазақстандық Халк» деп те атайды.

– Ал, осыншама күшті болуыңыздың себебі неде?

– Менің атам – балуан болған кісі. Шынымды айтсам, бұл күш намыстан және еңбектен пайда болды. Әлеуметтік желілерден шетелдіктердің істеп жатқан небір істерін сіңіріп, өз-өзіме «Неге біздің қолдан келмейді?» деген сұрақ қойдым. Қазақ – мықты халық. Мұны бәріміз айтамыз, бірақ дәлелдеуге тырыспаймыз. Мен аз-аздан үздіксіз жаттығу жұмыстарын жүргіздім. Осылайша, өзімді сынап көрдім. Нәтижесі осындай…

– Әлемді тағы қалай таңғалдыруды жоспарлап отырсыз?

– 300 тонналық пойызды белмен тартып қазақтың атын шығарғым келеді. Осыған дейін 100 тонна 9 келілік пойыз вагонын белмен тартқан едім, мұны әлемде әлі ешкім қайталаған жоқ. Иә, иықпен тартқандар бар, мен белмен тарттым. Сезініп қарасаңыз, бұл екеуі екі бөлек нәрсе.

Сонымен қатар, менің 300 килограмдық түйені көтеріп, үш көлікті сүйрегенімді көпшілік жақсы біледі. Мұны да әлі ешкім қайталай қоймады. Негізі, түйе көтеру қалыпты жайт, сондықтан осындай жаңа әрекетке бардым. Бұл әдісті алғаш рет өзім ойлап таптым және бір айға жуық дайындалдым.

– Ирандық Халк, яғни спортшы Саджад Гариби сізбен жекпе-жекке шығудан бас тартқанын көпшілік біледі деген ойдамын. Бірақ, тағы басқа біреу төбелесуге ниетті екенін әлеуметтік желіде айтыпты ғой…

– Иә, ирандық бас тартты. Бірақ, жазда шығамын дегендей болып жүр. Және Зулузино деген бразилиялық спортшы «Сен нағыз Халк емессің!» деп маған желі арқылы тиісіп, видео жолдапты. Осы жекпе-жек болады деп үміттенемін.

– Қазақ үшін кез келген адаммен жекпе-жекке дайын шығарсыз?

– Қазақ үшін жанымды беремін. Әр қазақ – менің жалғызым!

– Бәрекелді! Қазақтан өткен алып күш иелері туралы қаншалықты білесіз?

– Көбін білемін, әсіресе Қажымұқан атамызды. Ол кісі қазақты әлемге танытты ғой, мен де соны көздеймін. «Болмасаң да ұқсап бақ» деген бар емес пе?!

– Шәкірт тәрбиелеу ойда бар ма?

– Әрине бар. Осындай спорт түрін ашсам, қолдан келгенше қазақ жігіттеріне үйретсем деймін. Қолдаушылар көп, бірақ демеушілер жоқ. Қазақ жігіттерінің намысты болғанын қалаймын.

– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан  Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: