Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдария өзеніндегі су деңгейі бақылауда

17.12.2023, 23:00 342

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қызылорда су торабынан» бастап дария бойын аралап, су деңгейін көрді. Осы жерде су шаруашылығы, төтенше жағдай салалары мамандарымен кеңесіп, төтенше жағдайлар департаментінің арнайы техникаларының дайындығымен танысты.

«Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Зейнулла Қазтоғанов «Нарын-Сырдария» каскадындағы су шаруашылығы жағдайы, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев Сырдария өзенімен келуі ықтимал мол суды қабылдау туралы баяндады. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Бәкіров өңірдегі су тасқынының алдын алуға бвғытталған жұмыстар туралы айтты. «Казгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының гидрометеорологиялық мониторинг бөлімінің басшысы алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын хабарлады.

Баяндамашылардың айтуынша, қазір «Шардара» су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 400 текше метр су жіберілуде. «Қызылорда су торабынан» секундына 235 текше метр су өтуде. Арал ауданы мен Қызылорда қаласы аумағындағы өзен арнасында мұз толықтай ұстасқан. Шиелі ауданында мұз 80 пайызға ұстасқан, Жаңақорған ауданы аумағында 15 пайызға күр жүруде. «Қазгидромет» филиалының мәліметіне қарағанда, желтоқсан айының 17, 18-і күндері облыс аумағында ауа температурасы күндіз 0-ден -5, түнде -5 пен -10 аралығында. Желтоқсанның 19, 20-сында ауа райы күндіз -3-тен +5, түнде -3 тен -8-ге дейін суық болады деп болжануда.

Жалпы, облыс аумағында 29 ықтимал су басу аймағы анықталған. Бұл аймақтарға қала және аудан әкімдіктері 364 арнайы техника және 1 102 адам күші бар 116 жауапты мекемені бекітті. «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамымен жасалған келісім-шартқа сәйкес 1 тікұшақ дайындыққа келтірілген. 2024 жылға мұз жаруға және қап алуға облыс бюджетінен 14,8 млн. теңге бөлінді. Қала және аудан әкімдіктерінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, су тасқынына қарсы пайдаланылатын материалдық-техникалық қорда 117,9 тонна жанар-жағар май және 139 902 дана қап сақтаулы. Сондай-ақ, 17 710 бау қамыс, 5 865 дана пашын және 2 381 дана қарабура мен т.б. қажетті материалдар қоры жасақталған. Қажет болған жағдайда тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру үшін 59 жинақтау және 69 қабылдау эвакуациялық пункті дайын.

Аймақ басшысы өзендегі жағдайды күнделікті бақылауда ұстап, тиісті дайындық жұмыстарын қолға алуды тапсырды. Су жағдайын ескеріп, алдағы көктемде егілетін егін көлемін қазірден бастап тиімді жоспарлау қажет.

«Биыл су қоймаларында су көлемі төмендегендіктен, қазірден бастап мүмкіндігінше арналарды толтырып алу керек. Өңір шаруаларының негізгі кәсібі болғандықтан және экологиялық жағдайды ескеріп, күріш көлемін күрт азайтуға болмайды. Дегенмен, егіс алқабын кезең-кезеңмен қысқартып, суды аз қажет ететін дақылдар көлемін ұлғайту керек. Күріш егетін шаруашылықтарға алдын-ала ескертіп, бекітілген лимитті сақтау, талаптарды қатаң ұстап, суды үнемдеу технологияларын қолданатын шаруа қожалықтарын қолдау маңызды. Ең бастысы, суды әділдікпен үлестіруді тапсырамын», – деді аймақ басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: