Астанада бүгін Үкіметтің кезекті отырысы өтеді. Жиында 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралып, республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есеп тыңдалады. Үкімет мүшелері бірінші тоқсандағы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерді саралап, бірқатар салалардағы өсім мен өзекті мәселелерді талқылайды.
Үкімет отырысы аяқталғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады. Онда журналистердің сұрақтарына Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин, Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев жауап береді.
Алдын ала жарияланған деректерге сүйенсек, 2026 жылдың алғашқы үш айында елдегі көтерме сауда көлемі 10 трлн 844,9 млрд теңгені құраған. Бұл көрсеткіште азық-түлік емес тауарлар мен өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдердің үлесі басым. Көтерме сауда құрылымында Алматы қаласы 37,4 пайызбен көш бастап тұр. Одан кейін Атырау облысы 15,2 пайыз, Астана қаласы 14,9 пайыз және Қарағанды облысы 5,1 пайыз үлеске ие болған. Ал бөлшек сауда көлемі 5 трлн 202,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,8 пайызға артқан.
Сауда саласындағы серпін бөлшек сауда сегментінен де байқалады. Сауда кәсіпорындарының тауар өткізу көлемі 2 пайызға ұлғайса, дара кәсіпкерлердің, соның ішінде базарларда сауда жасайтындардың көрсеткіші 1,6 пайызға өскен. Бұл ішкі нарықтағы тұтынушылық белсенділіктің сақталып отырғанын аңғартады.
Ауыл шаруашылығы бағытында да оң өзгерістер бар. 2026 жылғы қаңтар-наурызда шаруашылықтарда тірідей салмақта союға өткізілген мал мен құс көлемі 3,4 пайызға көбейген. Сонымен қатар сиыр сүтінің өндірісі 3,6 пайызға, ал тауық жұмыртқасының көлемі 9,5 пайызға артқан.
Байланыс және телекоммуникация саласында нақты көлем индексі 103,9 пайызды құраған. Жалпы көлемде интернет қызметтері, ұялы байланыс және өзге де телекоммуникациялық қызмет түрлері негізгі үлеске ие. Наурыз айындағы мәлімет бойынша, елде ұялы байланыс абоненттерінің саны 27 млн 349,5 мыңға жеткен. Оның ішінде интернетке қолжетімді ұялы байланыс абоненттері 17 млн 849,1 мың болған. Тіркелген интернет абоненттері 3 млн 343,1 мыңды, ал тіркелген телефон желілерінің саны 2 млн 109,2 мыңды құраған.
Көлік саласындағы көрсеткіштер де назардан тыс қалмайды. Бірінші тоқсанда теміржол арқылы 90,7 млн тонна жүк және 4,7 млн жолаушы тасымалданған. Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау 20,4 пайызға, ал жолаушылар тасымалы 9,5 пайызға өскен. Әуе көлігімен 3,4 млн адам сапар шеккен. Тек теңіз көлігімен тасымалданған жүк көлемі 1 млн 9 мың тонна болып, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 1,1 пайызға төмендеген.
Осылайша, бүгінгі Үкімет отырысында ел экономикасының бірінші тоқсандағы нақты беталысы жан-жақты сараланып, бюджеттің орындалу барысы мен негізгі салалардағы динамикаға баға беріледі. Жиын қорытындысы бойынша алдағы кезеңге арналған міндеттер нақтыланып, салалық ведомстволардың ұстанымы жария етіледі.
Коллаж: Kazinform
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!