Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалағаш аудандық мәслихаттың жаңа құрамы жұмысын бастады

31.03.2023, 10:00 489

HALYQLINE.KZ Кеше аудандық мәслихаттың VIII шақырылымының алғашқы сессиясы өтіп, депутаттар мандат алып, қызметіне кірісті. Сессияға аудан әкімі Асқарбек Есжанов, бөлім, мекеме басшылары, құқық қорғау органдары басшылары, ардагерлер кеңесінің төрағасы, кент және ауылдық округі әкімдері қатысты. Жиында аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Дүйсембиев сайлау қорытындысын жариялап, нәтижесі бойынша жаңадан сайланған депутаттарға куәлік пен төсбелгі табыстады.

Еске салсақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауында аудандағы 20434 сайлаушылардың 79,4 пайызы дауыс берген болатын.Ауданда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына 12 мандат берілсе, оның 10 мандатын «AMANAT» партиясы, 1 мандатын «Ауыл» партиясы, 1 мандатын «Ақ жол» партиясы иеленді. Сессияда депутаттардың бірауыздан дауыс беру нәтижесімен мәслихат төрағасы болып Өмірзақ Елеусінов сайланды. Аудан әкімі осыған дейін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қызметін атқарып келген Өмірзақ Тұрымбетұлының білікті басшы, ұйымдастырушы ретінде ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына зор үлес қосатынына сенім білдірді. Асқарбек Темірбекұлы жаңадан сайланған депутаттарды құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

«2023 жылғы 29 наурыз күні Мемлекет басшысы VІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында елді дамытуға бағытталған сегіз басымдықты айқындап берді. Біздің де алдымызда Өздеріңізбен бірлескен нақты міндеттер бар. Кешегі өткен саяси науқанда сайлау жүйесіндегі ерекшеліктерге сәйкес көппартиялықты дамытуға, азаматтардың еліміздің қоғамдық-саяси өміріне қатысу аясын кеңейтуге басымдық берілді. Сайлау қорытындысы бойынша ауданда 3 партия өкілдері мәслихаттарда 12 мандат иеленді. VІІІ шақырылымдағы аудандық мәслихат білім және ғылым, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, азаматтық қоғам, мәдениет және спорт саласының өкілдерінен құралды», – деді Асқарбек Темірбекұлы.

Әрі қарай аудан әкімі VII шақырылған Жалағаш аудандық мәслихатының депутаттарына алғыс білдірді.VII шақырылған Жалағаш аудандық мәслихатының депутаттары 2021 жылдың 15 қаңтарынан бастап өз жұмыстарын атқарды. Екі жыл ішінде мәслихаттың 8 – кезекті, 24 – кезектен тыс, барлығы 32 сессиясы өткізіліп, 222 мәселе қаралды және тиісті шешімдер қабылданды.

Асқарбек Темірбекұлы халық қалаулыларының әрқайсысы сайлаушылардың мүддесін қорғай отырып, өкілетті органдардың жұмысына үлес қосып, билік пен халық арасында алтын көпір болғанын ерекше атап өтті.

Сондай-ақ, ауданның әлеуметтік – экономикасына қосқан үлестеріне, маңызды мәселелердің оңтайлы шешілуіне ықпал жасағандары үшін аудан халқының атынан зор алғысы мен ризашылығын білдірді.

Қорытындылай келе, аудан әкімі VIII шақырылымдағы мәслихат депутаттарын үлкен саяси науқандағы жеңістерімен құттықтай отырып, ауданның өсіп-өркендеуі жолында, маңызды мәселелерді ел игілігі үшін тиімді шешу мақсатында бірлесіп жұмыс істеуге, елді мекендердегі экономикалық жағдай мен халықтың әлеуметтік тұрмысын одан әрі жақсарту бағытындағы ұсыныстар білдіруге және сайлаушылардың сенімін ақтау бағытында жаңа табыстарға жете беруге тілектестік білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: