Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жүйелі жұмыстар жоқ емес

22.02.2024, 9:55 413

Кеше Қызылорда қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айдын Әнуар брифинг берді. Ол өткен жылы тұрғын үй құрылысына 11 404,3 млн. теңге, инженерлік жүйелер жүргізуге 6 805,0 млн. теңге, сумен жабдықтауға 4 159,8 млн. теңге, спорт объектілерін дамытуға 514,5 млн. теңге, газ тасымалдау жүйесін дамыту мақсатында 724,4 млн. теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылғанын сөз етті.

Мәселен, Талсуат және Қарауылтөбе елдімекендеріндегі 150 орындық клуб, Тасбөгет кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Ақсуат, Қосшыңырау ауылдық округтері көгілдір отынға қосылды. Талдыарал, Ақжарма, Баймұрат елдімекендеріне газ жүйесін жүргізуге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, биыл құрылысын жүргізуге бюджеттік өтінім ұсынылды.

– Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысы қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші артып келеді. Өткен жылы Сол жағалауда 470 пәтерді құрайтын 10 ипотекалық тұрғын үй қабылданды және жаңадан 7 этажды 84 пәтерлі ипотекалық 6 тұрғын үй құрылысы басталды. Осы мөлтек ауданда тағы да 40 пәтерлі бес қабатты 10 тұрғын үй және 84 пәтерлі жеті қабатты 10 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталатын болады. Бұдан бөлек, кезекте тұрған отбасыларға 908 пәтер алынды, – деді Айдын Серікұлы.

Бұдан бөлек, «Инженерлік инфрақұрылымды дамыту» бағдарламасы аясында Жас Алаш және Теректі көшелері, Орбита, Эдельвейс аумақтары, Еңбек, Болашақ бау-бақша саяжайларына барлығы 51,9 км ауыз су жүйесі жүргізілді. Бәйтерек тұрғын ауданындағы тұрғын секторларына ұңғымалар бұрғылау мен су жинағыш салу жобасы халық игілігіне пайдалануға берілді. Досан, Абай, Бірқазан елді мекендеріндегі көшелерге, Тасбөгет кентіне, Сабалақ саяжайына, Қарауылтөбе а/о қарасты кіре беріс жолдың бойында орналасқан жаңа қоныс аумағына, Сарысу, Шорғазы көшелеріне малтатас жол төселді.

Келесі, ауқымды жобаның бірі – аймақ басшысының қолдауымен Қорқыт Ата аэропорты терминалы демеушілік тарапынан салынуда. Осы терминал өткен жылы барлық инженерлік жүйелермен қамтылды. Ал биыл әуежай аумағын абаттандыру жұмыстары бастау алды.

– Биыл атқарылатын жобаларға тоқталып өтсем. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Ақсуат ауылдық округіне қарасты жаңа қоныс аумағы, Досан, Қызылжарма, Айнакөл, Қараөзек елдімекендері мен Қараөзек бекетіне электр желісі жүргізілетін болады. Ал, инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында «Бәйтерек» ықшам ауданындағы тұрғын үйлер газбен және сумен жабдықтау жобасы бюджетке ұсынылды. Белкөл кентіндегі Жерұйық, Сарыарқа, Бірлік көшелері, Жас Алаш және Теректі, Сарысу көшелеріне электр желісі жүргізіледі. Сарысу көшесінде ауыз су құрылысы және Қызылжарма аумағындағы 1, 2, 3 ауданында тас жол құрылысы жүргізіледі. «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы негізінде қаланың орталық бөлігінің кәріз желілері қайта жаңғыртылады. Универсам, Шымбай аумағында сумен жабдықтау және су бұру желісін қайта жаңғырту жобасы аяқталатын болады. Құрылысы 2023 жылы басталған «Қызылорда қаласында ағын суларды тазарту қуаты тәулігіне 70,0 мың м3 биологиялық тазарту станциясын жаңарту және автоматтандыру» жобасы аяқталады. Нәтижесінде Титов тұрғын ауданындағы жағымсыз иіс азаятын болады, – деп қорытындылады бөлім басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: