Мемлекет басшысының жарлықтарымен Қазақстанның Малайзия және Грузиядағы елшілері ауысты.
Мәлік Кеңесбайұлы Мырзалин Қазақстанның Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. Осыған байланысты ол Қазақстанның Грузиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды.
Мәлік Мырзалин 1971 жылы туған. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген. Еңбек жолын Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде бастап, дипломатиялық және мемлекеттік қызметте бірқатар лауазым атқарған. 2022 жылдың желтоқсанынан бері Қазақстанның Грузиядағы елшісі қызметін атқарып келді.
Ал Қазақстанның Грузиядағы жаңа Төтенше және Өкілетті Елшісі болып Талғат Мұбарақұлы Адуов тағайындалды.
Талғат Адуов 1976 жылы туған. Ыстанбұлдағы Мармара университетінде экономика мамандығы бойынша білім алған. Әр жылдары Сыртқы істер министрлігінде дипломатиялық қызмет атқарып, Президент Әкімшілігінде, Премьер-министр кеңсесінде және «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясында жұмыс істеген. 2022 жылдан Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы бас хатшысының орынбасары қызметін атқарған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жарлығымен Болат Болатұлы Сүгірбаев Қазақстанның Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды. Ол Қазақстанның Бруней-Даруссаламдағы елшісі қызметін де қоса атқарып келген.
Болат Сүгірбаев Қазақстанның Малайзиядағы елшісі қызметіне 2021 жылғы ақпанда тағайындалған еді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!