Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Украиналық демократия мен ресейлік авторитаризмнің соғысының сабақтары

05.05.2022, 11:40

Әміржан  ҚОСАН,

арнайы   «Халық»  газеті  үшін

Міне, екі айдан астам уақыт бойы­на Украина соғыс отына оранып жатыр. Дүниежүзілік сипат алып бара жатқан бұл қақтығыстың Қазақстан үшін  сабақтары  қандай?

Меніңше, жетпіс күн бойына әлемдік саясаттың күн тәртібінен түспей қойған бұл соғыстың біз ескерер  алты  сабағы  бар.

Біріншіден, халықаралық деңгейде кез келген мемлекеттің өз Тәуелсіз­дігі мен жер тұтастығын қамтамасыз ететін тұрақты да тегеурінді механизм қалыптасқан жоқ! Иә, кешегі Совет Одағы құрамында болып, ядролық қару­дан бас тартқан Украинаға кепіл­дік берген Будапешт келісімшарты бар. Бірақ,  оны  пысқырып жатқан Ресей жоқ! О баста соғысқа жол бермеу үшін құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы секілді ұйымның еш тиімділігі жоқ болып шықты. Сондықтан да, кеш болмай тұрғанда, еліміздің Тәуел­сіздігін қамтамасыз ететін халық­аралық кепілдіктер жүйесін қайтадан қалыптастыру керек: өз қандасы мен туысы Украинаға тұтқиылдан бас салған Ресей басқа ұлттарға келгенде не  істейтінін  бір  Құдай  біледі!

Екіншіден, жасыратын несі бар, 30 жыл бойына жүргізілген сыңаржақ сыртқы саясатымыздың салдарынан біз бүгінде Ресейге бар жағынан тәуел­ді боп қалдық. Рас, жеті жарым мың шақырым ортақ шекарамыз боп тұр­ған кезде біз ол елмен ат құйрығын кесісіп, қоштаса алмаймыз. Құдай берген көршімізбен қарым-қатынасымыз қалыпты, байланысымыз баян­ды болғаны жөн. Бірақ, көршілік пен достық тәуелділікке ұрындырғаны дұрыс па? Сол себепті сыртқы саясаттағы басымдықтарды диверсификациялау міндеті алда тұр. Еуразиялық Одақтағы қарым-қатынастардағы біржақтылықтан да біржолата құтылғанымыз абзал. Әсіресе, дамыған Батыс елдерімен экономикалық ынтымақ­тастықты қайта жандандыру қажет: дипломатияда да тепе-теңдік сақтаған жөн.

Қарап отырсақ, бұл Украина мен Ресей арасындағы соғыс емес. Бұл – мемлекет құру мен сыртқы саясатты жүргізудің бір-біріне кереғар екі түрлі өркениеттік көзқарастың қақтығысы. Ішкі саясатты алсақ, бірінде демократиялық принциптерді ұстанып, президенттері ашық та әділ сайлауларда халық қалауымен ауысып жатса, екіншісінде 22 жыл бойына бас билік Кремльден шыққысы келмейтін бір адамның қолында. Сыртқы саясатты алсақ, бірі дамыған елдермен ынтымақтасуды қалап, жалпыадамзаттық құндылықтарға бет бұрса, екіншісі өзге­нің жеріне көз тігіп, Батыс пен Совет  Одағы арасындағы «қырғиқабақ  соғыс»  дәуірін  қайта  шақыруда.

Осы екі таңдаудың тағдырлы таласы бізге де өз әсерін тигізуде. Өйткені біз де әлі өз өркениеттік таңдауымызды  толық  анықтап  алған  жоқпыз.

Үшіншіден, әскеріміздің әлеуетіне де сын көзімен қарайтын кез келді. Совет дәуірінен қалған әскери стратегия мен тактика, сол кезеңнің мектебі мен тәжірибесі, сол зауыттардан шыққан қару-жарақ, оқ-дәрі, керек десеңіз, сол кәсіби ортаның психологиясы Тәуелсіз Қазақстан қорғаныс жүйесінің болмысын анықтап отыр емес пе?! Тіпті, әскери әуе күштеріміз бір орталыққа қарап қалған. Украинадағы қиян-кескі шайқастар көрсетіп отырғандай, XXI ғасырдағы соғыстың тағдырын жаяу әскер мен танктер емес, технологиялар, яғни дрондар мен «байрақтар» шешіп жатыр: ұрыс жүргізудің өзі интелектуалдық сипат алып барады. Қорғаныс доктринасында дәл осы жайтты да ескерген ләзім. Кезінде НАТО сияқты беделді ұйыммен бірлесе жаттығулар өткізетінбіз. Ол тәжірибе қайда? Әлде Ресейдің ашуын туғызбайық деп, ол саясаттан да біржолата бас тарттық па? Ол қадамымыз кезінде бекітілген «Еуропаға қарай жол» бағдарламасына қарама-қайшы  емес пе?

Төртіншіден, басқа жақты білмей­мін, өзім тұрып жатқан Алматыда қазір Ресейден қоныс аударып жатқан жұрт қаптап жүр. Таяуда жарияланған ресми деректерге сенсек, Қазақстанда 110  мыңнан  астам ресейлік азамат тіркеуден  өтіпті.

Меніңше, көршіміздің осылайша үдере көшуінің екі түрлі салдары бар. Үлкенді-кішілі компаниялар мен қаржылық құрылымдардың Қазақстанға келіп, осында тіркеліп алып, батыс санкцияларын айналып өтуі біздің экономиканы сол Батыс­тың тиісті реакциясына душар етеді. Екінші жайттың миграциялық һәм идеоло­гиялық әсері бар. Онсыз да жұмыс­сыздық жайлаған елімізге мұндай артық жұмыс күші керек пе? Және де қиын сәтте өз Отанын тастап кеткендер ертеңгі күні өздерінің бойындағы неоимпериялық пиғылдарын біздің қоғамға жұқтырмай ма? Несін жасырайық, Ресей пропагандасына уланған  телезомбилер  жетеді  ғой.

Бесіншіден, ішкі саясатта да олқы­лықтар бастан асып жатыр. Әңгіме – ішкі сепаратизмнің алдына алу мен сыртқы арандатуларға төтеп беру тура­лы болып отыр. Иә, мемлекет біршама қарекеттеніп жатқан сияқты. Бірақ, ауыз толтырып айтатындай толайым нәтиже жоқ! Бұл жайттың, әсіресе, солтүстік облыстарға тікелей қатысы бар. Кремльдің неоимперия­лық саясатын ашықтан-ашық насихаттап жатқан ресейлік телеарналар әр қазақтың төріне озып, күндіз-түні сайрап, сарнап жатқан жоқ па? Ол арналарды жауып тастау екі мемлекет арасындағы келісімшарттарға сай болмас, бірақ шовинистік сипаты бар жаңалықтар мен арнайы хабарларын шектеуге болады ғой! Неге осыны қолға алмасқа? Оған қоса, өз ішіміздегі «бесінші колоннаның» қолтығына су бүркіп келе жатқан ресейлік пропагандаға қазақ ұлтының мақсат-мүддесі тұрғысынан лайықты тойтарыс бере алатын біздің БАҚ жүйесі бар ма? Жоқ!  Телеарналардың  бәрі  дерлік ойын-сауық, әзіл-қалжыңға, арзанқол шоуларға бет бұрып, жұртшылықтың назарын мүлдем басқа жаққа аударуда. Ішкі және сыртқы қауіптерді талдап, қарапайым тілмен жұртқа түсіндіріп, ұғындырып жатқан БАҚ жоқтың қасы! Кейде осының бәрін арнайы ойластырылып жасап жатқан идеологиялық диверсия емес пе деп қаласың.

Алтыншы мәселенің Қазақстанның саяси болмысына тікелей қатысы бар. Оның мәнісі мынада. Саясаттану критерийлеріне сай, ортақ проблемалар туындаған кезде авторитарлық жүйелер бір-біріне мұқтаж бола қалады. Әлемдегі катаклизмдер мен дағдарыстар тұсында олар одан сайын ынтамақтаса түседі, бір-біріне қол ұшын беруге асығады.

Сол себепті Кремльдің бүгінгі анти­демократиялық режимімен терезесі тең деңгейде, сабырлы да салиқалы түрде сөйлесе алатын және биліктің бір кезеңдік мүддесінің жолына мемлекеттік мүддені құрбандыққа шалмайтын, шынайы демократиялық, соның ішінде, қазақ секілді мемлекет құраушы әрі құрушы ұлттың сойылын соғып, мақсатын діттейтін, Кремльге бар жағынан тәуелсіз саяси жүйе орна­туымыз  қажет.

Оның үстіне, мәселенің «қастандық теориясына» де қатысы бар. Үшінші дүниежүзілік соғысқа жол ашқан әрі «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» принципін ғаламдық деңгей­ге көтерген Путиннің болаша­ғы – бұлдыр. Инсайдерлерге сенсек, Батыс санкцияларының кесірінен бар капиталы мен мүлкінен айырылып жатқан ресейлік олигархтар оны атуға оқ таба алмай отырған сыңайлы деген сыбыс­тар жиілеп кеткен. Жағдайды түзеу үшін олар кез келген оқыс қадамға баруға дайын. Бір күні не мемле­кеттік төңкеріс ұйымдастырылып, не Кремль қожайынына қастандық жа­салуы  әбден  мүмкін.

Жаман айтпай, жақсы жоқ, ондай төтенше тарихи бетбұрыстарға да біз дайын болуымыз керек. Ол үшін Ресеймен қарым-қатынаста достық пен көршілік сыйластық ұстанымды сақтай отырып, өзіміздің түпкілікті де түбегейлі мүдделерімізді қорғау ісінде мейлінше батыл әрі табанды қимылдаған жөн. Әйтпесе, ымы-жымы бір режимдер бір-бірін құрдымға сүйреп, бір-бірінің  тарихи  сахнадан  біржолата кетуіне  септігін  тигізеді.

Тек қана шынайы демократия­шыл, халық билігіне негізделген, ұлттық қағидаттарға адал саяси жүйе ғана  автор­итарлық әрі басқыншылық саясат жүргізген  көршіге  төтеп бере алады.

Бәлкім, Украинада боп жатқан соғыстың ең басты сабағы да осы болар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: