Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сенатордың солтүстік аудандардағы сапары

07.08.2020, 10:46 599

HALYQLINE.KZ

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлының облыстың солтүстік аудандарына жасаған іссапары тұтас екі тәулікті қамтыды. Қазалыдағы сапарын «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысудан бастаған сенатор бірқатар нысандарды аралады.

Қазалы ауданында «Жол картасы» бағдарламасымен құны 3 млрд 11 млн 89 мың теңге болатын 42 жоба іске асырылып жатқаны көпшілікке жақсы мәлім. Мұрат Бақтиярұлына аталған бағдарлама бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Әліби Әбиев пен аудандық мәслихат хатшысы Күнтілес Назымбеков кең көлемде таныстырды.

Сапар барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы ақиық ақын С.Сейфуллин атындағы №165, Жанқожа батыр атындағы №70 мектеп, «Ақбота» балабақшасы, Қазалы қаласындағы №17 мектеп, Ғ.Мұратбаев ауылындағы «Балдәурен» балабақшасының ғимараттарына жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын, Әйтеке би кентіндегі қайта жаңғыртудан өтіп жатқан М.Ғабдуллин көшесін, Ғ.Мұратбаев ауылын газдандыру барысын көріп, өз бағасын берді.

– Қызылорда облысындағы іргелі аудан Қазалыға «Жол картасы» бағдарламасы арқылы қомақты қаржы бөлінген. Негізгі мақсат – жол, мектеп, аурухана, емхана, мәдениет үйлерін ағымдағы және күрделі жөндеу, аулалар мен елді мекендерді абаттандыру сияқты жұмыстарды іске асыра отырып, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықты жұмыспен қамту болып табылады. Мемлекет тарапынан қолдау болған соң атқарылатын жұмыстардың сапасы жақсы болу қажет. Аудан басшылары жұмыстардың сапалы жүруіне үнемі бақылау жүргізіп отырады екен. Сондықтан да атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы жақсы, – деді Мұрат Бақтиярұлы.

Сенатордың келесі аялдаған нысаны кенттегі темір-бетон зауыты болды. Бұл жердегі пікірлесуде мекеме басшысы Сәбит Өтегенов зауыт өндіретін темір-бетон өнімдеріне сұраныс жоғары екеніне тоқталды.

Түс ауа жұмыс сапарымен Арал ауданына барған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан және өзге де құрылыс жұмыстармен танысты.

Арал қаласындағы №2 мөлтек ауданы аумағынан 1 қабатты 4 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сенат депутаты құрылыс басында болып, қарқынды жүргізіліп жатқан жұмыстарды көзбен көрді. Аталған жобаның қаржысы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» келісімшарт негізінде облыстық бюджет есебінен бөлініп отырғанын, яғни, жаңа баспанаға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кезекте тұрған салымшылар қол жеткізе алатынын айта кеткен жөн.

Сенатор Абай көшесін абаттандыру және қала көшелерінде жүргізіліп жатқан орташа жол жөндеу барысына қанықты. Ағымдағы жылы қаладағы 33 көше орташа жөндеуден өткізіледі.

М.Бақтиярұлы мұнан соң күрделі жөндеуден өтіп жатқан Арал индустриалды-техникалық және Арал көпсалалы колледждеріне барды. Күрделі жөндеу барысында аталған білім беру нысандары заман талабына сәйкес жаңартылып, білім алушылар үшін қолайлы жағдай жасалмақшы. Қос бірдей білім беру нысанындағы құрылыс барысын зерделеген сенат депутаты жөндеу жұмыстарына жауапты мамандар мен колледж директорларына құрылыс сапасының басты назарда болуы қажет екенін қадап айтты.

Ауданның индустриалды аймағында «Qazaq Camel» ЖШС-нің түйе сүтін өңдеп, одан құрғақ сүт өндіретін цехының құрылыс алаңында болған Мұрат Бақтиярұлы мұндағы еңбек ырғағына қызығушылық танытты. Жылына 130 тоннадан астам түйе сүтінен құрғақ қоспалар өндіруге қауқарлы цехтың құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың соңында аяқталады деп жоспарлануда.

Архив ғимаратындағы күрделі жөндеу және бүгінде құрылысы аяқталған аудандық сот ғимаратының аумағын абаттандыру жұмыстарымен танысып, бірқатар құрылыс нысандарын аралаған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы:

– Мемлекет тарапынан ауқымды қаржы бөлініп, маңызы зор нысандарда құрылыс қарқынды жүргізілуде. Бұл бағдарлама негізінде жергілікті жердің тұрғындары жұмыспен қамтылып отыр. Сондай-ақ, ғимараттар да жаңаша кейіпке енеді. Жүргізіліп жатқан жұмыстарға сәттілік тілеймін, барлығы оңынан болсын, – деп тілегін жеткізді.

Сапар соңында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы Арал аудандық мәслихатының кезекті 59-сессиясына қатысады деп күтілуде.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: