Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаһандану сценарийі

14.04.2022, 11:00 961

Жаһандану! Бұл сөзді алғаш америкалық экономист Стивен Левитт енгізді. Дәлірек айтқанда, 1983 жылы жаһанда саяси, экономикалық, мәдени, ақпараттық тұтасу үрдісі жүретінін болжаған еді. Содан бері жаһандануға үрке қарайтындар да, қолдайтындар да бар.

Негізі  «глобализация»  сөзінің  қолданысқа  енгеніне 30-40  жылдай  болса да, жер-жаһанға әмірін жүргізуге деген құлық-құлшыныс ерте замандардан байқалады. Батыстан шығысқа жорық жасаған Македонский, шығыстан батысқа атойлаған Шыңғысханның түпкі мақсаты тұтас құрлыққа билігін жүргізіп, үстемдік ету болды. Яғни жаһандану – атақты жаһанқұмарлардың заманауи жетілген түрі.

Тақырыптың  басын  ашып  алайық, ғаламдануға  кімдер мүдделі, кімдерге  қолайлы?

Батыстың статистикасына сүйенсек, әлем экономикасына ірі 500  концерн  күшті ықпал етеді. 200-ге енетін ірі концерн әлемдік  жалпы  ішкі өнімнің үштен біріне ие. Бұл дегеніңіз, өнеркәсіптік  компаниялар,  банк  пен  басқа да  қаржы  мекеме­сін  біріктіретін  қаржылық бірлестіктер жаһанданудың қарқынды жүргенін қалайды.

Енді 500 концерннің елдердегі ара салмағын саралайтын болсақ, АҚШ – 55, Еуропа елдерінде 38 монополистік қаржылық  бірлестік  бар  екен. Яғни  ғаламдық  экономикада АҚШ алпауыттарының салмағы басым. Ресми Вашингтонның даусы өктем естілуінің сыры осында.

Міне, профессор Төлеуғали Қайыржанұлы: «Жаһанданудың  сценарийі американдық үлгіде жүруде. Жаhанданудың мәдени динамикасы «орталық-шет» диллемасы контексінде жүріп жатқаны белгілі. Егерде осы диллема шеңберінде жаһандық мәдениет пен ұлттық мәдениеттің сұхбаттық қатынас­тарын қарайтын болсақ, одан біз міндетті түрде біржақтылық пен үстемдік үлгісінің бар екенін және бұл сұхбаттық қатынастардың біртекті емес екендігін көреміз.

Бұдан шығатын қорытынды – ұлттық, аймақтық мәдениеттердің әзірге, жоғарыда аталған объективтік жағдайларға байланысты жаһандану үрдісінің бас­ты субъектісі бола алмайтындығына сөзім жетеді» деуі­нің мәні осында.

БҰҰ  дерегін­ше,     1960 жылы дамы­ған елдер мен кедей елдер байлығының арасалмағы 13:1 болса, арада жарты ғасыр  өтпей, 2001 жылы бұл көрсеткіш 74:1 құрады.

Сарапшылар  Таяу  Шығыс  пен   Солтүстік   Африка   елдері – Алжир, Ливия, Йемен, Мысыр, Марокко, Бахрейн, Оман, Судан және Кувейтті қамтыған «Араб көктемі», Сирияда­ғы  азаматтық  соғыстың  артында  осы  мүдделі  топ­тардың  тұрғанын  айтады.

Мәселен,  ресейлік  саясаттанушы  Анатолий  Уткин  АҚШ-тың Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы соңғы соғыс­тары, посткеңестік кеңістіктегі «барқыт» және «қызғылт сары» төңкерістердің бір бөлігі екенін алға тартып, АҚШ-тың «жаңа әлемдік тәртіпті» орнату стратегиясы дегенді айтады.

Мұның  артында  байыған  үстіне  байығысы  келетін алпауыттар­дың  мүддесі  тұрғаны  анық.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ

P.S. Батыстың теоретиктері жаһандану арқылы әлемнің тең дамуын қамтамасыз ету, ортақ саяси және экономикалық құрылым орнату сынды ұрандарды алға тартады. Әрі «Еуропалану дамушы елдерде өркениетті өмір салтын орнықтырады» дегенді жақтайды.

Алайда жаһандану өріс алған сайын аштық, кедейшілік, ауру-сырқау басты орынға шығатынын біліп отырмыз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: