Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Су үнемдейтін озық технологияны енгізуді жеделдету керек

11.02.2024, 21:30 581

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға арналған мәжілісте агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемді пайдалану туралы айтты.

«Мемлекет тарапынан жыл сайын аграрлық саланы қолдауға қомақты қаржы бөлініп, ауыл шаруашылығы қарқынды дамуда. Дегенмен, су тапшылығы жылдан-жылға күрделі мәселеге айналып барады. Оны Мемлекет басшысы да атап өтті. Сондықтан, егіс алқаптарын әртараптандыру үшін негізгі дақыл – күріш көлемін біртіндеп тұрақтандырып, суды аз қажет ететін майлы, жемшөп және бақша дақылдары егісін көбейтуіміз қажет. Жыл сайын ауыл шаруашылығы құрылымдары күріш көлемін ұлғайтудан бас тартпай, әртараптандыруға мән бермей келеді. Биыл оған жол берілмеуі керек. Себебі, біз алдағы 5 жылда күріш алқаптарын 89 мың гектардан 72,2 мың гектарға дейін қысқартамыз. Орнына майлы дақылдар егісін 5,8 мың гектарға, мал азықтық дақылдарды 78 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемін 23,4 мың гектарға жеткізу жоспарлануда», – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, суды үнемдейтін озық технологияны енгізуді жеделдетіп, оны қолдану аясын алдағы 5 жылда 24,2 мың гектарға жеткізу міндеті қойылды. Бүгінде осы технологиямен 9 мың гектарға жүгері және мал азықтық дақылдар егу бағытында инвестициялық жобалар белгіленуде. Қала және аудан әкімдеріне осы жобаларды сүйемелдеу арқылы нақты іске асырылуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Суды бөлу мен есепке алудың заманауи жүйелерін автоматтандыруды өндіріске енгізу су шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Австралиялық «Rubicon water» компаниясының «Сол жағалау магистралды каналының бойындағы ішкі шаруашылық және тарту жүйелерін жаңғырту мен автоматтандыру» тәжірибесін енгізу бойынша жұмыстар басталды.

Су үнемдеудің негізгі жолы – жерді нөлдік лазерлік тегістеу. Бұл жұмысты ірі шаруашылықтар қолға алғанмен, ұсақ шаруашылықтар әлі де кіріспеген. Өзен суымен қатар жерасты суын да егістікке пайдаланудың жолдарын қарастыру керек. Бұл ретте, Түркістан облысының тәжірибесін өндіріске енгізу мақсатында өңірдегі жерасты суы қоры зерттелмек.

Мемлекет басшысының жалпы өнім көлемін 2 есе арттыру міндетін орындауда биыл «Ауыл аманаты» және «Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесі негізінде жеңілдетілген несие беру» бағдарламалары бойынша қаржы қаралды. Бұл қаржы өңірдегі ауыл шаруашылығы жобаларын іске асыруға бағытталған. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, инвестициялық жобаларды тез арада нақтылап, 15 күн ішінде ұсыныс беру тапсырылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: