Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр өңірінде құрылысшылар күніне орай бірнеше ірі нысанның іргетасы қаланды

11.08.2022, 16:45 411

HALYQLINE.KZ Сыр елі – құрылыс саласы қарқынды дамыған өңір. Соңғы жылдары Қызылорда қаласының өзінде 12 шағын аудан бой көтеріп, 270 көпқабатты тұрғын үй салынған. 7000-ға жуық азамат жаңа пәтерге ие болып, қоныс тойын тойлаған. Ал, бүгін құрылысшылар күнін қарсаңында қызылордалықтар үшін тағы 3 нысанның іргетасы қаланды. Сондай-ақ, Қармақшы ауданындағы Төретам кенті және Ақай ауылында, Арал ауданындағы Сексеуіл кентінде ауыл ішілік газ құбырын тарту және Шиелі ауданына қарасты Тартоғай елді мекенінде автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы басталды.

Енді Сыр өңірінде отбасылық өмірге қадам жасаған жастар заманауи үлгідегі неке сарайында отбасы атанады.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жас жұбайлардың киелі шаңырағына айналатын «Неке сарайының» Халықаралық жастар күні аясында бой көтеруінің символикалық мәні бар деді.

Бір қуантарлығы, аймағымызда демографиялық өсім жылдан-жылға жақсарып, шаңырақ көтерген жастардың қатары артып келеді. Биылғы жылдың 6 айында 2276 жұп некеге тұрып, отбасылық өмірге қадам басты.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бақытты әрі берік шаңырақ – еліміздің игілігі мен өркендеуінің кепілі. Мықты отбасы – мықты мемлекет» деп отбасы құндылығының маңызды екенін жеткізді.

Келешекте неке сарайында отбасы құндылықтарын дәріптейтін әлеуметтік-мәдени іс-шаралар да тұрақты түрде өткізілетін болады, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Сондай-ақ, бүгін өнерлі өлкеде 1000 келушіге арналған жаңа өнер сарайының алғашқы кірпіші қаланды. Құны 3,7 млрд.теңгені құрайтын екі қабатты өнер сарайының құрылысы бір жарым жылда салынып бітеді. Ғимаратта симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар мен түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі.

Сырдың сол жағалауында тағы бір әлеуметтік нысанның іргетасы қаланды. Құны 2,7 млрд. теңгені құрайтын «Қан орталығы» жылына қан мен оның компоненттерін донациялау көрсеткішін 500-ден 10 мыңға дейінгі жеткізеді. Орталық өңір халқына сапалы қызмет көрсетіп, тұрғындардың денсаулығын арттыруға мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ, сол жағалауда қасбеттері заманауи талаптарға сай келетін 7-9 қабатты тұрғын үй, физика-математикалық мектеп ғимараты бой көтермек. Ал, балалар жылына тарту ретінде Оқушылар сарайы салынады.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев аз уақыттың ішінде өңірге қомақты инвестиция тартылып, демеушілер есебінен жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік болғанын жеткізді.

– Біз әрдайым жерлестеріміздің талап-тілектерін, ұсыныстарын ескеруге дайынбыз. Облыс әкімі қызметіне тағайындалғаннан бастап, халықпен кездескен әр сәтте аймақта заманауи сәулеттік үлгідегі жаңа нысандарды салуға уәде еттік.

Туған жердің дамуына шынайы жанашырлықпен қарайтын меценат азаматтарды ортақ іске біріктіріп, құны 45 млрд теңгені құрайтын, 391 нысанға жоба әзірледік. Келесі жылдан бастап бұл жобалар іске аса бастайды. Аз уақыттың ішінде, өңірге 20 млрд.теңге инвестиция тартылды.

Осы игілікті істердің нәтижесінде бүгін бірнеше нысанның іргетасын қалау рәсіміне жерлестеріміз куә болды, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Аймақта Болат Өтемұратов қорымен бірге 11 млрд теңгені құрайтын заманауи жолаушылар терминалының құрылысын басталып, 2024 жылы ел игілігіне берілмек. Сондай-ақ, қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жаңа жылу электр станциясын салынбақ.

Бүгін өңірдегі шағын аудандардың бірі – “Бәйтеректе” жаңа су жинағыш құрылғы құрылысын бастау рәсімі де өтті.

Құны 1 млрд теңгеден астам жоба «Бәйтерек» тұрғын ауданында орналасқан жеке тұрғын үйлерді тұрақты қысымда  сапалы ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді. Жоба аясында 7 дана ұңғыма бұрғыланып, 3 дана резервуар салынатын болады.

Айта кетейік, Қызылордада құрылысшылар күні мерекесі гала-концертпен қорытындыланды. Өз саласының нағыз шеберлеріне арнайы төсбелгілер мен марапаттар табысталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: