Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қоғамдық сананы жаңғырту жобасы

12.10.2020, 10:00 1398

HALYQLINE.KZ

Заманауи саяси тұжырымдардың идеялық негіздерін қалыптастыруда шетелдік және отандық ғалымдардың әлеуметтік-саяси көзқарастары және тұжырымдамаларының рөлі мен орны ерекше. Өз заманында қалыптасқан теориялар оны құрушы ғалымның көзқарастарымен қатар, өз дәуіріндегі әлеуметтік топтар мүдделері мен әлеуметтік-саяси шындықпен ұштасады.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы Қазақстанның үшінші жаңғыруына серпін беретін жаңа идеяларға толы. Әсіресе, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар саласының өкілдері үшін жүктелетін міндеттерге берілген басымдық саладағы көптеген құбылыстарды серпілтіп тастады.

Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев мақалада ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы айтады. Тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың алты бағытын атап өтті. Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап ететін таяу жылдардағы міндеттерді жобалар ретінде жүзеге асыруды ұсынды.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы – бүкіл халқымыздың ортақ тарихын танытқан бағдарламалық құжат. Ұлт көшбасшысы осы еңбегін «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы екендігін түсіндірді. Тұңғыш Президент ұлт тарихындағы кеңістік пен уақытты сараптай келе, Ұлы даланың жеті қырына ерекше тоқталды.

Осы себептерге байланысты біздің институт 2017 жылы «Болашақ» университеті құрылтайшысының қолдауымен «Сананы жаңғырту бағыттарының мәні, мазмұны және түсініктері» тақырыбы бойынша ғылыми-зерттеу жобасын жүргізіп келеді. Аталмыш жоба аясында «Скопус» базасындағы журналдарға, ҚР БҒМ Білім және ғылым сапасын қамтамасыз ету комитеті тізіміндегі журналдарға, шетелдік халықаралық және отандық журналдарға, халықаралық және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарында зерттеу жұмыстарының нәтижелері жарияланып келеді.

2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айқындалған сананы жаңғыртудың бағыттарын жүйелендіру үшін жазылған 9 баспа табақтан тұратын «Сананы жаңғыртудың 6 бағыты: мәні, мазмұны және түсініктері» монографиясы жарық көрді. Бүгінде аталмыш монография үлкен сұранысты иеленіп отыр. Ғылыми монографияның шығуына Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығы және облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қаржылай қолдау көрсеткен болатын. Бұл еңбек 2017 жылдан бастап ғылыми сілтемелердің ресейлік индексі (РИНЦ) базасында индекстеле бастады.

2020-21 оқу жылынан бастап осы жобаны іске асыру барысында әзірленген «Рухани жаңғыру: қоғамдық сана мен тарихи сананы жаңғырту» пәні «Болашақ» университетінің оқу процесіне енді. Ғалымдар арасында тарихи сана түсінігін шартты түрде үш деңгейде қарастыру кеңінен таралған: мифологиялық, идеологиялық және ғылыми-философиялық. Уақыт мифологиялық санада туындайды және көрініс табады. Ұлы даланың мифологиялық материалдары бұл мақсатты толықтай қамтитындығы белгілі. Идеология тарихи сананың мағыналық өзегі болып табылады. Ол қоғам тұтастығының уақыт өлшеміндегі өткені, бүгінгісі мен келешегін қамтамасыз етеді. Ал ғылыми-философиялық деңгей болса, тарихи сананың ұтымды дәйектемелерін құрып, тарихи тәжірибені жиынтықтайды.

Мемлекет басшысы атқа міну мәдениеті, ежелгі металлургия, «Аң стилі» өнері, Алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны құбылыстарына жаңа қырынан қарады. Бұл түсініктердің өзара байланыстарының ерекшеліктеріне тоқталып, ортақ тарихи үдеріс ретінде баға берді. Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарап, ондағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдау қажеттілігі туындап отырғандығы баяндалады. Қазақстандықтардың тарихи санасын жаңғырту үшін бірнеше ірі жобаларды жүзеге асыру қажеттілігі белгілі болды.

Жаңа пәнді әзірлеу және енгізу барысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларынан туындаған мәселелерді теориялық талдауды мақсат еттік. Ұлттық және қоғамдық сана, тарихи сана ұғымдарын түсіндіру, сананы жаңғырту бағыттарының мәні, мазмұны және түсініктерін жүйелеу, қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған жобалар және оның нәтижелерімен таныстыру, Ұлы даланың жеті қыры ретінде көрсетілген түсініктерді талдау, тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған жобалармен таныстыру негізгі міндет болып табылады.

Алдағы уақытта аталмыш пәннің оқу құралын жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз. Жалпы, жоба бойынша алынып жатқан ғылыми нәтижелерді оқу үрдісіне енгізумен қатар, жаңа ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, тың идеялар туғызуға септігін тигізеді деп ойлаймыз. Әсіресе, қалыптасып үлгерген теориялар жетістіктерін толықтай қарастыру жаңа зерттеулерді қажет ететіндігін мойындауымыз қажет. Жоба нәтижелері материалдарын ғылыми айналымға енгізу, оқу үрдісінде кеңінен пайдалану Сыр өңірі студент-жастарының кезекті ізденістеріне әкелетіндігіне толықтай сенімдіміз.

Мұрат  НАСИМОВ,

саяси ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор,

«Болашақ» Ғылыми-зерттеу институтының директоры

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: