Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шәменов кент тұрғындарымен кездесті

17.05.2022, 9:25 533

HALYQLINE.KZ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдер жыл көлемінде халықпен кездесулер өткізеді. Жиындарда халықты толғандыратын өзекті мәселелер тыңдалады.

Кеше қала әкімі Асылбек Шаменов шаһардың былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен биылға жоспарланған міндеттер туралы таныстырылымды жаңа форматта өткізіп, Тасбөгет кентінің тұрғындарымен жүздесті.

Сәбира Майқанова атындағы мәдениет үйіне жиналған тұрғындарға алдымен жүргізілген жұмыстар мен жоспарлар жайы арнайы әзірленген бейнеролик арқылы таныстырылды. Қазақстандағы жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары баяндалып, тасбөгеттік ағайынның сауал-ұсыныстары тыңдалды.

Кездесуге жиналған тұрғындардың басым бөлігі инфрақұрылым, кентті дамыту, оның әлеуетін арттыру жөнінде өтініштері мен пікірлерін айтты. 31 мыңнан астам халқы бар елді мекендегі күрделі мәселелердің бірі – апатты деп танылған үйлерде тұрып жатқан отбасыларды жаңа баспанамен қамту. Асылбек Өмірбекұлы бұл жағдайда жұмысты тиімді әрі ұтымды ұйымдастырып, тиісті сала басшыларына нақты шараларды қолға алуды тапсырды.

Кездесуден кейін қала әкімі тұрғындарды жеке қабылдады. Қабылдауда ардагерлердің бірі кент жанындағы қорымды қоршауға алуды, оған баратын жолды жөндеп беруді сұрады. Шаһар басшысы аталған мәселеге орай құжаттар рәсімделіп, қажетті қаражат бөлінетіндігін жеткізді. Аталған ұсыныс бойынша қорым басына арнайы барды. Осы жерде кент әкімі мен жауапты сала басшысына бірқатар тапсырмалар берді.

Ал, Белкөл кентінің тұрғындарымен жүздесуде жұртшылық көшелердің жөнделуін, медициналық қалдықтар өртелетін орынды басқа аумаққа көшіруді, маршрутты автобустардың қатарын көбейтуді сұрады.

– Халықтың көтеріп отырған мәселелері өте орынды. Біз бұл ұсыныстардың барлығын ескереміз. Өздеріңізбен келісе отырып, тиісті шараларды қабылдаймыз,-деді шаһар басшысы.

Елді мекенге жаңа мәдениет үйі керек. Өйткені мәдени-көпшілік іс-шаралар ескі клуб ғимаратында өткізіліп келеді. Адам сыйымдылығы да аз, тиісті талаптарға сәйкес келмейді. Қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы бұл мәселені білетіндігін, оның құрылысына қатысты республикалық бюджетке өтінім жолданатындығын айтты.

Кездесуде шаһар басшысы тұрғындарға сайланған кенттің жаңа әкімін таныстырып, оған халықпен тығыз байланыс орнатуды жүктеді. Жаңа әкім белкөлдіктерге жақсы таныс, кент әкімдігінде ұзақ жылдардан бері қызмет етіп келеді.

Жаңа форматтағы жүздесу соңында тұрғындар қала әкімінің жұмысына сәттілік тілеп, мұндай жиындардың жиі өткенін қалайтындықтарын білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: